astana-view

Дағдарыс жағдайындағы Қарағанды бизнесі: дамуға кедергі жасалмауы керек

2016 жылғы 21 Қаңтар
- Қарағанды облысы
12041 просмотров

Кәсіпкерлер девальвациямен байланысты уақытша қолайсыздықтарға төзуге дайын

Алайда мемлекет пен банктер ол үшін жағдай жасап отырған жоқ – коммуналдық қызмет тарифтері тым жоғары, кредиттің пайыздық мөлшерлемелері бизнес жүргізуге және дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Қарағандылық кәсіпкерлер осындай ой айтты.

Дағдарыстың бар «ғажабы» әлі алда

«Ren milk» компаниясының құрылтайшысы Андрей Витик көктемде, атап айтқанда, сәуір-мамыр айларында «экономикада қуатты тұралау орын алатынына» сенімді. Оның сөзінше, бизнес және халық девальвациядан кейін өткен жылдың соңында болған дүниені толық мөлшерде сезіне алмады, дағдарыс мереке күндерінің көлеңкесінде қалып қойды. «Осы жағдайдың бар «ғажабын» әлі басымыздан кешетін боламыз. Бизнесте төлем жасамау мен жұмыссыздық басталады. Осының бәрі банктердің бизнес дамуына жәрдем жасамауымен ушыға түседі. Кеше ғана ірі банктердің бірінде болдым, оларға ешкімге кредит бермеуге нақты нұсқау берілген. Себеп – доллардың тұрақсыздығы, ал олардағы салымдардың 90%-ға жуығы АҚШ долларымен», - деп бөлісті бизнесмен болжамымен.

Бизнесмен түсіндіріп кеткендей, Ұлттық банк банктерге өтімділік бермейді: «Инфляция деңгейін ұлғайтпау үшін, банктер валютаны өз пайдаларына саудаламас үшін, әрі олар сол банктерде қалуы үшін. Банктерде қалған ақшаның бизнеске бармайтыны түсінікті».

Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевтың «әдеттегі трансмиссиялық механизм, оған сәйкес ҰБ коммерциялық банктерге өтімділік ұсынады да, олар осыдан соң кредит бере алады, қазір тиісті дәрежеде жұмыс жасап отырған жоқ» деп мәлімдегенін еске саламыз, және ҚР ҰБ осы арнаны қалпына келтірумен айналысады. Банктер теңге өтімділігінен  зардап шегуде, халық салымдарын шетелдік валютамен ұстап отыр. Ұлттық банк берген соңғы релизге сәйкес, 2015 жыл соңында теңгемен салынған депозиттердің үлес салмағы 32,6% құраған. Нәтижесінде ЕДБ кредит беруге қаражаты жоқ.

Теңіздің тыншуын күтудің қажеті жоқ

Ұлттық банк нені ойластырса да, теңге бағамы мен мұнай бағасының көтерілуін күте отырып қандай қадамға барса да, бизнестің жұмысын жалғастыруы қажет. Ал ол үшін, кәсіпкерлер ойынша, онша қиын емес бірқатар міндеттерді орындау қажет. Бірінші кезекте – өндірістер шығындарын қысқарту.

«Электр энергиясы, жылу және суға кететін шығындарды азайту арқылы өндіріс шығындарын барынша қысқарту қажеттілігі баяғыда пісіп-жетілген», - деп мәлімдеді «Жекешелендіру және инвестициялар бюросы» ЖШС қаржы директоры Александр Перов. Оның ойынша, облыс басшылығын Ұлттық палата мүмкіндіктерін қолданып, отандық өндіруші шығындарын қысқартуға нақты қадамдар жасауға көндіру қажет.

«20% рентабельділікке ие бизнес бұл супер табысты бизнес. 5-10% деңгейіндегі рентабельділік кредитсіз қалыпты өмірді қамтамасыз етуге тиіс. Керісінше жағдайда кәсіпкердің іс жүзінде табыссыз қалып, 17-20%-бен кредит беруіне тура келеді. Қазірде бизнесменнің кредит төлеуіне және оған тағы бірдеңе қаларына сүйене алмаймыз. Бар табысын өзінің дамуына қалдырмай, беріп отырғаны аздай, пайызды да жеке ақшасынан төлейді. Оған қоса кредит бойынша бұл пайыздар өнімінің өзіндік құнына енеді. Нәтижесінде жергілікті тауарлар бағасы бәсекеге қабілетсіз», - дейді бизнесмен.

Александр Перовтың сөзінше, қазір бизнес-қоғамдастық пен өңір монополистерінің арасында келіссөздер жүргізілуде, және де бизнес үшін тарифтерді төмендету жайлы мәселе көтеріліп жатыр.

«Бұл туралы үнемі сұрап отырамыз – импорттың орнын алмастыратын тауарды неге шығармаймыз? Неліктен тауарымыздың өзіндік құны жоғары? Оған жол беріп отырған кім? Монополистер», - дейді «Ren milk» компаниясының құрылтайшысы Андрей Витик.

Кәсіпкерлер импорттың орнын толтыруды жөнге салып алмайынша өнімді экспортату жайлы ауызға алудың ерте екенінен сенімді.

«Қазір экспорт жайлы айта алмаймыз – алдымен отбасын асырап алмай, басқаларды тамақпен қамтамасыз ететін шаруаны қайдан көрдіңіз? Жалпы бизнес туралы да осыны айтуға болады – ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етіп алмай, сыртқыға шығаруды бастай алмаймыз»,  - деген сенімде Александр Перов.

Инвесторды қалай тартуға болады?

Қалыптасқан жағдайда бірнеше шешім болуы мүмкін еді. Алайда облыс басышысында саяси ерікті болмауы, әкімдердің жиі ауысуы бизнеске қарсы келіп отыр.

Кредиттің болмауы жағдайында инвесторлар ақшасымен аман қалуға болар еді, оның ойынша, алайда бұл жерде де кемшіліктер баршылық – ол үшін монополияда, баға түзілуінде, сот жүйесінде ашық механизмдер жұмыс жасауға тиіс. Олай болмай отыр, деп мәлімдеді кәсіпкер.

«Ресей экономикасына байлаулымыз, деп жиі айтамыз. Онда қандай да болмасын экономика бар ғой - өндіріс, қайта өңдеу, өнеркәсіп, мұнай химиясы. Бізде тек ауыл шаруашылығы ғана. Оның өзі бастапқы кезеңде жатыр. Жөні түзу туризм де жөнге салынбаған. Қазынамыз – Қарқаралы бар. Жолы жаман. Ауқатымыз бар жылдары ол жаққа 10 шақырымдай темір жол салуға кім бөгет болды? Ешкім де бөгет болған жоқ. Қазірдің өзінде, дағдарыс кезінде, осыны жасасақ қалай? Бюджетке бұл түк емес, оның есесіне адамдар басқа өңірлерге емес, сол жаққа барар еді. Бізге, бизнесімізге ақша тастар еді»,  - дейді Андрей Витик. Оның пікірінше, өңірде мұндай бастамаларды аяғына дейін жеткізетін ешкім жоқ.

«Әкімдер көп ауысады, келіп-кетіп жатыр. Топтарын ертіп келеді. Ешқайсысы да ұзақ мерзімдік дамуға мүдделі емес. Мәселен, жер дегеніміз таусылмайтын жыр болды. Бос жатқан жерлерді кәсіпкерлерге жұмыс жаса, зауыт сал, инвестицияла, салық төле, жұмыс орындарын аш, деп бергеннің орнына, түрлі айла-шарғыға барып, телімді бизнесменге бермеуге жүз себеп табады – ЕЖЖ (егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары) жоқ, бос емес, жағдай, коммуникация жоқ», - дейді бизнесмен.

Дағдарыс өсу ме?

Кәсіпкерлер пікірінше, табыстың қысқаруы - кәсіпкерлер үшін де, қатардағы азаматтар үшін де тағы бір толғақты мәселе. Бұл күй ұзаққа созылатын болады, бірақ ақырында бәрі де бейімделеді.

«Қазақстанда өнімділік төмен бола тұрып, жалақы жоғары. 15 жыл бұрын Қарағандыда 1000 долларға пәтер сатып алуға болатын. Қазір баға аз дегенде 50 есе көбейді. Осы уақыт ішінде жылжымайтын мүлік бағасының өсуіне нақты әсерін тигізетіндей не орын алып еді? Кірпіштің қасиеті өзгеріп кетті ме? Әлдер тарихи құндылыққа ие болды ма? Осының бәрі негізделмеген жоғары табыстың салдары. Енді, міне, қалыптасқан жағдай адамдардың ойы мен психологиясын, табысқа деген көзқарасын өзгертуге тиіс. Табыс өнімділікке сай болуға тиістігін түсінуіміз керек», - дейді Андрей Витик.

Ауылшаруашылық кәсіпорнының басшысы Сапар Ибкеев те әріптесінің сөзімен келісіп отыр. Ол дағдарыстың оң әсерін беріп, баршаны өнімділікті көтеруге итермелейтініне сенімді: «Өндірістер қысқарып, шығындары мен штаттарын оңтайландыра бастайды, жұмыссыздық басталады, адамдар еңбекті бағалай бастайды және өнімділікке талпынатын болады. Бәсекелестік артады. Жастар қымбат тұратын білімге қаражат болмаса, қалада жұмысқа тұрудың қиын болатынын, ал ауылда жас кадрлардың тапшы екенін түсінеді де, жермен жұмыс жасаудың жақсы екеніне көздері жетіп, жұмысшы және аграрлық мамандықтарды игере бастайды».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер