astana-view

«Марковна» дүкені

2016 жылғы 06 Қаңтар
- Солтүстік Қазақстан облысы
15940 просмотров

Мамлютка қаласында мамандандырылған азық-түлік дүкені ашылды

Дүкенді жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты, СҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Антонина Севостьянова «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамыту жөніндегі Бірыңғай бағдарламаның қолдау құралдарын қолдана отырып ашқан еді.

Антонина Марциновна кәсіпкерлік қызметпен 1994 жылдан бері айналысып келеді. Қазірде оның үш дүкені бар. Ал қызметін өнеркәсіптік тауарларын, тұрмыстық химия және құрылыс материалдарын бөлшек сатумен бастаған еді. Бизнес-вумен мемлекеттік сатып алуларға қатыса отырып, мемлекеттік білім беру мекемелерімен де жұмыс жасайды, сонымен қатар тұрғын емес үй-жайларды жалға берумен айналысады.

«Жақында қаламызда мамандандырылған азық-түлік дүкенін ашуға бел будым. Онда ет, балық, көкөніс және отандық өндірушілердің сүт өнімдері сияқты жаңа өндірілген, табиғи тауарлар нарықтықтан төмен бағамен ұсынылатын болады. Бірақ ойластырылғанды жүзеге асыру үшін қол астындағы ғимаратта күрделі жөндеу жүргізіп, оны жабдықтап, барлық қажет өнімдерді сатып алу қажет болды. Ал ол үшін, әрине, біраз қаржылай қаражат қажет. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау мөлшері, өңірімізде табыспен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы біле тұрып (ауданда бұл тақырыпта өткізіліп тұратын барлық іс-шараларға қызығушылықпен қатысып отырамын), аудандық Кәсіпкерлікті қолдау орталығынан көмек сұрап жүгіндім», - дейді Антонина Севостьянова.

КҚО консультанттары Антонина Марциновнаға «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының құралдарын қолдануға кеңес беріп, бизнес-жоспарды сауатты түрде жасауға, қажет құжаттар топтамасын дайындауға және мүлікті бағалаудан өткізуге көмектесті.

«Көрсетілген көмектің нәтижесінде кәсіпкер жылдық 14 пайызбен екі кредит алып, оның ішінде 10%-ды мемлекет өтеусіз өтейді. Ол кредиттің бірін негізгі қаражатты толықтыруға, екіншісін – айналымдықты толықтыруға, яғни бизнесін кеңейтуге алды. Антонина Севостьянова алған ақшасына ғимаратты іштен және сыртынан заманауи қайта қалпына келтіруді жүргізді, электр өткізгіштерді, жылу жүйесін ауыстырды, қымбат тұратын мұздатқыш-тоңазытқыш жабдық, витриналар және қажет тауарлар сатып алды», - дейді СҚО КП жергілікті филиалының директоры Нина Василенко.

Дей тұрғанмен, мамлюттіктер тауарлардың сұрыпталымына, оның бағасы мен сапасына ғана емес, барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес келетін өнімдерді сақтау шарттарына да разы болды. Ал бұл аса маңызды, әсіресе, бұл қышқыл сүт және теңіз өнімдеріне қатысты.

«Жаңа алынған сүт өнімін петропавлдық өндіруші «Молсервис» ЖШС тұрақты түрде әкеп тұрады. Жаңа мұздатылған, тұздалған, қақталған балықтың кең сұрыпталымы ұсынылған. Сұраушылар үшін асшаян, кальмар, бахтах, ақсерке де табылады… Сүйсініп жейтін асымыз – жаңғақтар да көп. Осының бәрі қолжетімді бағада», - деп жалғады сөзін бизнес-вумен.

Бір айта кететіні, Антонина Севостьянова кәсіпкерлік қызметпен ғана емес, депутаттық міндеттемелеріне де, СҚО бойынша Іскер әйелдер кеңесінің отырысында қаралатын түйткілдерге де лайықты көңіл бөліп, қоғамдық жұмыспен айналысады.

Жақында ғана солтүстік-қазақстандық делегация құрамында Қазақстан халықтарының ассамблеясы бастамасымен Астана қаласында Дариға Назарбаеваның қатысуымен өткен «Қайырымдылық керуені» ҚХА жалпы ұлттық акциясының қатысушылары, меценаттар мен донорлардың, қайырымдылық ұйымдардың бірінші республикалық съезіне қатысты.

Форумда бір жыл ішіндегі қайырымдылық жұмыстың қорытындысы шығарылып, қатысушылар сөз алғандардың жаңа жылға ұсынған бастамалары мен іс-шараларына қолдау көрсетті, болашақ буынның тәрбиесіне қосқан үлесі үшін, белсенді қайырымдылық қызметі үшін үздіктер марапатталды.

ҚР білім министрінің қайырымдылық хатымен марапатталғандар қатарында жеке кәсіпкеріміз Антонина Севостьянова да бар.

«Форумда Петропавл қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашу жөніндегі өзекті мәселені көртердім. Қалада әлі күнге дейін түзету кабинеті де жоқ. Олар облыстың әрбір ауданында ғана әрекет етеді. Бұл кездесудің барлық қатысушыларын қызығушылығын тудырды, сондықтан да Білім беру министрлігіндегі отырысқа шақырып, онда бөлімдер басшылрының алдында сөз сөйледім. Онда болашақ орталыққа арналған қымбат тұратын жабдықты сатып алуға меценаттарды қалай тарта алғаным жайлы айтып бердім. Сосын балалар түйткілдерімен белсенді түрде айналысып жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Яхянқызы Бәлиевамен жеке әңгімелесіп, ол менің бастамамды толықтай құптады. Ақырында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Петропавл медициналық-психологиялық-педагогикалық орталықтың ашылу мәселесі ерекше бақылауға алынды, облыс орталығымызда көтерілген өзекті түйткілдің оң шешім табуы үшін мүмкіндіктерді зерттеу жөніндегі мамандар тобы тағайындалды. Құқықтық құжаттар 2016 жылдың басында даярланады», - деп бөлісті жетістіктерімен Антонина Марциновна.

Осының бәрі кейіпкеріміздің осал емес екенінен хабар береді. Ол өмірге шағынуды білмейді, себебі бәрінің де өзіне ғана және өмірге деген көзқарасына ғана тәуелді екеніне сенімді.

«Бәрі де өз қолымызда. Өз бақытымызды өзіміз жасаймыз», - деді ешқашан мойымайтын, белсенді әрі мұқтаж жандарға көмекке келуге үнемі дайын Антонина Севостьянова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер