astana-view

Іскер әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісті

2016 жылғы 18 Ақпан
- Маңғыстау облысы
6329 просмотров

Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылған Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері Маңғыстау ауданында болды

Басқосудағы мақсат – жеке кәсіппен айналысатын әйел адамдардың алдында тәжірибелерімен бөлісу және кәсібін енді бастағалы жүрген кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беру.

Аудан әкімдігінің ғимаратында өткен кездесуде алғашқы болып сөз алған Сәуле Халелова кәсіпкерлік бағытындағы бірнеше маңызды мәселелерді қозғады, әсіресе өндіріс саласын дамытуға ерекше тоқталды. Мәселен, ауданда кең тараған түйе шаруашылығында алынатын өнім – түйе жүнін тиімді пайдаланып, түрлі тоқыма өнімдерін, киіз өнімдерін шығару, әсіресе түйе жүнінің шетелде ерекше бағаланатынын ескере отырып, оны экспортқа шығару секілді мәселелерді айтып өтті.

Сондай-ақ, қандай да болмасын істің басында әйел адамның тұратынын, әйел отбасының ұйытқысы екенін, нәзікжандылар өз кәсібін ашып, оған өз отбасымен жұмыла кіріскенде ғана мол табысқа кенелетіндігін баса айтты. Яғни, отбасылық кәсіпті дамыту өте тиімді дей келе, 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде облыс кәсіпкерлері дайындаған ерекше өнімдерді көрсету қажет екендігін еске салды. 

Мұнан соң сөз кезегі жеке кәсіпкер, кеңес мүшесі Ұлдай Тлеумағамбетоваға берілді. Ол өзінің бизнеске бет бұрғанына 20 жылдай уақыт өткенін, мемлекет тарапынан үнемі қолдау көріп келе жатқандығын айтты. Қазіргі таңда өз кәсібін ашуға мемлекет бірқатар жеңілдектер жасап отырғанын тілге тиек етті. Сондықтан, кездесуге қатысқандарды өз кәсібін ашып, табыс тауып, екі қолға бір күрек таппай жүргендерді жұмыспен қамтып, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосуға шақырды.

Сонымен қатар, жиынға қатысқан әйелдердің сауалдарына «Даму» қорының, «ҚазАгроҚаржы» серіктестігі және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өкілдері жауап берді. «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», ауыл шаруашылығын қолдау мемлекеттік бағдарламасы, лизинг бойынша техника және құрал-жабдықтар алудың жолдары, «Өз үйім», «Өркен», «Бастау» атты жаңа бағдарламалар туралы ақпарат беріп өтті.

Кездесуден кейін облыстан келген топ ауданның іскер әйелдері жүргізіп отырған кәсіпкерлік нысандарды аралап, олардың жұмыстарымен танысты.

Айта кету керек, бұған дейін Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері Түпқараған ауданының әйелдерімен кездесу өткізген болатын. Ендігі кезекте моноқала атанып кеткен Жаңаөзенге баруды жоспарлап отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер