astana-view

Кәсіпкерлер заңгерлердің ақыл-кеңесін тыңдады

2016 жылғы 22 Ақпан
- Астана қаласы
9467 просмотров

Елордадағы Кәсіпкерлер палатасында Астана қалалық Әділет департаменті бірінші рет ашық есік күнін өткізді

Департамент өкілі Зура Жақиянованың сөзінше, мұндай консультациялық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Акцияның мақсатты аудиториясы әр түрлі және ол үнемі кеңейіп келеді. Бұл жолы тегін құқықтық көмекті қала кәсіпкерлері алды.

«Қабылдау мен құқықтық консультация жұмыстарын құрамына Алматы, Есіл, Сарыарқа аудандары әділет басқармаларының, жылжымайтын мүлікті тіркеу басқармасының, атқару өндірісін қамтамасыз ету басқармасының басшылары, әділет басқармасының жауапты қызметкерлері кіретін ақпараттық-насихат тобының мүшелері өткізеді. Сондай-ақ акцияға қаладағы адвокаттар ұжымдарының, нотариалдық палаталардың және бағалаушылар Палатасының өкілдері қатысты», – деді Зура Жақиянова.

Кездесуде кәсіпкерлер тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, олардың әрқайсысына әділет қызметкерлері тиянақты жауап беруге тырысты. Елордалық бизнесмендердің айтуынша, бірқатар заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгендіктен, мұндай кездесулердің маңызы зор.

Алдағы уақытта Астана қалалық Әділет департаменті елорда кәсіпкерлеріне арналған мұндай акциялар өз жалғасын таба беретінін айтты. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер