astana-view

Бизнестің жолындағы бөгеттерді жою керек

2016 жылғы 11 Ақпан
- Шымкент қаласы
12765 просмотров

Кәсіпкерлердің 130 миллион теңгесі өздерінде қалды

Негізсіз айыппұлдар мен салықтардан бас тартып, үнемделген соманың көлемі осындай. Палатаға келіп түсетін әрбір үшінші шағым кәсіпкерлердің пайдасына шешілуде  (309 шағымның 128-і). Ал, қалғандарына консультативтік-құқықтық көмек көрсетілді және түсіндірмелер берілді.

ОҚО Кәсіпкерлер палатасында өткен брифингте құқықтық блок құқық қорғау жөнінде атқарылған жұмыс туралы есеп берді. Жылдың бірінші айы қорғауды сұрап өтініш білдіргендердің едәуір көбейгенін көрсетті, бұл, Палатаға деген сенімнің өскенін дәлелдейтіні сөзсіз. ӨКП-на келіп түсетін өтініштердің саны ай сайын өсіп келеді. Қаңтар айында қаралған өтініштердің 50 пайызы бизнесмендер үшін оңтайлы шешімін тапты.

Кәсіпкерлік субъектілері өтініштерінің басым көпшілігі – жартысына дерлігі – жер қатынастары саласындағы (47%), сәулет және қала құрылысы (20%), ауыл шаруашылығы және өңірде мемлекетттік бағдарламаларды іске асыру кезіндегі бұзушылықтарға қатысты болып отыр (17%).

«Кәсіпкерлердің бізге шағым жасауының басты себебі – әртүрлі  инстанциядағы мамандардың шағымдарды қарау мерзімдерін кешеуілдетуі, – дейді ОҚО КП директорының орынбасары Ғазизбек Натбаев. – Бүгінгі таңда Палатада әкімдікпен тығыз байланыс орнатылған, бұл проблемаларды барынша тиімділікпен шешуге және бизнестің жолындағы бөгеттерді алып тастауға мүмкіндік береді».

Оған қоса, арнаулы қатынас топтары жақсы нәтиже беруде, олар көптеген даулы мәселелерді жедел әрі ресми хаттарсыз шешу үшін құрылған. «Кейде кәсіпкерлердің өздері де қателік жіберетін кездер болады. Мұндай жағдайларда біз оларға жағдайдың мәнісін түсіндіріп береміз», – деп ағынан жарылды ОҚО КП әкімшілік кедергілерді жою және құқық қорғау жөніндегі бөлім бастығы Тимур Нақыпбеков.  

Жаңа жылдан бастап көптеген заңдар пайда болды және нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізілді. Осыған байланысты бірқатар қадағалаушы инстанциялар кәсіпкерлердің жаңалықтармен таныс еместігін өздерінің пайдакүнемдік мақсатына жаратады. Сол себепті Палата таяу уақытта заңнамалық актілерге енгізілген жаңа өзгерістерге байланысты шағымдардың жаңа толқынын күту үстінде.

Әсіресе, Палата заңгерлері нормативтік-құқықтық актілерге сараптама жасау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Өткен жылы ӨКП қарауына нормативтік-құқықтық актілердің 189 жобасы келіп түскен. 170 сарапшылық тұжырым, 29 – ескертулері мен ұсыныстары бар сарапшылық тұжырым берілді, 25 ескерту қабылданды, ескертулері бар 4 сарапшылық тұжырым жергілікті атқару және өкілдік органдарының қарауында жатыр. 

Өткен жылы Кәсіпкерлер Палатасы Прокуратурамен әріптестік қарым-қатынас аясында мемлекеттік мекемелер көрсететін қызметтерді бірлесіп талдау тәжірибесін енгізді, сондай-ақ, құрылыс саласында бірлескен тексерулер жүргізді, бұған мердігерлердің нысандарға тапсырыс берушілердің міндеттерін кәсіпкерлердің иықтарына артып қойғаны үшін олардың үстінен шағым жасалуы себеп болды. Тексеру нәтижесінде 12 шенеунік тәртіптік жазалаудың түрлі шараларына  тартылды.

ОҚО аудандарындағы прокуратурамен бірлескен тексеру жер пайдалану және құрылыс салалары бойынша меншік құқықтарын алу кезінде кәсіпкерлер құқықтарын бұзудың 3000-нан астам фактісін айқындап берді.       


Еншілес ұйымдар

Серіктестер