astana-view

Бизнес ашу және кеңейту

2016 жылғы 15 Ақпан
- Ақмола облысы
9677 просмотров

Жарқайың ауданындағы ӨКП филиалының сарапшылары кәсіпкердің бизнесін кеңейтуге көмек көрсетті

Бизнесвумен Наталья Пасынкова ӨКП жергілікті филиалына өткен жылдың қыркүйегінде хабарласып, несие алу бойынша кеңес сұраған. Кәсіпкер өзімен аттас «Наташа» деп аталатын азық-түлік дүкенінің иесі. Айта кету керек, сауда нысаны ел арасында үлкен танымалдылыққа ие: мұнда наннан бастап жеңсік асқа дейінгі заттың бәрін сатып алуға болады.

Дүкеннің шаруасы дөңгелеген соң, кез-келген кәсіпкер сияқты Пасынкова да бизнесін кеңейтуді жоспарлайды. Ал, кеңейту үшін, бос алаңдар қажет. Бұл жерде маңызды бір детальды айту керек: бизнесвумен дүкенді жалға алу тәртібімен пайдаланған, сондықтан, аталған ғимаратқа қандай да бір өзгерістер енгізуге немесе жаңадан қайта жоспарлауға мүмкіндік болмаған. Бизнесвумен тәуекел жасап, өзінің жеке ғимаратын сатып алуға шешім қабылдайды әрі мұнысы дұрыс боп шықты.

Ыңғайлы нысан тез табылады: ол бірнеше жылдан бері қолданыста болмаған бұрынғы сауда үйінің ғимараты. Нысанның иесі баяғыда-ақ Державинск қаласынан тыс жерге көшіп кеткен. Кәсіпкер онымен ұзақ уақыт байланыс орната алмағандықтан, онымен сатып алу-сату шарттарын талқылауға еш мүмкіндігі болмайды.     

Сол сәтте оған ӨКП филиалының сарапшылары көмек көрсетеді. Олар ғимарат иесінің координаттарын тауып қана қоймай, онымен алдын ала келіссөздер жүргізеді. Сәтті нәтижеге көз жеткізген соң, Наталья Пасынковамен байланысқа түседі.

Қазіргі таңда бизнесвумен «Наташа» дүкенінің ғана емес, әрі «Кристалл» шағын маркетінің де иесі. Жергілікті жұрттың пікірінше, күрделі экономикалық ахуалға қарамастан, оның ашылуы Державинск қаласының даму көрсеткіштерінің бірін көрсетеді. Сауда нысандарының саны көбейген сайын халықтың да әл-ауқаты жақсара түседі.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер