astana-view

Ғани Қасымов: «Ұлы әлеуметтік өзгерістер табалдырығында тұрмыз»

2016 жылғы 11 Қаңтар
15995 просмотров

Кәсіпкерлер құқығын қорғау – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметіндегі басым бағыттардың бірі. «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Ғани Қасымовпен осы жұмыстағы жүйелілік, оның астарлы мағынасы мен ерекше тапсырмалар жайлы сұхбаттастық.

- Ғани Есенгелдіұлы, оқырмандарымыз кәсіпкерлік еркіндігі жолындағы соғыстың «болмыстың мәңгілік санатына» айналып бара жатқанынан үйреніп те қалды. Он, жиырма, тіпті отыз жыл бұрын да бизнесмендер бюрократтардың жасап жүрген кедергілеріне шағымданатын еді. Бүгінде қандай өзгеріс бар?

- Осы функцияларды Палатаға бергенге дейін кәсіпкерлер құқығын қорғаумен ешкім де осынша терең әрі көлемді түрде айналысқан жоқ десем артық болмайды. Бизнес мүддесін қорғау ҰКП‑да ғана жүйелік сипат алды. Кәсіпкерлікті дамытпай отырған базалық құбылыстарды анықтаудан бастадық. Екі жыл ішінде бизнесмендерден 9 мыңнан астам өтініш келіп түсті: 2 600 ҰКП орталық аппаратына, және де шамамен 7 мың өңірлік палаталарға.

Басты түйткіл – бұл заңнаманың жетіспеушіліктерімен шартталған әкімшілік және өзге де кедергілер. Заңнама қызметтің кейбір түрлерін барынша толық қамтуға, барлық қатысушылардың жүріс‑тұрыс қағидаларын жазуға мүмкіндік бермеген кезде «түсініктер ойыны» бастау алады. Бұл деңгейде әдетте түрлі сыбайлас жемқорлық тәсілдері, бопсалау  және т.б. орын алады, оған түрлі мемлекеттік органдар уәкілеттіктерінің кең аясы, әсіресе жергілікті атқару билігі деңгейінде, біршама сеп болады.

Негізінде бұл мәселелердің мәселесі: мемлекеттік бақылаудың объективтік қажеттілігі мен кәсіпкерлік еркіндігі арасындағы тепе‑тең ортаны қалай табуға болады? Экономикалық қызметтің кейбір салаларын шектен тыс реттемелеушілік шенеуніктер озбырлығын тудыратын сияқты болып көрінеді.

- Ал бұл қандай қызмет салаларында ерекше көрініс берген?

- Бірнеше түйткілді аймақ бар. Бірінші кезекте, бұл жер бөлу, жерге орналастыру және сәулет‑жоспарлау жұмыстары және басқаларымен байланысты мәселелер. Бүгінде зауыт, мейрамхана немесе қарапайым газет дүңгіршегі құрылысына жер алу мүмкін болмай отыр. Ал Қазақстан қалалары мен ауылдары ұланғайыр жер ресурстарына ие.

Екінші, бірден‑бір ауыртпалықты мәселе – құрылысқа рұқсат алу. Бұл процедураның өн‑бойы ерекше бюрократияландырылған. Үй құрылысына барлық құжаттарды жинауға кететін уақыт құрылыстың өзіне кететін уақыттан екі есеге асып түседі. Бастысы, шенеуніктермен тікелей байланыстар сыбайлас жемқорлыққа бастайды.

Тағы бір түйткілді аймақ – кедендік ресімдеу. Көптеген кәсіпкерлер кеден органдарының экспорттық‑импорттық операцияларда түрлі нормаларды негізсіз қолдануы немесе тауар құнын анықтаудың қосымша шығынға әкелетін түсініксіз әдістемелерін қолдануына шағымданады. Шығу және кіру, тауарды әкелу және апару процедуралары төңірегінде де даулар аз емес…  Түсіндірулердің екі ұштылығы кеден қызметкерінің кәсіпкерлерді алдап‑арбауына, оны заңсыз әрекеттерге мәжбүрлеуіне мүмкіндік береді. Алайда бұл жерде де бір ескере кететін дүние бар. Жыл сайын мемлекет бюджетіне, ол шамамен 6 триллионнан асып түседі, кеден органдарынан экспорттық операциялардан алынатын алымдар есебінен 1 трлн 300 млрд теңге келіп түседі. Сондықтан да, кеден уәкілеттігіне тексеріс жүргізу мәселесін алға тарта отырып, бұл мән‑жайды да назарға алу керек. Бизнес мүддесі мен бюджет мүддесі арасындағы теңгерімді іздеу керек.

Ең соңғысы, өтініштердің көп бөлігі жергілікті атқару органдарының заңсыз әрекеттеріне деген шағымдармен келеді. Біздегі әкімдіктерде іс жүзінде түрлі рұқсаттарды, лицензияларды және өзге де «индульгенцияларды» сататын түрлі мекемелер қаптап кеткен.

- Мұндай мекемелер ертегідегі аждаһаны еске салады: шабылған басының орнына оны бірдей өсіп шығадыОлармен күресу мүмкін бе, әлде мүмкін емес пе?

- Мұнымен күресуге болады және күресу керек! Күресіп те жүрміз. ҰКП және өңірлік палаталар ұсынысымен 19 қылмыстық іс қозғалды. 39 лауазымды тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 8 шенеунік біздің талап етуімізбен лауазымдарынан айрылды. 

Жалпы, ҰКП қарауында жатқан өтініштердің шамамен 40 пайызынан оң нәтиже шығара алдық деуге болады. 2015 жылдың өзінде шамамен 10 млрд теңге кәсіпкерлер айналымына қайтарылды. Осыған ерекше назар аудартқым келеді – бұл қызметіміздің тікелей экономикалық әсері!

Өкінішке орай, кейбір үкіметтік құрылымдар түсіністік таныта бермейді. Мына мысалды келтірейін. Ұлттық экономика министрінің мектептер, ауруханалар, емханалар, әскери бөлімдердегі үй‑жайды жалдау бағасын ұлғайту туралы №242 бұйрығы. ҰКП‑мен келісілмеген құжат бір сәтте жалгер‑кәсіпкерлерді шығынға ұшыратты. Жалдау ақысының мөлшерлемелері министр бұйрығымен жылына 240 мың теңгеден 9 млн. теңгеге көтерілді! Біз араласқаннан кейін мөлшерлеме қайта есептеліп, 5 млн. теңгеге «түсірілді».

Келесі бір мысал. Кеден қызметі өз бетімен 40 компания үшін бірқатар тапшы тауарларды жеткізуге мемлекет беріп отырған квотаның күшін жойды да, оларды квота әрекет еткен үш жыл ішіндегі жетіспейтін соманы төлеуге мәжбүр етті. Бұл «заңның кері күші жоқ» деген қазақстандық құқық аксиомасына қарамады.

Шенеуніктер бассыздығының осы және басқа да үлгілері Бас прокуратурамен бірге өткізілетін Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің  9 отырысында қаралды.

 

- «Атамекен» ҰКП мен Бас прокуратураның әрекеттестігі жайлы егжей‑тегжейлі айтып бере алмайсыз ба?

- Прокуратурамен серіктестік қатынастардың кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі жұмысқа жүйелік негіз беруге көмектескенін айтсам, өтірік емес. Сонау 2013 жылы ҰКП мен Бас прокуратура ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, осының базасында жоғарыда айтып кеткен тақырыптар төңірегіндегі жұмыстан түратын іс‑шаралар жоспары дайындалды. 2014 жылдың ішінде ғана Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің 8 отырысын өткізіп, оның ішінде екеуі Бас прокуратура алаңында және ӨКП, Бас прокуратураның өңірлік құрылымдарымен бейнеселектор форматында өтті. Ал бір көшпелі отырыс – Ақтөбе облысы прократурасының кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі штабының алаңында.

Бүгінгі күні негізгі жұмыстың өңірлік палаталар, облыстық прокуратуралар мен олардың аумақтық бөлімшелері деңгейінде жүргізілетінін айта кету керек. Бұл мүлдем өзгеше, аса зор әсерін беріп жатыр! Себебі барлық өтініштерді жүйелеумен қатар бизнесмендермен кері байланыс жүруде. Ал өңірлік палаталардағы кәсіпкерлер шағымдары прокурорларға тікелей түседі. Кеңестің жақында ғана 2015 жылғы 9 желтоқсанда өткен отырысында негізгі баяндама ретінде өңірлердегі кәсіпкерлердің әуре‑сарсаңдары айтылатын шағын бейне сюжеттерді даярлағанымыз кездейсоқ емес. Нақты зардап шеккен жанның түрін көргенде оның түйткілін мүлдем басқа қырынан қарай бастайсың. Бұл құрғақ кеңсе баяндамасының кейіпкері емес, бұл тірі адам. Сонымен бірге бейнесюжет селектор бойынша күліл елге көрсетіледі, демек облыстар прокуратуралары да мұны көріп отыр және жауап қатуға мәжбүр болады.

- Өтініштермен жасалатын жүйелік жұмыс жайлы айтып отырсыз. «Жүйелілік» ұғымын тарқатып бересіз бе?

- Бұрын жекелеген шағымдар қаралатын. Оның үстіне оны түрлі мемлекеттік органдар қарайтын. Ешкімді сынға алайын деп отырған жоқпын, бірақ мұндай жұмыс кезекші сипатта болды. Ешкім де бір тұтастыққа назар бұрмады, оларды талдаудан өткізбеді.

Елімізде оның өңірлері деңгейінде жүріп жатқан процестердің қайсысының кәсіпкерлікке жауап қататынын түсінген жоқпыз. ҰКП құрылған сәтінен бастап бизнес құқығына қысым жасау жағдайларын тіркеп қана қоймай, тенденцияларды да анықтай бастады. Бүгінде кәсіпкерлер құқығын қорғау жүйесі заңнамадағы кемшіліктерді және өзге де себептерді анықтауға мүмкіндік береді, осының арқасында бизнес еркіндігіне қысым жасайтын құбылысты байқау мүмкін болып отыр. Бұл заң шығару әлеуетімізді әрекетке енгізуге мүмкіндік береді: Үкімет арқылы немесе парламент депутаттары арқылы заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, не болмаса қызметтің қандай да бір түрін қозғайтын жаңа заңдар туралы мәселені алға тарту. Осылайша, ҰКП бизнеске қатысты заң бұзылу деңгейін төмендету үшін заңнамалық негіз қалайды.

Қазірде, жинақталған тәжірибеге талдау жүргізе отырып, біз, «Атамекен» ҰКП, кәсіпкерлікті қозғайтын қосымша заң актілерін қоса алғанда, барлық заңнамалық актілерді тексеру қажеттігін түсініп отырмыз. Аталмыш жұмыс жалпы ұлттық көлемде жүргізілетін болады. Бірқатар заңнамалық актілерді бүгінгі күннің ақиқатына сәйкес келмейтіндер ретінде күшін жоюды алға тартатын боламыз. Заңнамада таза декларациялық сипаттағы немесе ашық түрде көнеленген заң баптары мен жекелеген қағидалар баршылық – бұл өткен ғасырдың 90 жылдарынан қалған мұра. Сонымен қатар бір‑біріне қайшы келетін, экономиканың нарықтық сипатына және оның құрылымына жауап бермейтін, кейбір қатынастарды толық ашпайтын бірқатар нормалар да бар. Құқық қорғау органдарын өркениеттік талаптарға сәйкестікке келтіру үшін, олардың кең аялы өкілеттіктері жайлы нормаларды тексеру де алда тұр. Жаңа экономикалық нақты жағдай жаңа көзқарасты, жаңа ұстанымдар мен жаңа бағалауды қажет етеді. Сонымен бірге уәкілттілікке ие жандар үшін мұның аса толғақты мәселе екенін түсінеміз. Бірақ біз дәйекті пікірталастарға дайынбыз. Тексерістер жүйесі бойынша да айтарымыз бар. Біздің ойымызша, бүгінде мониторингке көшіп, жаңа тенденцияларды қадағалап, жазалау емес, алдын алу шараларын қолдануға көшу қажет. Әкімшілік шаралардың қатаңдығын алға тарту өткен күн еншісінде.  

- Бұл жұмыстың ақтық мақсаты қандай?

- «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезекші адвокат емес екенін түсіну керек. Біздің жаһандық жоғарғы мақсатымыз – кәсіпкерліктің еркіндік ауанын жасақтау, яғни экономиканың көтерілуі мен барлық деңгейдегі кәсіпкерлердің өсуін қамтамасыз ететін жағдай жасау. Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндетін еске сала кетейін: ЖІӨ қалыптасуындағы шағын және орта бизнес үлесін 18-20‑ден 40-45 пайызға көбейту. Мұның артында азаматтарымыздың жұмысбастылығы, жаңа жұмыс орындары, салық базасының кеңеюі тұр. Бірақ, бастысы, кәсіпкерлік тұрақты сипат алып, ерекше әлеуметтік орта құруға тиіс. Өзі мен отбасын қамтамасыз ететін, жаңа жұмыс орындарын құратын, өнім шығару негізінде жаңа өндірістер ашатын халықтың кең көлемін қалыптастыру – қызметіміздің стратегиялық мақсаты осы. Азаматтарды кәсіпкерлікке тарта отырып, оларға мемлекеттік құрылымдарға жалтақтамай жұмыс жасау мүмкіндігін береміз, қоғам психологиясын өзгертеміз, қамқоршылдық үлгіден алшақтаймыз.

Бүгінгі таңда ұлы әлеуметтік өзгерістер табалдырығында тұрмыз: қоғамдық өмір сахнасына ауқатты, шешім қабылдауда дербес, мемлекеттік қаржы ресурстарынан тәуелсіз буржуа табы келе жатыр. Олар үшін кәсіпкерлік бастама бостандығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Ал бұған кәсіпкерлер құқығын қорғау жүйесін құру арқылы қол жеткізе аламыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер