astana-view

Бизнестегі ұлттық тілдің жағдайы

2016 жылғы 20 Қаңтар
4095 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақ тілінің бүгіні мен келешегі, тілді қолданудағы кемшін тұстар мен жетілдіруді қажет ететін бірқатар мәселелер бойынша үлкен жұмысты қолға алды.

Бұл ретте Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Палата жанындағы «Атамекен-Бизнес-Тіл» жобасының жұмысын 2016 жылғы қаңтардан бастауды тапсырған болатын.

Бизнестегі бірізді терминологиялық базаны қалыптастыру, сондай-ақ Палатаның атқарып отырған жұмысы мен жоспарлары жайында еліміздің әр өңірінде бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге қазақ тілінде сапалы ақпарат ұсыну жобаның басты мақсаты болып табылады. Қазіргі таңда қоғамда қазақ тілінде қолданылып жүрген бизнес терминдерді бір ізге түсіруде қиындықтар туындауда. Ақпаратты қазақ тілді оқырман қауымға аударма тілінде ұсынып отырғанымыз жасырын емес. Бір сөзбен айтқанда, алдағы жұмыс бизнеске қатысты барлық ақпаратты қазақы жалпақ тілде халыққа жеткізу төңірегінде жасалмақ.

Атқарар жұмыстың алғышарттарын, қиындықтары мен мәселелі тұстарын айқындау мақсатында, қазақ тілді контенттің бизнестегі қазіргі жағдайына байланысты Ұлттық палатада алғашқы жұмыс отырысы өтті. Төралқа Төрағасы хатшылығының басшысы Ләззат Рамазанова жетекшілік жасаған осы отырысқа ҰКП қызметкерлері, тіл саласының мамандары мен ғалымдары қатысты. Бүгінде бизнес жайындағы ақпарат халыққа қаншалықты қолжетімді? Басым бөлігі орыс тілінде шығарылатындықтан қаншалықты түсінікті? Ауылды аймақтардағы тұрғындар кәсіпкерлікті бастау мен жүргізуге негіз болатын ақпараттан хабардар ма? Осы және өзге де сұрақтар талқыға салынды. Отырыс ҰКП тарихындағы басынан аяғына дейін қазақ тілінде өткен алғашқы жиын екенін ерекше атап өткен жөн.  

Тақырыпты сараптап, саралауға арнайы шақырылған белгілі тілші-ғалым Ербол Тілешовтің айтуынша: «Билік, бұқаралық ақпарат құралдары мен бизнес қай тілде сөйлесе, қоғам да сол жаққа бет бұрады. Жасыратыны жоқ, шетелден ағылып келіп жатқан термин сөздерді аудару жұмысына қазақ тілі ілесе алмай қалды». Сөзінің соңында «қоғамда беделі бар «Атамекеннің» бастамасы осы олқылықтың орнын толтыратынына күмәнім жоқ, бұл көңілге қонарлық әрі қуантарлық бастама» деп ойын қорытты.

Айта кетейік, жақын арада Палатаның ресми сайтында «Атамекен-Бизнес-Тіл» жобасы өзінің дербес парақшасын ашады. Онда бизнесті ұлттық тілде сөйлету мақсатында осы заманның сұранысына сай сұхбаттасу мен пікірталас түріндегі интерактивті сабақтар, бейнероликтер мен бизнес-сөздік көпшілік назарына ұсынылмақ. Бұл – бизнестің өзіндік ұлттық болмыс-бітімін қалыптастыруды көздейтін оң бастама.

Сонымен қатар, БАҚ арқылы Ұлттық палата қызметін қазақ тілінде насихаттау үшін арнайы қазақ тілді спикерлерді дайындау жұмыстары басталды. Бұл бағытта аталған жобаның тұрақты қызметкері Дулат Шырымбай, Назарбаев зияткерлік мектебінің аға оқытушысы Тұрдыбай Жаппарұлы мен С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің оқытушысы Назым Қажымұратқызы жұмыс жасауда.

«Қазақшаңыз қалай, әріптес?» тақырыбында алдағы айларда Палата ұжымына арнайы дәрістер өткізу жоспарлануда. Әріптестер арасынан көштің алды болуға асыққан бастамашыл топпен жұмыс жасауға дайынбыз!

Жоба жетекшілері мен Кеңес мүшелерінің жұмысына сәттілік тілейміз, бастама оң болсын!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер