astana-view

Қызылордалық кәсіпкерлер қайырымдылық көрсетті

2016 жылғы 23 Ақпан
- Қызылорда облысы
13448 просмотров

Қызылордада жақында ашылған паллиативтік көмек беру бөлімшесін жабдықтауға аймақтағы компаниялар мен бизнес өкілдері белсенді атсалысуда

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Дархан Мырзалиев облыстық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен аймақ кәсіпкерлері тарапынан осы онкоорталыққа 3 млн теңгеге жуық көмек көрсетілгендігін, алдағы уақытта да мұндай көмектер өз жалғасын табатындығын жеткізді.  

Меценаттар жаңа бөлімге жаңа медициналық жиһаздар, тұрмыстық техникалар, мүгедектер арбасын және науқастардың қажеттілігіне арналған басқа да заттар сыйлады. Қайырымдылық көрсеткен компаниялар мен кәсіпкерлер арасында мұнай-сервистік компаниялары, сондай-ақ «Frac Jet», «НефтьТехСервис», «ПиЭм Лукас Қазақстан», «Дос Инжиниринг», «Сыр Маржаны», «Kyzylorda Wildlife Foundation» ЖШС-тері және Жандос Қарабала, Қадырберген Бедер, Мақсат Мүбарак, Анвар Якупов сынды кәсіпкерлер бар.

Кәсіпкерлер «емделушілерге моральдық көмек көрсетіп, қолдау білдіргіміз келді. Бұл бастаманы өзге азаматтар да жалғастырып алып кетеді деген сенімдеміз» дейді.

«Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға облыста онкологиялық дертпен ауыратын науқастарға паллиативтік көмек көрсетуге арналған 15 орындық хоспис ашылған болатын. Мұндай ауруға шалдыққан, жағдайы өте төмен азаматтарға арналған орталық ашу бұрыннан жоспарымызда бар болатын. Істің сәті енді түсті. Көңілге қуаныш ұялататыны, кәсіпкерлердің бірден көмек қолын созып, орталыққа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткендігі», дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова.

Айта кету керек, паллиативтік көмек беру бөлімшесінің емделушілеріне Палата жанындағы облыстық Іскер әйелдер кеңесі де қолұшын созды. Кеңес мүшесі Айжан Шегенова бастаған нәзік жандылар орталықты бөлме гүлдерімен безендіріп, қабырға суреттерін табыс етті. Ал сұлулық салоны қызметкерлері алда келе жатқан Халықаралық әйелдер күні қарсаңында орталықта жатқан қыз-келіншектерге қызмет көрсететіндіктерін жеткізді.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер