astana-view

5 ай ішінде ашылған дүкен

2016 жылғы 21 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
19201 просмотров

Ырғыздық кәсіпкер Лиана Айманова бар-жоғы бес айдың ішінде жеке дүкен иесі атанды

Лиана Айманова – жоғары білімді қаржыгер. Он жылға жуық уақыт бойы Ақтөбедегі екінші деңгейдегі банктердің бірінде еңбек еткен. Жас маман болып келіп, қаржы институтында жұмыс жасаған уақыт бойында бірінші санатты менеджерге айналады. Кәсіпкерлік саласын егжей-тегжейлі зерттеп шығып, бизнесте күшін сынап көруге бел буады.

Көп аялдамай, жайлы орнын тастап, қала орталығындағы шағын азық-түлік дүкенін жалға алды да, жұмысқа кірісіп кетті.  

«Сенбейтін шығарсыздар, тәулік бойы жұмыс жасадым. Оңай болған жоқ, алайда өзіме жұмыс жасағандықтан, маған бұл ұнады. Ісім өрге жүрді. Тауар айналымы ұлғайып, тұрақты клиенттер пайда болды. Жоспар құра бастадым, алайда күндердің бір күні дүкен иесі шарт талабын бұзып, дүкенді босатуымды сұрады. Бар жоспарым бір-ақ сәтте жоқ болды», - деп есіне алды жас кәсіпкер.

Кәсіпкер ісін Ырғызда жалғастыруға шешім қабылдайды. Сәтсіз тәжірибесін еске ала отырып, қалай да жеке дүкен салып алуға бел буады.

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының Ырғыз ауданындағы филиалына консультация сұрап жүгінеді.

«Отбасылық кеңесте ата-анамның үйі аумағында дүкен салуды шештік. Филиал директоры Гүлнар Шәмиева жер телімінің мәртебесін өзгерту үшін құжаттама дайындау, бизнес-жоспар мен дүкен жоспарын дайындаудан бастап бар көмегін көрсетті. Гүлнар Асқарқызының арқасында барлық рұқсат құжаттарын қысқа ғана мерзім ішінде алып, құрылысқа кірісіп кеттік», - деді Лиана.

«Әділхан» дүкені үш ай ішінде салынды.

«Жобаны іске асыруға бар-жоғы бес ай кетті. Әрине, Кәсіпкерлер палатасының зор көмегі тиді. Көптеген мәселелерді филиал консультанттары қолдауының арқасында жедел түрде шешіп отырдым. Нәтижесінде дүкеніміз аудан орталығындағы үздіктер қатарынан табылып отыр», - деп алғысын білдірді кәсіпкер.

Лиана Айманова қазірде жартылай фабрикаттар өндіретін цех ашуды жоспарлап жүр.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер