astana-view

Әйелдер бизнесі: табысқа жетуге болады

2016 жылғы 19 Ақпан
- Солтүстік Қазақстан облысы
13543 просмотров

Солтүстік қазақстандық бизнесвумен қауымы әйелдер кәсіпкерлігін несиелеу бағдарламасымен танысты

СҚО Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі арнайы ұйымдастырған осы тақырыптағы дөңгелек үстел бизнес саласында жұмыс істейтін нәзік жандарға арналды

 «Бизнесті дамытудағы маңызды мәселенің бірі қаражат екендігі құпия емес, сол себепті біздің бүгінгі кездесуіміздің тақырыбы – «Әйелдер бизнесін тиімді жүрізуге арналған бағдарлама». Қазіргі таңда республикада кәсіпкерлерге қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар бағдарламалар бар. Осы бағдарламалар ұсынатын құралдардың мән-жайын білу үшін бізге бүгін «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры, Дельта Банк, Аграрлық несие корпорациясы, СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасы, сондай-ақ, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы көмектеседі», – деп атап өтті дөңгелек үстелді ашқан СҚО КП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Райхан Абдрахманова.

Бір сөзбен айтқанда, мәжіліске 50 кәсіпкер әйел қатысты, оның ішінде облыстың 13 ауданы бейнеконференция арқылы қатынасты. Олардың арасында мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысушылар бар, олар басқа әйелдермен өз тәжірибесін қуана бөлісті.

Мәжілісте Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығының кеңесшісі Рахымбек Зейнуллин «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қорының қолданыстағы бағдарламаларымен таныстырды.  

Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы – 2020» Қолдау және дамыту жөніндегі бірыңғай бағдарлама төрт бағытты қамтиды: жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, салалық қолдау, валюталық тәуекелдерді төмендету, қолдаудың қаржылық емес шараларын ұсыну.

Бірінші бағыт бойынша қаржылық қолдауға моноқалалардың, шағын қалалардың және ауылды елді мекендердің жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлері иек арта алады. Бұл жағдайда несиені қызметтің кез келген түрі үшін, салалық шектеулерсіз алуға болады. Екінші бағыт бойынша, экономиканың басым секторларына қамтылған кәсіпкерлер, сондай-ақ, ҮИИДБ-да анықталған өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы кәсіпкерлер қолдауға ие болады. Дәл осы кәсіпкерлер валюталық тәуекелдерді төмендету жөніндегі үшінші бағытты да пайдалана алады. Ал, қаржылық емес қолдау шаралары үшін кәсіпкерлер, «Даму» қоры жанындағы Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығына, СҚО Кәсіпкерлер палатасының филиалдары жанындағы Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына жүгіне алады.

«Даму» қорының Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығының кеңесшісі субсидиялау және кепілдендіру тәрізді қаржылық қолдау құралдарына ерекше назар аударды.

«Субсидиялауға жаңа инвестициялық жобаларды және өндірісті жаңғырту, кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру үшін берілетін жаңа несиелер, сондай-ақ, банктер 4 жыл ішінде берген, несиелерді қайта қаржыландыруға бағытталған несиелер кіреді. Бұл жағдайда 16 %-дан аспайтын номиналды мөлшерлемелік несиелер субсидияланады, оның 10 %-ын мемлекет өтейді, ал айырманы кәсіпкер өзі төлейді. Субсидияланатын несиенің ең жоғары  сомасы бір қарыз алушыға 750 млн теңгені құрайды», – деді Рахымбек Зейнуллин.

Дөңгелек  үстелге қатысушылар алдында  «Дельта Банк» АҚ  Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы директорының  орынбасары Айгүл Мұратова және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының несиелеу жөніндегі жетекші маманы Әлия Кудрякова бизнесті, оның ішінде әйелдер бизнесін қолдау бағдарламалары туралы ақпаратпен бөлісті. 

СҚО-да әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және мемлекеттік қолдаудың ақысыз құралы – бизнесті дамытуға гранттар ұсыну жөнінде СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құралай Жарова жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, өңірде, 2016 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, шағын және орта бизнестің 40 мыңдай субъектісі тіркелген, олардың  40 %-ы, немесе 17,6 мыңы әйел кәсіпкер, олардың ішінде: 16 мыңы – жеке кәсіпкерлік қызмет атқарады, 1,1 мыңы – заңды тұлғалар, 542 – әйелдер басқаратын шаруа және фермерлік қызметпен айналысады.

«Әдетте әйелдер қызметінің түрлеріне біз қоғамдық тамақтандыру, қызмет көрсету, білім беру салаларын жатқызуға үйренгенбіз. Алайда, бүгінгі күні әйелдер таза ер адамдар айналысатын қызмет бағыттарын да игеріп алды, айталық, көлік, өңдеуші өнеркәсіп, өнеркәсіп тауарлары өндірісі. Біздің өңірде әйелдер кәсіпкерлігі субъектілерінің үлкен үлесі - 53%-ы сауда саласында, 11% - қызмет көрсетеді,  9 % - ауыл және орман шаруашылығы саласында,  2 % - өңдеуші салада жұмыс істейді. Мұндағы ең көп жұмыс орнын сауда саласындағы әйелдер кәсіпкерлігі субъектілері ашқан,  45%-ға жуық жұмыс орнын әйелдер ауыл шаруашылығы саласында құрды,  8 % - қызмет көрсету саласында», - деп атап көрсетті СҚО Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құралай Жарова.

Талқылау барысында бизнесмен әйелдер мемлекеттік несиелеу бағдарламаларына, және де екінші деңгейлі банктердің жеке бағдарламаларына қатысу кезінде туындайтын бірқатар проблемаларды көтерді. Олардың ішіндегі ең толғақтысы кепілдер саясатына байланысты.

«Банктердің көпшілігі кепілдік қамтамасыз ету ретінде облыс орталығынан кем дегенде 100 шақырым радиуста орналасқан мүлікті ғана қарастырады. Бұл облыс орталығында жылжитын және жылжымайтын мүлкі жоқ ауыл бизнесмендері үшін үлкен проблема», - дейді Шал ақын ауданының жеке кәсіпкері Анар Ғабдуллина.

Кездесу барысында әйелдер «Даму» қорының кепілдіктерін алудың пайыздық мөлшерлемелерін қайта қарау мәселесіне де назар аударды, себебі кейбір банктер қазірдің өзінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерін көтеріп үлгерді.

Алайда, «Даму» қоры жанындағы Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығының кеңесшісі Рахымбек Зейнуллин түсіндіргендей, пайыздық мөлшермелерді қайта қарау жөнінде әзірге сөз қозғалған жоқ. Оған қоса, облыс аумағында БЖК бойынша жұмыс істейтін 5 банк бұрынғы пайыздық мөлшерлемелермен несие беруді жалғастыруда.

Қысқасы, бизнесвумен қауымы осындай мәжіліс өткеніне ризашылықтарын білдірді, өйткені, олар құзыретті тұлғаларға өздерін толғандыратын сұрақтарды қойды, өз тәжірибелерімен бөлісті, және де жаңа нәрселер үйренді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер