astana-view

Чектерді жинап, авто ұтып алды!

2015 жылғы 24 Желтоқсан
9262 просмотров

Астанада «Чектерді жинап, авто ұтып ал!» республикалық науқанының жеңімпаздары анықталды

Акция жеңімпаздарын марапаттау салтанатына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов және Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитетінің төрағасы  Дәулет Ерғожин қатысты. Аталмыш акцияның «Атамекен» ҰКП қолдауымен үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап, 30 қарашаға дейін күллі Қазақстан көлемінде өткенін атап өтейік. Акцияға қатысудың жалғыз шарты тауарды азаматтардың белгіленген мерзімде сатып алғанын растайтын чектерді ұсынуы болды. Чек жинау үш деңгейде жүрді - аудандық, облыстық және республикалық. Мемлекеттік табыс комитеті берген деректерге сүйенсек, ЧЕКтік үндеуге екі миллионнан астам қазақстандық жауап қатқан. Бүгін өткен салтанат барысында Абылай Мырзахметов «науқанның қазақстандықтар үшін ғана емес, кәсіпкерлер үшін де салық мәдениетін көтеру ісінде маңызға ие» екенін атап өтті.

Алдымен 100 мың, 200 мың, 300 мың теңге сомасындағы сертификаттар ойнатылды. Ол үшін барлық чектер шыны барабан ішіне салынып, қазақстандықтардың сауалнамалық деректері жазылған чектерді салтанатты жүргізушілердің көмекшілері алып отырды. Ал бас жүлде - «Shevrolet» жеңіл автокөлігін Шығыс Қазақстан облысынан келген Әлібек Мусин жеңіп алды. Салық төлеуші өзінің жеңіске жеткені жайлы, ШҚО-дағы басқа да қатысушылар сияқты онлайн режимінде ұтыс барысын бақылап отырып, сол сәтте хабардар болды. Жүлде иесі қуанышын жасырмады.

Мемлекеттік табыс комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин жеңімпаздарды құттықтай отырып, науқанның жаңа жылда жалғасын табатынын атады. Ұйымдастырушылар қазірдің өзінде салық төлеушілерді барынша көптеп қамту үшін мобильдік бағдарламалық жасақтама қолдану мүмкіндігін қарастырып жатыр. Өткен науқан нәтижесінде 9008 ЖК және 8255 бақылау-кассалық машина есепке қойылды.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер