astana-view

Инвесторларға терезе ашылды

2016 жылғы 14 Қаңтар
8833 просмотров

Қазақстандық және шетелдік компанияларға түсетін бюрокартиялық жүктемелер азайтылды

2016 жылғы қаңтар айынан бастап инвесторлардың жеке инвестициялық жобалар ашу үшін түрлі инстанциялар табалдырықтарын тоздыруының қажеті болмайды. Бұл Қазақстан аумағындағы жобаларға инвестиция салғысы келетін ірі және шағын бизнесмендер үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету секторлары ашылуы есебінен мүмкін болып отыр.

Бүгін «Санкт-Петербург» бизнес‑орталығында осындай секторлардың бірі журналистерге таныстырылды. Инвестициялар және даму министрі, инвестициялық омбудсмен Әсет Исекешев ерекше презентацияға қатысып, инвесторлар үшін «бір терезенің» ашылуы бастапқыда министрлік базасында сыналғанын, онда басымдылықты экономикалық жобаларды таңдаған инвесторлар үшін Қазақстанның заңнамалық базасына қолжетімділік пен қызметтердің автоматтандырылғанын атады. Мұндай секторлар саны 19‑ға жетіп отыр – екеуі Астанада, үшеуі - Алматыда, және де әрбір облыс орталығында бір‑бірден. 

«Кез‑келген инвестор ХҚКО‑ға келіп, мемлекеттік органдарға жүгінбестен, 350 қызмет түрін ала алады. Оның ішінде кезінде ондаған кабинетке бас сұғуға мәжбүрлеген барлық рұқсаттар, жер мәселелері және басқалары бар», - деп атады Әсет Исекешев.

Секторлар қызметкерлері алдын‑ала нұсқаулықтан өтті және клиенттерге орыс тілінде ғана емес, ағылшын тілінде де қызмет көрсете алады. Бұл жерден жадынамалар алып, артықшылықтар ұсыну ережелері жайлы консультация алуға, инвестициялық келісімшарттар жасау жолдарынан және т.б. хабардар болуға болады. Секторлар жексенбіден басқа аптаның алты күнінде сағат 09.00‑20.00  арасында үзіліссіз жұмыс жасайды. Егер келушілер қолында қажет құжаттары толық болатын болса, ол өтінімдерін «бір терезенің» интернет‑нұсқасына кіріп, осы жерде беріп кете алады. «Инвесторлар қарапайым қызметтерді 1‑30 күн аралығында ала алады. Күрделі қызметтер көрсету уақыты бір айдан асып кетуі мүмкін, бірақ ақырында екі айдан аспайды деп ойлаймыз», - деп сендірді инвестициялар және даму министрі.  

Әсет Исекешев Қазақстандағы инвестициялық белсенділікке баға бере отырып, «қазір елімізде 150‑ден астам шетелдік инвесторлар бар» екенін атады. Инвестициялық омбудсмен берген деректерге сүйенсек, күн сайын министрлікке «5-10 әлеуетті салымшы» жүгінеді. Әсет Исекешев «дағдарысқа қарамастан, инвесторлардың Қазақстанда қалып, өз жобаларын жалғастырып жатқанын» баса көрсетті. «2014 жылы инвестициялардың төмендегенін байқадық, бірақ олар мұнай‑газ және тау‑кен салаларында төмендеп кетті. Өңдеу өнеркәсібінде дағдарысқа қарамастан, қаржы салымдары деңгейінде қалды. Мұндай ықпалды индустриялық бағдарлама көрсетіп отыр», - деп түйіндеді министр.

Жанар Сердалина


Еншілес ұйымдар

Серіктестер