astana-view

Фермерлер қолдау күтуде

2016 жылғы 12 Ақпан
10417 просмотров

Аграрлық бизнес өкілдері Қазақстан Үкіметін АӨК саласындағы проблемаларды белсендірек шешуге шақырды

Мәселелер, проблемалар, міндеттер, болжамдар. Бүгін елдің түкпір-түкпірінен жиналған 320 делегат қатысқан Астанадағы Қазақстан фермерлері Съезі осындай іскерлік нотамен ашылды.

Съезд жұмысына Ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков қатысты.

Форум жұмысын ашу кезінде Қазақстан фермерлері одағының төрағасы Әуезхан Дарынов отандық аграрийлердің проблемаларына тоқталды. Солардың бірі ұсақ фермелердің банк несиелеріне қол жеткізе алмауы. Дарыновтың айтуынша, ірі фермерлер құнды кепіл мүлкін қамтамасыз ете алғанымен, ұсақ фермерлер мұндай кепілдіктер ұсына алмайды. «Бұдан басқа әлеуетті қарыз алушылар ақыр аяғында қарыз алуды қолжетімсіз ететін өзге де қосымша жағдайлармен кездесіп жатады», – деді Дарынов.

Ауылдық салық төлеушілерге көптеген проблемалар тудырған Салық кодексіне енген түзетулер туралы да көп айтылды. «Жерлерді тиімсіз пайдаланумен күресу мақсатында Салық кодексіне енгізілген түзетулер күшіне енген соң, фермерлер үлкен қиындықтарға тап болды. Қожалықтардың жекелеген топтарына салынатын салық жүктемесі бірнеше есеге өскен, бұдан бөлек кодексте бүгінгі күні арнайы салықтық тәртіп бойынша жұмыс жасайтын ұсақ қожалықтар қызметіне қиындықтар әкелетін қарама-қайшылықтар бар», – деп мәлімдеді ҚР Фермерлер одағы басшысы.

Елдің бас фермері жер мәселесіне айрықша назар аударды.

«Әзірлеушілердің ойынша, фермерлер жерлерді бір жыл ішінде сатып алулары керек болған, яғни бұған дейінгі жылдарда мемлекет ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлердің 1,1%-ын сатып өткізген болса, қалған 98,9%-ды бір жылдың ішінде олар (шенеуніктер) қалай  өткізбекші екені мен үшін шешуі қиын жұмбақ. Тағы бір түсініксіз жайт: фермерлер жерлерді сатып алуға 500-600 миллиард теңгені қайдан алмақ?», – деп Әуезхан Дарынов таңданысын жасырмады.

Ол бұған дейін «мемлекет қаржы институттары арқылы фермерлерге осы мақсатты іске асыру үшін 3% пайыз жылдық мөлшерлемемен қарыз беруді көздегенін, алайда кейін бұл ұсыныс жобадан алынып тасталғанын» алға тартты.

«Әзірге белгілісі шенеуніктер қазақстандық ауылдардағы шынайы көріністен хабары жоқ, сондықтан біз оларды Фермерлер одағының пікіріне құлақ асуға шақырамыз. Біздің елдегі көптеген заңдар мен нормативтер тым асығыс қабылданады, негізінде керісінше оларды қабылдау үшін айлар емес жылдар қажет еді. Мәселенің ұшығы осында жатыр», – деп түйіндеді Әуезхан Дарынов.

Съездің өзге қатысушылары да өз пікірлерін жеткізуде қалыс қалған жоқ. Олар өзекті деген, жекелей айтсақ, өз өнімдерін өткізудегі тәжірибенің аздығы туралы, дағдарыс жағдайындағы мүмкіндіктер мен перспективалар турасындағы мәселелерді қозғады. Қазақстанның азық-түлік импортына кеткен шығындар динамикасын көрсететін көптеген деректер мен есептер келтірілді. Мәселен ҚФО мәліметінше, 2015 жылдың 11 айы ішінде Қазақстан азық-түлік тауарларын импорттауға шамамен 3 млрд. доллар жұмсаған. Бұл жағдай отандық аграрийлер мен фермерлерді қуантып отырмағаны анық.

«Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруді үйрендік, алайда өз өнімдерімізді сату мәселесіне келгенде ақсап тұрмыз. Бүгінгі күні сатуды ұйымдастыруды неғұрлым жылдамырақ меңгеруіміз қажет», – деген пікір бүгінгі съезд барысында бір емес, бірнеше рет айтылды. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер