astana-view

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

2016 жылғы 11 Ақпан
- Жетісу облысы
9446 просмотров

Өнімді тікелей сату жүйесі өңір фермерлерінің нарыққа бірден шығуына  жол ашады.

Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесу барысында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының агроөнеркәсіп кешені жөніндегі кеңесшісі Александр Самойлов Кооперацияның артықшылықтары жайында айтып берді.

Фермерлердің бытыраңқылығы отандық аграрлық сектордың қарыштап дамуына кедергі келтіріп отырған басты проблема. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту –  саланың экстенсивтілікті ұдайы өсуден интенсивті өсуге ауысу үрдісінің ұзаққа созылуы салдарынан туындаған «ұсақ тауарлылық» проблемасын еңсерудің негізгі тәсілінің бірі.   

Алматы облысында қолға алынған  қанатқақты жоба өнімді  тікелей сату Жүйесін дамытуға бағытталған. Бұл жүйе өнім пулын нығайту және нарыққа тікелей шығару, дайындау бекеттерін ұйымдастыру арқылы  ауыл шаруашылығы өндірушілерін шоғырландыруға  негізделген. «Уақыт өте келе мұндай бірнеше кооператив қосылып Кооперативтер қауымдастығын құру арқылы  қала тұрғындарына  «Жетісу өнімдері»  брендімен шығарылатын азық-түлік өнімдерін ұсыну үшін,  Алматы қаласында сауда-логистикалық орталық  салуға, сондай-ақ,  сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік ала алады», – дейді ҰКП Басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен  биыл Үкімет «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» жаңа заң жобасын әзірлеуі тиіс. Жобада  Қазақстандағы агроөнеркәсіптік интеграцияны дамытуға  заң негізінде жағдай жасау қарастырылмақ.   

«ҰКП кооперацияларды дамыту процесіне белсенді қатысуда. Үкіметтегі жетекші ведомстволар ауыл шаруашылығына қатысты жобаларға үлкен қызығушылық танытып отыр, – деп атап өтті Александр Самойлов. – Барлығы да қарапайым әрі нақты шаралар жүргізілгенін қалайды.  Кәсіпкерлер палатасы  бүгінгі таңда Алматы облысының ауылшаруашылық өнімдерін Алматы қаласында саудалау туралы келіссөздер жүргізуде».

Сондай-ақ, Самойловтың пікірінше, ауыл шаруашылығына қажетті маман дайындаудан бастап, өнімді өткізуге дейінгі механизмдерді барынша тиімді пайдалану үшін, бұл саланы  мамандандыру және шоғырландыру қажет. Ауыл шаруашылығын мамандандыру бүкіл экономикадағы ғылыми-техникалық прогреспен өзара тығыз байланысты. Сол себепті осы жылдан бастап ҰКП Уәкілетті орталықтар құруды қолға алмақ. Бұл орталықтар  жауапты «мекен-жайды» дәл тауып, нақты сұрақтарға жауап ала алады: мысалы, алманың қандай да бір сұрпын қалай өсіруге және сақтауға болады және т.б. Кездесудің басты мақсаты кооперацияның артықшылықтарын түсіндіріп беру ғана емес, сонымен бірге, оны дамытуға кедергі жасап отырған проблемаларды жүйеге келтіру болып табылады.

Кездесуде кәсіпкерлер өз проблемаларымен бөлісті, олардың негізгісі қаражат тапшылығы. Ауыл шаруашылығын кім қаржыландырады? Екінші деңгейлі банктер кепіл сұрайды  немесе алыс аудандарды қаржыландырудан мүлде  бас тартатыны жасырын емес.

Кішігірім шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылық бірлестіктерінің қаржылық, техникалық және технологиялық мүмкіндіктері салыстыруға келмейді  

Ауылдағы өндірісте су қолданатын тұтыну кооперативтері мен  ауылшаруашылық серіктестіктер үшін арнайы салық режімі мен жеңілдетілген несиелеу түрінде мемлекет тарапынан қолдау шараларының болмауы,  кооператив қызметтерінде жариялылықтың жоқтығы және кооператив мүшелерінің бір-біріне деген сенімсіздігі қиындық тудырып отыр. Шағын шаруашылықтарды келешегі зор, ірі кооперативтерге шоғырландыру – ауыл шаруашылығын дамыту мен бәсекеге қабілеттілікті арттырудағы ең оңтайлы шешім және табысқа бастайтын жол.

Жоғарыда аталған кедергілерді жою мақсатында министрлік «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» және «Ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын әзірледі. Бұл жобаларға сәйкес,  заңды және жеке тұлғалар өндірістік кооперативтің ұйымдық-құқықтық формасында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құра алады.  Үкіметтің бұл  заң жобаларында кірісті бөлу мүмкіндігі және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арналған арнайы салықтық режимнің шектеусіз таралуы қарастырылған.

«Кооперативтер құру отандық өндірушілердің кепілсіз несиелер, субсидиялар алуына және өндірілген өнімді өткізу кезінде арнайы салықтық режімді қолдану  арқылы Қазақстанның сапалы етін экспорттау  бойынша ДСҰ мен ЕАЭО нарықтарында бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева.

Алматы облысында ауыл шаруашылығымен айналысатын 47 мыңнан астам заңды тұлға бар. Облыс құнарлы жерлері мен су ресурстары бойынша елімізде теңдесі жоқ өңір болып саналады. Ауыл  шаруашылығы – облыс экономикасының басты салаларының бірі. Облыстағы бұл саланың табысты болуы шикізатты  қайта өңдеу, тасымалдау, сақтау және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатумен айналысатын көптеген кәсіпорындардың да табысы екенін естен шығаруға болмайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер