astana-view

Спортты бизнеске айналдырған кәсіпкер

2016 жылғы 24 Ақпан
- Қызылорда облысы
11857 просмотров

Жұмыссыздық жаңа мүмкіндіктердің ашылуына түрткі болды

Қызылордалық жас Досбол Бекенбай мамандығы бойынша электр саласының инженері. Өз кәсібін ашу туралы жоспары болмаған Досболға «экономиканың ерекше кезеңі» өз түзетуін енгізді. Оқуын бітіргелі жеке мекемеде инженер-жобалаушы болып 3 жыл жұмыс жасаған ол өткен жылы тапсырыстың болмауынан қысқартуға ұшырайды. 5-6 ай көлемінде түрлі жұмыс жасап, аздап қаржы жинағаннан кейін осы сәтті пайдаланып, ісін бастамақшы болады.

Жас кәсіпкер «бизнестің қай түрімен айналысамын?» деп көп толғанған жоқ. Өзге қаладан келген достарымен үстел теннисіне барған Досбол жастарға арналған шағын спорттық орталық – «DOS» теннис клубын ашты.

«Неге үстел теннисі?», деген сұраққа Досбол: «Біріншіден, жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Ол үшін, әрине, қаржы маңызды рөл атқарады. Бұл ретте біздің клубымыз қызмет үшін төленетін қаржысы көп емес, тіпті оқушылардың қалтасы көтеретін дәрежеде. Екіншіден, үстел теннисін ойнау арқылы денсаулыққа өте пайдалы. Мәселен аталмыш ойынды ойнау арқылы көзіңізге көмектесесіз, себебі ойын барысында көзіңіз допқа бағытталып, түрлі жаттығулар жасайды. Жылдам жүгіретін боласыз, ойлау қабілетіңіз де, физикалық шапшаңдығыңыз да артады, теннис ракеткасы саусақтарыңыздың жұмысын да жақсартып, жазуыңыздың әдемі болып қалыптасуына да септігін тигізеді. Үстел теннисінің ерекшелігі – жас талғамайды, жас та жасамыс та ойнауына болады. Әсіресе, қыз балаларға фитнестің арзан түрі десек те болады», –дейді.

Клубқа келушілер, үстел теннисінен бөлек, бұл жерде дойбы, шахмат, домино, тоғызқұмалақ ойнап, уақыттарын тиімді өткізе алады.

Жас кәсіпкер тұтынушыларына барлық жағдайды жасауға тырысуда. Мәселен, клубқа келушілерге шәй мен тәттілер тегін ұсынылады екен.

Айта кету керек, "DOS" теннис клубында 27 ақпан күні қала әкімінің жүлдесі үшін қалалық ашық біріншілік өткізіледі. Жарыстың ерекшелігі – кез келген ниет білдіруші қатыса алады. Жүлделі орындарға сыйлықтар да қарастырылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер