astana-view

ШОБ ерекше назарда

2016 жылғы 15 Қаңтар
- Солтүстік Қазақстан облысы
12701 просмотров

Солтүстік Қазақстан облысы шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімге қатысу үлесі бойынша елімізде бесінші және бизнес субъектілеріне берілген кепілдіктер саны бойынша үшінші орынды алып отыр.

Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен кеше өткен кеңейтілген отырыста 2015 жылғы өңір кәсіпкерлігінің дамуына қорытынды жасалды. 

«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауында экономикамыздың одан әрі дамуына нақты бағдар береді. Бағдарламалық құжатта шағын және орта бизнеске ерекше назар аударылған. Қазақстанның жалпы ішкі өнімін кәсіпкерлік есебінен 50 % қамтамасыз етуге нақты тапсырма беріліп отырғанын білесіздер. Бұл көрсеткіш бүгінде әлі де онша жоғары емес, бірақ Солтүстік Қазақстан облысы жалпы өңірлік өніміндегі шағын және орта бизнес үлесі 25,2 % құрайды. Аталмыш көрсеткіш бойынша республикада 5 орындамыз», - деп атады кеңейтілген жиналыс жұмысын бастай отырып, облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Ол сонымен бірге үстіміздегі жылы өңір бизнес‑қоғамдастығының алдында осы көрсеткішті 30 % дейін көтеру жөніндегі міндеттің тұрғанын баса көрсетті.

Бүгінгі таңда облыста шамамен 40 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісінің тіркелгенін, оның ішінде 3,4 мың әрекет ететінін еске саламыз. Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев атап өткендей, өткен жылдың 9 айы ішінде бизнес субъектілері 220 млрд теңгеден астам  сомаға өнім шығарған, бұл 2014 жылдың осындай кезеңіндегі деңгейден 7 % жоғары.

«Шағын және орта бизнесте 110 мыңнан астам адам немесе экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 32%‑ы еңбек етеді. Өңірде кәсіпкерлеріміз мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын белсенді түрде қолданады және олардың арасындағы ең тиімділерінің бірі (Бизнестің жол картасы 2020» Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы» болып табылады. 2015 жылы оны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 2,5 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде субсидиялауға, кепілдік беруге және гранттық қаржыландыруға - 1,2 млрд. теңге және өндірістік инфрақұрылым тартуға - 1,3 млрд. теңге», - деп ақпарат берді Мұхтар Манкеев.

Ол сонымен қатар Өңірлік үйлестіру кеңесінің өткен жылғы 16 отырысында 251 өтінім мақұлданғанын, мұның 2014 жылға қарағанда 13 % көп екенін атады.

Сонымен, 1 бағыт «Ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлердің жаңа бизнес‑бастамаларын қолдау» аясында: пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 2,3 млрд теңге сомасына 73 кредит мақұлданған, бұл 2014 жылғы осыған ұқсас кезең көрсеткішінен 54 %‑ға көп;  гранттық қаржыландыру бойынша 10 млн теңгеден астам сомаға 6 жоба өткен, бұл 2014 жылғы осындай кезеңнен 2 жобаға көп.

«Кәсіпкерлерді салалық қолдау» екінші бағыты бойынша 4 млрд теңге сомасына 68 кредиттің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау мақұлданған, 65 кредит бойынша кепілдік берілген, кепілдік 840 млн. теңгеден астам соманы құрайды, бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 35 %‑ға жоғары. Сонымен бірге кредит бойынша кепілдеменің жартысынан астамын ауыл бизнесі алып отыр.

«Жасалған кепілдік беру шарттары бойынша облысымыз өткен жыл қорытындысы бойынша республикада үшінші орынға шығып отыр, бұл бұдан арғы бірлескен жұмысымыз үшін лайықты көрсеткіш әрі жоғары деңгей болып табылады», - деп ерекше баса көрсетті облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев.

Ол сонымен бірге төрт жобаның старт‑ап жобалар бойынша тиімді 85 пайыздық кепілдемеге ие болғанын атады. Бұл Есіл ауданындағы «Денталия clinik» ЖШС «Стоматология қызметтерін ұсыну жөніндегі қызметті ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыруға (9 млн. теңге), Тайынша ауданындағы «Мүшраунов Жанат Хамитович» ЖК «ТҚКС қызметтерін ұсыну жөніндегі қызметті ұйымдастыру және автомобильдің қосалқы бөлшектерін сату» жобасы бойынша (12,7 млн. теңге), Петропавл қаласындағы «МИР-ТРАНС» ЖШС «Жүк тасымалдау жөнінде қызмет көрсетуге арналған көлік құралын сатып алу» жобасымен (13, 7 млн. теңге) және Айыртау ауданындағы «Ludmila» ЖШС «Қонақүйлер мен мейрамхана қызметтерін ұсыну» жобасын жүзеге асыруға (12,8 млн. теңге).

Ал БЖК «кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету» 3 бағыты бойынша 526 млн. теңге сомасына 4 кредит бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қолдау көрсетілді.

«Аталмыш бағдарламаның тиімді жүзеге асырылуының арқасында кәсіпкерлер 5 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап қалып, мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құратын болады. Ал бағдарлама әрекет ете бастағаннан бері 15 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды», - деп баса көрсетті облыс әкімі.

Ол сонымен бірге мемлекетітк қолдау алған ауылдық кәсіпкерлердің үлес салмағы бағдарламаға қатысушылардың жалпы санына қатысты алғанда 53% дейін ұлғайғанын немесе 115 жобаны құрағанын ерекше атады. Аудандар арасында өтінімдердің ең көп мөлшері Қызылжар ауданынан келген - 22 өтінім, Ғабит Мүсірепов атындағы - 20 өтінім,  Мағжан Жұмабаев - 19 өтінім және Тайынша - 17.

Берілген кредиттердің салалық бөлінуі жайлы айтар болсақ, облыс әкімінің орынбасары берген ақпарат бойынша ол 2014 жыл деңгейінде сақталып қалған. Ең көп үлесті жүк және жолаушылар тасымалдары, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және құс өсіру, сауда нысандарын ұйымдастыру және салу, сондай‑ақ азық‑түлік өндірісі алады.

Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, ауылдық бизнес субъектілерін мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға тарту бойынша, сонымен қатар өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі  кешенді жоспарды дайындау жөніндегі жұмыс биыл облыстағы Кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры және «Қазпочтамен» бірге жалғасын табады.

Кеңейтілген отырыста Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да 2015 жылғы қызметінің қорытындысы жайлы есеп берді.

Сонымен, өткен жылы палата мен оның филиалдарына бизнес субъектілерінен 5 мыңнан астам өтініш келіп түскен, оның ішінде 1200‑ден астамы құқықтық мәселелер бойынша, 3300 – экономикалық және 500‑ден астамы – басқалары бойынша.

«Бизнесті қорғау желісі бойынша 404 өтініш келіп түсті, оның ішінде 281 өтініш оң нәтижемен шешілді, 13 қарауда жатыр, ал 110 өтініш бойынша уәкілетті орган құқық бұзуды анықтамады. Бизнесті қорғау желісі бойынша анықталған түйткілдерге жасалған талдау көрсетіп отырғандай, кәсіпкерлер көбінесе салық қатынастары, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сатып алулар, табиғи монополия субъектілерімен қарым‑қатынас мәселелерімен, субсидия және АӨК саласындағы өзге де мемлекеттік қолдау шараларын алумен арада туындайтын түйткілдермен, бизнес субъектілері арасындағы даулар бойынша, лицензия және рұқсаттарды ресімдеу, сондай‑ақ басқа да себептермен (еңбек даулары, мемлекеттік органдарға шағымдар және басқалары)  жүгінеді», - деп атады СҚО КП директоры Тұрар Искаков.

Ол сонымен бірге бірде‑бір өтініштің назардан тыс қалмайтынын, әрбір өтініш иесімен міндетті негізде кері байланыс орнатылатынын баса көрсетті. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер