astana-view

Өз адамдарыңды қалай қолдауға болады?

2016 жылғы 09 Ақпан
10892 просмотров

Отандық құрылыс материалдарын өндірушілер ҰКП алаңында Мемлекеттік сараптама өкілдерімен кездесті

Кездесу өңірлермен бірлескен селекторлық отырыс форматында өтті. Келесідей мәселелер талқыланды: «Мемлекеттік сараптама» РМК-ның отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі ұсыныстары; ҚР ресурстық сметалық-нормативтік базасында берілген сметалық бағалардың жинағындағы отандық өндірістің құрылыс материалдары; қазақстандық құрылыс материалдарын ЕАЭО елдері аумағына өткізу кезінде кедергілерді азайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

«Мемлекеттік сараптама» РМК бас директорының орынбасары Ерік Едресов мәлімдегендей, «қазақстандық өндірушілердің қандай да бір жабдығына қатысты біздің талаптарымыздың заңға сыйымдылығы туралы көптеген сұрақтар туындауда».

«Осыған байланысты, біз сәулет пен қала құрылысы, экологиялық кодекс пен халық денсаулығы туралы заңнамаларға өзгертулер енгізуді ұсындық. Себебі бізде кешенді бейведомстволық сараптама бар, оған экологиялық, санитарлық-биологиялық сараптамалар кіреді, сондықтан да біз осы кодекстерге өзгертулер енгізгіміз келеді», – деді ол.

Едресовтің әріптесі Тимур Қарағойшин «прайстардан неғұрлым бас тарту керек» деген пікірін қосты. «Егер біздің тауар өндірушілерімізде жаңа құрал-жабдық пайда болса, олардан оның технологиялық картасын талап ету керек және бағалауға, нормативтік базаға ендіру керек. Жергілікті жерлердегі  өндірушілер, сіздерден ағымдағы бағаларға дер кезінде енгізіп отыруды өтінеміз. Егер мұндай жұмыс болмаса, онда бәрі бос сөз болып қала береді»,– деді ол.

Кездесудің модераторы, ҰКП Құрылыс, құрылыс материалдарының өндірісі  және ТКШ  комитеті хатшылығының хатшысы Данияр Изатуллин Ұлттық палатаның Мемсараптамамен күш біріктіруін тұтасымен қолдайтынын атап айтты. «Бұл отандық өндірушілердің мүддесі үшін жасалуда. Біз өз тарапымыздан, осы жұмысқа атсалысамыз», – деді ол.

Өз кезегінде «Мемлекеттік сараптама» РМК ҰКП-на құрылыс материалдарын және бағалар мен техникалық сипаттамалар бойынша ақпаратты қалыптастыруға арналған отандық құрал-жабдық өндірушілердің тізімін беруге дайын.

«ҚазҚАҒЗЖИ» АҚ өкілі Айгүл Тілеубердина баяндағандай, Құрылыс өнімдерінің жіктеуіші және Баға мониторингі бағдарламасы құрылған. Өңірлерде регистраторлар құрылыс материалдарының прайс-парақшаларын рәсімдейді және «ҚазҚАҒЗЖИ» АҚ-на береді. Бүгінгі күні базада 3000-дай өндіруші бар.

«ҚазҚАҒЗЖИ» АҚ Баға белгілеу орталығының директоры Бауыржан Жанұзақов жобаларда жаңа құрылыс материалдарының қолданылуына назар аударды. Өнімді жобалау ұйымдары пайдалануы үшін жай ғана прайс-парақша ұсынып қою жеткіліксіз, деп атап көрсетті ол, себебі жобалаушы өнімді, сметалық-нормативтік базадағы құрал-жабдықты өз көзімен көрмейді, осыған байланысты Жаңа технологиялар тізімі құрылған.   Өндірушілер, өнімді стандарттаумен, сертификаттаумен қатар,  технологиялық карталарды әзірлеуі қажет. Қазіргі сәтте «ҚазҚАҒЗЖИ» АҚ 40 технологиялық карта, 345 сметалық норма әзірлеп қойды.  

Құрылыс материалдары өнеркәсібі қауымдастығының президенті Марал Томпиев Мемсараптамада келтірілген қазақстандық мазмұн жөніндегі мәліметтерге күмән білдірді. «2014 жылы өнеркәсіп нысандарында қазақстандық мазмұнның 29,9%-ы болды, ал 2015 жылы – 72,1%. Экономист   ретінде менің бұған көп күмәнім бар. Бірден осыншалық өсім болуы мүмкін емес. Демек, 72,1% жергілікті локализация ескерілмей отыр. Осы кестені құрастырғандар, әрбір құрылыс материалының локализациясын шығарсын, сонда цифрлар да анағұрлым төмен болады», – деді ол.  

Томпиев Алматы өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен қауымдастық локализациясы 50%–дан асатын құрылыс материалдарын өндірушілер тізімін құрастырған. «Құрылыс материалдарын шикізат күйінен дайын қазақстандық өндіріс өніміне дейін жеткізетін дәл осы компанияларға артықшылық беру керек. Керісінше, құрастырумен айналысатындарға емес», – деп атап өтті ол.

Маңғыстау облысының ұлутас өндірушісі Мәди Меңдалиев әрбір өндіруші өз өнімін байланыс мәліметтерімен қоса тіркеп отыра алатын біртұтас база құру қажет деп атап көрсетті. «Маңғыстау облысы көп жылдар бойы ұлутастан салынды. Ал қазір жобаларды 4 есе қымбат кеуек бетоннан қалайды. Менің  көзқарасым бойынша, бұның түкке қажеті жоқ, оған қоса бізде тас жеткілікті, біз, өндірушілер, оны қалай іске асыратынымызды білмей отырмыз», – деп қосты бизнесмен.

Данияр Изатуллин отандық тауар өндірушілердің бірыңғай базасы құрылып қойғанын атап айтты. «Бұл жұмыс бұрыннан жүргізіліп келеді. Бүкіл мәліметтерді жинау ісімен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, яғни, дәл осы біздің Хатшылық  айналысады. Біз сіздерге қажетті формаларды жібереміз, оларды толтырасыздар, сөйтіп біздің тізімге кіресіздер, біз сіздерді әрі қарай жылжытатын боламыз. Сондай-ақ, ҰКП медиа-жоспар әзірлеу үстінде. ҰКП сайтында өндірушілердің роликтері, презентациялық материалдары орналастырылған, осыған орай сіздерден ҰКП-мен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді сұраймыз», – деді ол.

«ҚазҚАҒЗЖИ» АҚ-ның Маңғыстау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасында отандық өндірушілермен кездесулер өткізуі жайында келісімдер жасалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер