astana-view

Бос жұмыс орны сізді күтуде

2016 жылғы 17 Ақпан
- Жамбыл облысы
11214 просмотров

Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ӨКП қолдауымен жұмыс жәрмеңкесін ұйымдастырды

«Баласағұн» Орталық концерттік залының кіреберісіндегі қарақұрым ел бір қарағанда танымал әншінің концертіне жиналғандай көрінеді. Бірақ бұл жолы мұнда концерт билеттерін емес, жұмысқа шақыру «қағаздарын» үлестіруде. Жұмыс берушілер үстеліне жұмыс іздеп келгендер қарасы аз болмады. Бұған таң қалудың қажеті де жоқ, себебі елде дағдарыс, ал жұмысқа тұру анау айтқандай оңай емес. Дегенмен, ресми деректерге сүйенсек, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз, яғни қолайлы дәлізде тұрақтап тұр, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған жамбылдықтар үлесі 49,6-дан 46,5 пайызға дейін азайған.

Былтыр осындай 28 жәрмеңке өткен, ал биыл алғаш рет ұйымдастырылған жәрмеңкеде 65 жұмыс беруші 380 бос жұмыс орнын ұсынып отыр.

Ресейлік «ЕвроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС компаниясы Жамбыл облысында құны шамамен екі миллиард АҚШ доллары болатын күрделі минералды тыңайтқыштар өндіретін ірі жобаны жүзеге асыруда. Кәсіпорынның әкімшілік директоры Владимир Бугаёв та қажетті кадрларды іздеу мақсатында жәрмеңкеге барды.

«Біз кен уату цехын салып қойдық, өндірістік цикл дәл осыдан басталады, –дейді В.Бугаев. – Жобаның болашағы зор, сонымен бірге экологиялық тұрғыдан қарағанда қалатын қалдықтар мөлшері өте аз. Біз кезіккен проблемалардың бастысы – мамандардың жетіспеуі. Кәсіпорын кадрларды іріктеу тұжырымдамасын жасап шығарды, оның аясында өңірлік кәсіпкерлер палатасымен ынтымақтаса жұмыс жасаудамыз. Бізге химия саласындағы барлық мамандықтар қажет, сол үшін  жергілікті ЖОО-мен қоян-қолтық жұмыс жасап отырмыз.

«ЕвроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС таяудағы төрт жылда екі мың жұмыс орнын ашпақ. Өндіріс технологиялық жағынан толық жабдықталған. Жоғары автоматтандыру деңгейіне ие кәсіпорынға жай ғана жұмысшылар емес, операторлар, инженер-механиктер және жоғары білікті мамандар қажет. Осы мамандықтар бойынша үшінші курс студенттерін кезең-кезеңмен дайындап, болашақта ресейлік химиялық кәсіпорындарға тағылымдамадан өтуге жіберетін боламыз. Цех мастерін, технологтарды және бақылау-өлшеу приборларымен жұмыс жасайтындарды колледжерде дайындайды. Кейбір мамандар қажеттілігі қазірден бастап туындап отырғандықтан, біз осында келдік», – деді Владимир Бугаев.

Тараз қалалық №2 аурухананың атынан келген қызметкерлерді басқару қызметінің басшысы Аида Төлен бағбан, қара жұмысшы және кір жуу үйіне үтіктеуші іздеп келіп отыр.

«Жамбыл Недр» ЖШС да өңірлік палатамен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Ол М-400 және М-500 маркалы цемент өндіретін зауытты іске қосуды көздеп отыр. Зауыттың жобалық қуаттылығы бастапқыда жылына 300 мың тонна болса, кейін бұл көрсеткіш ақырындап бір миллионға дейін жетеді деп жоспарланып отыр.

«Бізге химик-технолог, инженер-технолог, химик-зертханашы секілді мамандар, тарту кешенінде, күйдіру цехында жұмыс жасайтын операторлар қажет, – дейді «Жамбыл Недр» ЖШС бас директоры Асхат Іңкәрбеков. – Өкінішке қарай, бүгін бұл мамандықтар тапшы, десек те біз қажетті мамандар табамыз деп ойлаймыз. Тұтас алғанда 178 жұмыс орны құрылатын болады.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды, жабдықтардың 70 пайызы монтаждау жұмыстарынан өтті. Сәуір айының соңында  зауыт алғаш рет іске қосылады. Зауытқа салынатын инвестиция толығымен жекеменшік. Біздегі басты проблема электрмен және газбен жабдықтау, кәріз жүйесі, сумен және байланыспен қамту секілді қажетті инфрақұрылымды жасау болып отыр.

«Бизнестің жол картасы – 2020» және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында мемлекеттік қолдауға қол жеткізу мәселесі бойынша Кәсіпкерлер палатасына арқа сүйеп отырмыз.

Палатамен бірлесе отырып, өз өндірісімізге техникалық кадрларды даярлау мақсатында жергілікті колледждердің бірінің басқарушылық құрамына кіру мәселесін қарастырып жатырмыз. Бүгінде «Жамбыл Недр» ЖШС-нан Қаратау гуманирлық-техникалық колледжінің студенттері үнемі тәжірибеден өтіп тұрады, ал біз мемлекеттік емтихан комиссиясының жұмысына қатысамыз», – А. Іңкәрбеков.

Облыстық бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыруда өңірлік кәсіпкерлер палатасы белсенділік танытты.

«Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасы жәрмеңкеге 168 бос жұмыс орнын ұсынған алты ірі кәсіпорынның қатысуын ұйымдастырды»,–дейді өңірлік палата бөлімінің басшысы Бағила Абдулдаева.

Биыл Жамбыл облысы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдем берудің белсенді шаралары арқылы 22 мың адам қамтылады деп көзделген. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы өз тарапынан жергілікті еңбек нарығын мейлінше талдау негізінде дуальды оқыту жүйесін дамыту, жұмыс беруші мен оқу орындары арасындағы өзара тиімді әрекеттестікті ұйымдастыру жұмыстарын жалғастырмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер