astana-view

Күтімсіз өткен 25 жыл

2016 жылғы 17 Ақпан
- Қарағанды облысы
10762 просмотров

Қарағандының 80-ге жуық көпқабатты үйі иесіз коммуникациялық желілерге қосылған

Соған қарамастан олар коммуналдық есептер үшін ақы төлейді, оның ішінде қызмет көрсету құны да бар. Ал жергілікті органдар желілерді қызмет көрсетушілірдің балансына беруге асығар емес. Соның кесірінен екі жақ та ұтылып отыр.   

Иесіз желілер проблемасы Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасының энергетика және ТКШ комитетінің отырысында қаралды.

Нұртай Әшляев  – ТКШ-ны жетілдіру мемлекеттік бағдарламасы бойынша қарағандылық көп қабатты үйлерді жөндеумен айналысатын «ЖилСоцСервис» ЖШС-нің директоры. Ол қараусыз қалған жылу-энергия желілеріне қатысты проблемаға тап болған, ондай үйлер бұл қалада өте көп болып шықты.

«Жақында пайдалануға берілген тұрғын үйлерді өз қарауымызға алған соң, біз сапасыз құрылыс фактілері жиі кездесетінін өз көзімізбен көрдік. Жаңа үйлердің тұрғындары су басқан жертөле, тесік шатыр, электр және сантехникалық жүйелердің сапасыз монтажы және т.с.с. проблемалармен жиі шағымданады. Пәтер иелері коммуналдық қызметтердің ақысын төлеп жүр, бірақ инженерлік желілер әлі күнге дейін «Қарағанды Су» және  «Теплотранзит» ұйымдарының балансына алынған жоқ. Апатты жағдайларда, мысалы, кәріз құдығы бітеліп қалған кезде оның салдарын жою үшін қосымша ақша шығаруға тура келеді», – дейді бизнесмен.

Коммуналдық кәсіпорын өкілдерінің сөзінен ұққанымыздай, аталған желілерді балансқа алу оңай емес екен. Біріншіден, құқық белгілеуші құжаттар жоқ, екіншіден, шенеуніктердің бюрократиясы әуре-сарсаңға салады. Оған қоса, Азаматтық кодексте иесіз қалған желі анықталған соң ол бір жыл бойы иесіз деген мәртебемен әділет департаментінде тұруы тиіс. Тек содан кейін ғана тендер жарияланады және қызмет берушіге беріледі.

Бірақ, кәсіпкерлердің түсінбеушілігін туғызатыны, КСРО тарап, келмеске кеткелі 25 жыл өтсе де, сол кездегі желі қожайынының құқықтарын сақтап отыра береміз бе?

Комитет төрағасы Серік Төрегелдин заңнамаға өзгертулер енгізбей, жағдайды түзеу мүмкін еместігіне сенімді. Н.Әшляев те: «Жергілікті атқарушы органдар салғырттық жасап отырғаны анық. Мәселе түсінікті –кедергілер мен проблемаларды қолдан жасаудың керегі не?», – дейді.

Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Арман Жұмекенов жергілікті органдар тұрақты түрде инвентаризациялау жүргізіп отыратынын айтты. «Осыдан бірнеше жыл бұрын иесіз желілерге қосылған үйлер саны 270 болатын, ал қазір 78 қалды», – деп баяндады ол.

Үкімет 4 жыл бұрын қараусыз  қалған желілерді кәсіпорындардың иелігіне беру жұмыстарын 2014 жылға дейін аяқтау туралы тапсырма берген болатын. Сонымен, қала әкімінің орынбасары бұл мәселені таяу арада шешуге уәде берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер