astana-view

Әлеуметтік кәсіпкерлік мемлекетке тиімді

2016 жылғы 18 Қаңтар
20620 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП әлеуметтік кәсіпкерлік үшін құқықтық жағдай жасауды ұсынады

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында аталмыш мәселе бойынша бірыңғай ұстаным дайындау мақсатында мемлекеттік органдар, ҮЕҰ және әлеуметтік кәсіпкерлер қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев атағандай, Қазақстанда мемлекет пен бизнес тарапынан әлеуметтік кәсіпкерлік табиғатын түсінбеу, идеяны заңнамалық және әкімшілік өркендету қиындықтары баршылық. Түйткіл әлеуметтік кәсіпкерлікті үйлестіретін құрылым мехнизмнің жоқтығында, бизнестің әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруға қаржы қаражатының тартылмауында болып отыр.

«Әлеуметтік кәсіпкерлікті енгізе отырып, бір жағынан, әлеуметтік түйткілді шеше аламыз, екінші жағынан, коммерциялық мәселелер шешіледі. Мәселен, Ұлыбританияда әлеуметтік кәсіпкерлік Жалпы ішкі өнімнің 10 %  жуығын береді. Қазақстандағы жағдай мүлдем басқаша. Аталмыш механизмді іске қосу үшін, заңнамаға сәйкес өзгертулерді енгізіп, оған қажет инфрақұрылымды жасақтау қажет. Әлеуметтік кәсіпкерлік механизмдерін қайда қолдана алатынымызды, мемлекеттің одан не алатынын білуіміз керек. Әлеуметтік кәсіпкерлік мемлекетке тиімді, ол бюджет шығынын қысқартып, салмақты міндеттерді шешуге көмектеседі», - деп түйіндеді Нұржан Әлтаев.

Төралқа мүшесі, ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Талғат  Доскенов тақырыпты тарқата отырып, әлеуметтік кәсіпкерліктің даму өзектілігі экономикалық тұрғыдан тұрақсыз болып отырған кезде анық көрінетінін атады.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік қағидаттары қандай? Халықаралық сарапшылар, ғалымдар, әлеуметтік кәсіпкерлер әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі белгілері әлеуметтік әсер ету, инновациялылық, өзін‑өзі өтеушілігі, қаржылай тұрақтылығы, кәсіпкерлік ұстаным және аталмыш әлеуметтік жобаның көлемділігі болып табылады деп атайды. Әлеуметтік кәсіпкерлер қызметіндегі басымдылықты бағыттар мектепке дейінгі, қосымша білім беру, азық‑түлікпен қамтамасыз ету мәселесі, қарттар түйткілі, мүгедектердің, балалар үйі түлектерінің жұмысқа тұруы, көп балалы аналар мен жалғыз басты аналардың жұмысбастылығы, жұмыссыздық мәселелерін шешу, мәдениет, спорт, экология болып табылады. Әрбір бағыт, сәйкесінше, белгілі бір әлеуметтік түйткілдерден туындайды», - деді Талғат Доскенов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлердің аталмыш бағыттардың әрқайсысына тартылғанына қарамастан, түйткілдер бәрібір баршылық.  

«Ең алдымен, әлеуметтік кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкер, әлеуметтік кәсіпорын сияқты ұғымдар заңнамалық тұрғыдан бекітілмеген. Бізде мүмкіндігі шектеулі тұлғалар қоғамдарының жанынан құрылған әлеуметтік кәсіпорындар өткен ғасырдың 60 жылдарынан бері әрекет етіп келеді. Яғни бес кәсіпорын бар, ал «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымы жоқ. Әлеуметтік кәсіпорындар туындап та қойған, бұл демалыс және мәдениет үйлері, көпшілік кітапханалар және т.б., бірақ бұл заңда көрсетілмеген, сондықтан да көп адамдар әлеуметтік кәсіпкерлікті бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, әлеуметтік жоба сияқты ұғымдармен шатастырады», - деп түсінік беріп кетті ҰКП Әлеуметтік сала және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы. Ол сонымен бірге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі белгілі бір компаниялардың қоғам, кәсіпорын жұмыскерлері немесе өңір алдындағы әлеуметтік саясатына жататынын баса көрсетті.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл әлеуметтік қызметті іске асыру тәсілі, ол әлеуметтік миссияны экономикалық тиімділік және кәсіпкерлік новаторлық жетістіктерімен байланыстырады», - деп түсіндірді Талғат Доскенов.

Оның айтуынша, былтыр ҰКП аталмыш сектордың Қазақстанда дамуы жөніндегі жұмыстың жүйелік негізде жүзеге асырылуына мүмкіндік беретін бірқатар іс‑шаралар өткізді. ҰКП қызметін халықаралық әріптестері қолдап, «Атамекенде» олармен бірге әлеуметтік кәсіпкерліктің келешегін талқылау бойынша семинар-жиналыс өтті, халықаралық ғылыми‑практикалық конференция өтіп, әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша алғашқы жинақ жарияланды. ҰКП жанынан сонымен қатар Әлеуметтік бастамалар және жастар кәсіпкерлігі қоры құрылған. Сонымен қатар Ұлттық палатаның бірқатар жауапты қызметкерлері, Парламент депутаттары мен әлеуметтік кәсіпкерлер АҚШ‑қа сапар жасап, онда аталмыш саладағы тәжірибемен танысып қайтты.

Талғат Доскенов Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі бар екеніне сенімді.

«Бұл бірқатар түйткілдерді, аталмыш мәселедегі мемлекеттің кемшіліктерін шешуге, мемлекеттің экологиялық түйткілдерін шешу бойынша функцияларын шағын бизнеске немесе үкіметтік емес ұйымдарға аутсорсингке беруге мүмкіндік береді, мемлекеттік әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға, бюджетті үнемдеуге сеп болады. Халықаралық тәжірибе дәл осы әлеуметтік кәсіпкерлердің қоғамның ең өзекті түйткілдерін шешуге тиіс екенін көрсетіп отыр», - деп атады Талғат Доскенов.

ҰКП пікірінше, осыған орай әлеуметтік кәсіпкерлер табысын дәріптеу жөніндегі Іс‑шаралар жоспарын дайындау керек, нормативтік‑құқықтық актілерде «әлеуметтік кәсіпкерлік» терминін, оның түрелрін, қаржыландыру қағидаттарын заң жүзінде бекітіп, ҚР ҰКП жанынан Әлеуметтік кәсіпкерлікке жәрдем қорын құру және әлеуметтік жобаларды қолдаудың қаржы институттарын енгізу қажет.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер