astana-view

Астанадағы шағын кәсіпорын иесі ЕХРО-2017 көрмесіне қатысуды көздеп отыр

2016 жылғы 01 Ақпан
5379 просмотров

Қытайдан атамекені Қазақстанға оралған Самғау Нәсіпхан қандасымыз бүгінде  отандық өнім шығаратын «Арлан» жеке кәсіпкерлік орталығын ашып, ұлттық нақыштағы аяқ-киім түрлері мен әмиян, белбеу сияқты қолөнер бұйымдарын жасап, халық кәдесіне жарар қызметтің ұршығын иіріп отыр. Самғаудың шағын кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен танысып, шеберді әңгімеге тартқан едік. 

Самғау, өзіңіз ашқан кәсіпорын қай кезден бастап жұмыс істеп келеді?      

– 2005 жылы Қытайдың Қабда деген жерінен Атажұртқа келдім. Бастапқыда Өскемен қаласынан ашқан цехымызда қызмет еттім. Цех 2011 жылы сол кездегі облыс әкімі, ұлт жанашыры Бердібек Сапарбаевтың  қолдауымен ашылған болатын. Қазір Астанаға келіп, жеке кәсіпорнын ашып, халықтың тапсырысын орындап жүрмін.

Кәсіпорнымыздың атын «Арлан» деп атадық. Осы атпен брендтеп тауар таңдау белгісін заңдастырып алғанбыз. Бүгінде Бекболат Тілеухан сынды ағаларымыз  отандық өнімге қолдау көрсетіп отыр, қазір  бізді жұрт қолөнер шебері ретінде тануда.

Қазіргі уақытта кәсібіңіз қалай жүріп жатыр?

Бізге қазір тапсырыс жеке адамдар мен шығармашылық ұжымдардан келіп түседі. Бұйымдардың негізгі материалдарын барынша өзіміздің Тараздан алдыруға тырысамыз,  сонымен қатар Қытайдан, Түркиядан тапсырыс негізінде келетін материалдар да бар. 

Өніміміздің бағалары әр қалай, тапсырыс берушінің  қалауынша  соған лайықты етіп жасап береміз. Халықтан 20-25 мыңның көлемінде тапсырыс түседі. Ал, әмияндарды тек тапсырыспен ғана жасап отырмыз. Осы кәсіпті біраз жігіттер үйреніп, өзінің аудан, қалаларында жемісті жұмысын жасап отыр. Біз мұнда аяқ киім, сөмке, белбеуімен қосып жұбымен жасап береміз.

Өзіміздің өнімнің белгісі ретінде "Ұлы Дала" деп жазып отырмыз. Орта есеппен айына 15-20 жұп жасаймыз, күнделіктіні есептесек 100 жұптай жасап отырамыз.

–  Алдағы кезеңде қандай жоспарларды жүзеге асыруды көздеп отырсыздар?

– Алдағы уақытта Астана қаласында өткелі отырған ЕХРО-2017 көрмесіне ұсынсақ деп отырмыз. Сондай-ақ бүгінгі таңда цехты дамыту үшін инвесторлар қарап отырмыз, егер табылып жатса, біздің Қазақстан бойынша таралуымызға мүмкіншілігіміз де, қабілетіміз де бар.

Алдағы уақытта бұйымдарымызды инновациялық жоба ретінде ұсынсақ  деген ой бар, мемлекеттен қолдау көрсетілсе біз үлкен фабрика ашып, кәсібімізді дамытқымыз келеді. Шеберлігіміздің биік шыңы – қоғам қайраткерлерінің біздің аяқ-киімдерімізді киюі.

Сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Ісіңізге береке берсін!

Елдос Тоқтарбай


Еншілес ұйымдар

Серіктестер