astana-view

Үкіметтегі жаңа резерв

2016 жылғы 15 Қаңтар
7897 просмотров

Дағдарысқа қарсы шұғыл шараларды қаржыландыруға көлемді қаражат бөлінуде

Республикалық бюджетте дағдарысқа қарсы жедел шараларды қаржыландыру үшін арнайы қор көзделген. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бүгін өткен брифингте осындай хабар таратты. 

«2016 жылға 225,5 млрд. теңге сомасындағы арнайы резерв жоспарланған. Бұл қаражат жұмысбастылықты қолдауға, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын қосымша қаржыландыруға және басқа да іс‑шараларға бағытталады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Қазақстанның Үкіметі сонымен бірге әлемдік мұнай бағасының күрт түсуіне дайындалып жатыр. «Әлемдік мұнай бағасының құлдырап бара жатқанын және әлемдік нарықтардағы құбылмалылықты ескере отырып, Мемлекет басшысы Үкіметке әлемде мұнайдың түрлі бағасы, тіпті бір баррель үшін 20 долларға дейін орнығуы кезіндегі ҚР экономикасының дамуының ықтимал сценарийін дайындауға тапсырма берді», - деп атады Бақытжан Сағынтаев.

Ол сонымен бірге «аталмыш сценарийлік болжамдардың Үкімет жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысында 19 қаңтарда талқыланатынын» атады.

«Бюджет бойынша қатаң шешімдер қабылдауға тура келуі мүмкін, шығыстарға, қаржыландырудың белгілі бір тиімсіз бағыттарына тексерістер жүргізіледі. Ал әлеуметтік сала мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына кететін барлық шығыстар қысқартылмайды», - деп баса көрсетті Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары сондай‑ақ «2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Үкіметінің Ұлттық банкпен әлеуметтік‑экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі іс‑қимыл жоспарын қабылдағанын» айтып өтті. Жоспарға «қаржы секторын тұрақтандырудың негізгі блоктары бойынша жүйелік шаралар, экономиканы кредиттеуді ұлғайту, жекешелендіру, бәсекелестікті дамыту, жеке меншік шетелдік инвестицияларды тарту, мемлекеттік қолдау көрсету кірді».

«Қабылданған шешімдерді ескере отырып қосымша шаралар қалыптастырылатын болады», - деп түйіндеді Бақытжан Сағынтаев.

Жанар Сердалина 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер