astana-view

Дәрі неге қымбаттап кетті?

2016 жылғы 21 Қаңтар
- Ақтөбе облысы
10246 просмотров

Баға көтерілуі салдарынан медициналық препараттарды ұсақ жеткізушілерге банкрот болу қаупі төніп тұр

2015 жылы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің мемлекеттік монополия субъектісі іске асыратын қызметтер бағасын бекіту туралы Бұйрығының қолданысқа енгені белгілі. Ел аумағына әкелінетін әрбір препарат дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы тіркеу деректерін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және өзгертулер енгізу және  Қазақстанда тіркелген дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдар қауіпсіздігі мен сапасына бағалау жүргізу кезінде сараптамадан өтуге тиіс. Жеткізушілер үшін бұл процедура тегін емес және арзан да емес. Нәтижесінде процедура құны препараттың бөлшек бағасынан көрініс береді. Оның үстіне ұсақ жеткізушілер зардап шегіп отыр.

Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасынан аталмыш түйткілді шешуге жәрдем көрсетуді сұрап дәрілік заттарды жеткізумен айналысатын бірнеше компания өкілдері жүгінді.

ӨКП-да дөңгелек үстел өткізіліп, оның барысында Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы, фармацевтикалық және медициналық қызметті бақылау комитеті басшылары, фармацевтикалық компаниялар өкілдері, жеткізушілер қалыптасқан жағдайдан шығар жол табуға тырысты.

 «Аталмыш нормативтік акт қабылданғаннан кейін дәрілік заттар қауіпсіздігі мен сапасын бағалау қызметі, өндіру шарты, медициналық мақсаттағы бұйымдар бағасы бірнеше есе өсіп кетті.  Мәселен, егер бұрын Ұлыбританияда жасалған Гласко Сит Кляин ЛТД өндірген ингаляцияға арналған аэрозоль «Серетид Эвохалер», ингаляцияға арналған ұнтақ «Серетид Мультидиск» көп компонентті препараты жинағының қауіпсіздігі мен сапасын бағалау (сертификаттау) кәсіпкерлер үшін 1 467 теңгені құраса, бұйрықты бекіткеннен кейін қызмет құны 78 мың теңгеден асып түскен, яғни төлем сомасы бұрын төлеуге қойылған сомадан 5300 пайыздан астам шаманы құрап отыр!», - деп есептейді Палата сарапшысы Шынар Жұмашева. 

Сөйтіп, Шынар Жұмашеваның айтуынша, фармацевтикалық компаниялар Қазақстанда тіркелген препараттарды ай сайын немесе тоқсан сайын әкеліп отырады. Дәрілік препараттарға деген жылдық қажеттілікті бірде-бір компания әкелмейді, себебі, біріншіден, препараттардың жарамдылық мерзімі мен пайдалану маусымдылығы болады, екіншіден, кәсіпкерлерде әр түрдегі дәрілік заттардың жылдық көлемін орналастыруға қойма орындары жоқ.

«Қызмет құнының артуы нәтижесінде бөлшек бағаның еріксіз көтерілуі, дәрілік заттар нарығындағы бәсекелес ортаның нашарлауы, қызметкерлер штатының қысқаруы орын алып, осының салдарынан аталмыш шаралар кәсіпорын банкроттығына әкеледі», - деп жеткізді сарапшы бірқатар түйткілдерді.

Кәсіпкерлер дәрі бағасының еселеп өскенін хабарлады. Сонымен, Ақтөбеде жасалған қызылмия тамыры өткен жылы 70 теңге тұрса, қазір 330 теңгеден сатылып жатыр, парацетамол бағасы 10-20 теңгеден 60 теңгеге өсіп кеткен, гормондар 2000-нан 7000 теңгеге дейін.

Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқар Қалиев те алаңдаушылығын білдірді.

«Шынымен де, мұндай түйткіл жоқ емес. Өтініштер келіп жатыр. Дәрілік заттар бағасының көтерілмеуіне мүдделіміз, осыған орай Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік қызметтер бағасы көтерілуінің негізделуі жайлы хат жолдадық», - деп атады облыстық денсаулық сақтау басшысы.

Фармацевтикалық және медициналық қызметті бақылау жөніндегі департамент басшысы Қайрат Сабыр өз кезегінде Қазақстанда қазір препараттардың 20 пайызы ғана өндірілетінін хабарлады. 

«Дәрі нарығы бәсекелес ортаға берілген. Әрі бағаны реттейтін нарық. Мемлекеттік дәріханалар аша алмаймыз. Бүгінде Ақтөбе облысында 324 дәріхана, дүңгіршек бар. Ірі дәріханалардың бағаны ұстап тұруы оңайырақ, әрине. Баға өсуінің негізділігін тексереміз», - деп уәде берді Қайрат Сабыр.

Кездесу соңында жоғарыда аталған Бұйрыққа өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар қалыптастыруға және оларды ҚР ҰКП-ға жолдауға шешім қабылданды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер