astana-view

Отандық өндірушілер тізілімі онлайн-режимге көшіріледі

2016 жылғы 18 Қаңтар
9578 просмотров

Ұлттық палатада жобаларды сараптауды бәсекелес ортаға беру жөніндегі жұмыс жайлы айтылды

«2016‑2020 жылдар аралығында Мемлекет басшысының бәсекелес ортаға берілетін нысандар үлесін ұлғайтуды тапсырғаны белгілі. 2016 жылы жұмыстың технологиялық қиындығына қарай жеке меншік нарыққа жобалардың 50%‑ы беріледі, 2020 жылға қарай – жобалардың 90%‑ы. Мемлекеттік сараптама қарамағында тек күрделі жобалар ғана қалады», - деп атады «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева брифингте.

Оның сөзінше, Ұлттық палата жанынан сәйкес жұмыс тобы құрылып, оның отырыстарында сараптамалық қызмет сапасы мен сараптамалық қорытындылар толықтығы, сараптау ұйымдары жұмыстарының көлемін кеңейту, техникалық және техникалық күрделі нысандарға жатқызу мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.

Сондай‑ақ, сәулет қызметі жайлы заңнамаға сәйкес, сараптау ұйымдарының Бірыңғай палатасы институты енгізіледі. «Яғни кем дегенде үш аккредиттелген сараптау ұйымын біріктіретін бірыңғай коммерциялық емес ұйым құрылуға тиіс. Уақыт өте келе аталмыш палата өзін‑өзі басқаратын ұйымға айналуы мүмкін болғандықтан және кәсіпкерлердің шығындарын азайту үшін жұмыс тобының аясында ҰКП жанынан Сарапшылардың бірыңғай палатасын құру мүмкіндігі жайлы мәселені талқылауды ұсынып отырмыз», - деп мәлімдеді Юлия Якупбаева.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол», «EXPO» нысандарында, сонымен қатар өңірлік ірі жобаларда отандық құрылыс материалдарын қолданудың маңыздылығын бірнеше мәрте баса көрсеткен еді. Юлия Якупбаева бүгінде өндірушілер үшін тапсырыс берушілердің өнім сапасын тануы мен түсінуінің маңызды екенін атады. ҰКП осыған байланысты 2015 жыл бойы Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп келді. Онда қазірде шамамен 680 өндіруші бар, және де бұнымен шектелмейді.

«Өндірушілер ірі, орта және шағын болып жіктелген. Сонымен, тізілімдегі ірі өндірушілер саны 77, орта - 273. Өңірлер бойынша өндірістер картасы жасалған. «Нұрлы жол» бағдарламасы, «EXPO» көрмесі аясында ірі тапсырыс берушілермен және мердігерлермен Тізілімді өңдеп жатырмыз, ТКШ инфрақұрылымын жаңарту және т.с.с. бойынша әкімдіктермен және ТКШ Орталығымен жұмыс жасаймыз. Белгілі бір нәтижелерге де қол жеткізілді. Сөйтіп, есепке сәйкес, «Астана «EXPO-2017» ҰК 10 өңір әкімдігімен меморандумдарға қол қойып, шамамен 30 млрд теңгеге өнім жеткізуге келісімшарттар жасасты», - деп жалғады сөзін ол.

ҰКП жақында құрылысына ұлттық компания  тапсырыс беріп отырған нысандарда 140‑тан астам қазақстандық кәсіпорын өндірген құрылыс материалдарының қолданылуы жайлы Қазақстан темір жолының есебін алды. «Күн тәртібінде - сапа, номенклатураның кеңеюі, баға белгіленуі. Қазір жаңа кезеңге көшіп жатырмыз. Тізілімді онлайн‑режимге көшіру процесі жүріп жатыр, кәсіпорынның өндірістік процесі жайлы презентациялық роликтерді жинауды бастадық. Кейін оларды Атамекен ТВ мен ҰКП сайтында көрсетуді жоспарлап отырмыз. Кәсіпкерлер үшін тауарлардың шығарылатын номенклатурасы жайлы ақпарат болуға тиіс интернет‑сайттарды дайындаудың маңыздылығын барынша түсіндіретін боламыз. Мемлекеттің осы мақсатта Бизнестің жол картасы аясында қаражат бөлгенін атап өткім келеді. Бұл жұмыс қазақстандық брендтердің танымалдығына, отандық өндірістерді қолдау мен олардың кеңейтілуіне сеп болады деген ойдамыз», - деп қорытты Юлия Якупбаева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер