astana-view

Ұлттық Банк ақша ағынын қадағалайды

2016 жылғы 15 Ақпан
8232 просмотров

Реттеуші елдің сыртқы экономикалық операцияларына бақылауды күшейтеді

Қазақстандық компаниялардың экспорттан түсетін кірістері Ұлттық Банктің қатаң бақылау нысанына айналуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында бүгін Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев хабарлады.  

«Сондықтан да біздерде экспорттан валюталық түсімнің қандай көлемі Қазақстанға қайтарылып, қандай көлемі шетелдік банктердің есепшоттарында қалып қоятындығы жайында ашық ақпарат болуы керек. Ол үшін сыртқы экономикалық операцияларға және кәсіпорындардың қызметі талап етпеген жағдайда сатып алатын валютасына тыңғылықты мониторинг жүргізу қажет», – деді Д.Ақышев.

Ұлттық Банк төрағасы сондай-ақ, Қазақстанның ағымдағы валюта нарығының ахуалына және валюта бағамы динамикасындағы бизнес реакциясына баға берді. «Нарыққа қатысушылар айырбас бағамының артуына және төмендеуіне қатысты құбылмалыққа біртіндеп үйреніп келеді. Бұған қоса, оның динамикасын айқындайтын факторларды да жақсы түсіне бастады», – деді Д.Ақышев.

Осы орайда, ол «осының арқасында Ұлттық Банк айырбас бағамына қосымша қысым жасауда тәуекелсіз пайыздық мөлшерлемені реттеу және банктердің өтімділігін қамтамасыз еудегі рөлі күшейді» деген пікірін білдірді.  

Данияр Ақышев «енді 2016 жылы теңге бағамын түзету әсері бағаға тікелей пропорционалды ықпал етпейді» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, «2015 жылы теңге бағамының әлсіреуінен өткен жылдың қорытындысында инфляция 13,6 пайызды құраған». 

«Инфляция дәлізін 6-8 пайыздық деңгейдегі қалпына келтіру бірлескен күш-қайратты талап етеді және Ұлттық Банк пен Үкіметтің бірлесіп қимылдауына тәуелді болмақ»,– деді Д.Ақышев. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер