astana-view

Ел туризмін дамыту – елді таныту

2016 жылғы 25 Ақпан
- Алматы қаласы
9840 просмотров

Алматыда «Profi Travel Connect: Kazakhstan­-Russia-2016» халықаралық туристік форумы өтті

Туристік индустрияға дағдарыстың әсері болды ма? Теңге бағамындағы өзгерістер жағдайында қазақстандықтардың таңдайтын бағыттары қандай? Туроператорлар мен олардың тұрақты шетелдік серіктестері бұрынғы сатылымдар деңгейін ұстап тұру үшін қандай шараларды жүзеге асыруда? «Profi Travel Connect: Kazakhstan­-Russia-2016» халықаралық форумында Қазақстан мен Ресей туристік саласындағы жетекші сарапшылар осы және өзге сұрақтар жауабын табуға тырысып көрді.

Алматыда өткен «Profi Travel Connect: Kazakhstan­Russia – 2016» халықаралық туристік форумына Қазақстан мен Ресей турбизнесінің 150-ден астам өкілдері қатысты, олар – ірі туроператорлар, мемлекеттік орган мен мейманханалар өкілдері және Экспо-2017 көрмесінің ұйымдастырушылары мен турагенттіктердің меншік иелері.

Талқыға түскен басты тақырып Қазақстан мен Ресей шипажайларындағы туристер легін екіжақты арттыру перспективасы болды. Экономикалық өзгерістер салдарынан қазақстандық және ресейлік туроператорлар туристердің алыс шетелдерге шығуы азайғанын, есесіне демалысын өз елінде немесе көршілес елде өткізгісі келетіндердің саны өскенін байқаған. Мәселен, өткен жылдың 9 айында Қазақстаннан Ресейге, еңбек мигранттарын қоспағанда, түрлі мақсаттармен 4 млн. адам барса, Ресейден Қазақстанға 2,5 млн. адам келген.

Алматы қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Тимур Дүйсенғалиевтің айтуынша, Ресей өкілдері қатысып отырған екіжақты форум бірлесе күш салу арқылы туризмді дамыту мен байланыстарды қалпына келтіру мақсатында өткізіліп отыр. «Қазақстандықтар да, ресейліктер де туристермен алмасуға, жағымды әсерлер алуға және де Қазақстан мен Ресей секілді берекелі көршілердің бір-біріне ұсынатын қызметтері арқылы табыс табуға мүдделі. Бұл шетел асатын барлық қаражатты өз елімізде қалдыруға септігін тигізеді», – деді ол. Жүргізілген сауалнама екі елдің азаматтары үшін ең қажетті демалыс түрі – үнемді демалыс екенін көрсетті. Демек ішкі туризм көштің басына шыққан, бұл үшін дайындық та тиісті деңгейде болуы керек. Себебі бұған дейін Қазақстандағы туроператорлардың 90%-нан астамы «сырттағы демалыс» бойынша жұмыс жасаған. «Тез арада ел ішінен және шетелдерден, оның ішінде Ресейден келетін туристерді қабылдауға бағдарлануымыз қажет. Санкт-Петербург немесе Алматы сияқты ірі қалалар болмаса, бір-біріміздегі басқа жерлер туралы біле бермейміз», – деді Kazunion компаниясының басшысы Лаура Ғалиева.

Сарапшылар айтқан тағы бір проблема, ол екі елдегі инфрақұрылым жағдайының нашарлығы. Мәселен асфальт жолдарының нашарлығынан немесе жол бойындағы дәмханалар, мейманханалар мен әжетханалар секілді қызмет түрлерінің тиісті дамымауынан табиғаттың көрікті жерлеріне жету әсте де оңай емес. Бірегей Балқаш көлінің өзіне бару қиын, онда орналастыру мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Сонымен бірге, Ресейде де, Қазақстанда да ұсынылатын қызметтердің сапасы мен бағасы сәйкес келмей жатады. «Туристерді тарту үшін мейманханаларды 3-4 жұлдыздық деңгейге жеткізу керек, сол кезде ғана демалуға келгендер достарына қазақстандық демалыс орындарына баруға кеңес беретін болады», –  дейді «Ел тур» туроператорының өкілі Айжан Кәрімова.

Мұндағы тағы бір маңызды жайт, әлеуетті туристердің көрікті жерлер жайында хабардар болуы. Тараптар екі ел арасындағы көпжылдық серіктестік пен географиялық көршілестікке қарамастан, Бурабай, Баянауыл, Сочи, Карелиялардан басқа жерлер туралы екі елде де көп біле бермейді.

«Біз ынтымақтастықты жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек. Біздің Қауымдастықтың 223 мүшесі бар, оның әрқайсысы қонақтарды күтуді үйренгісі келеді. Еліміздегі көрікті жерлерді таныту үшін интернеттің барлық мүмкіндігін пайдаланатын боламыз. Келесі жылға қарай белгілі бір жетістікке қол жеткіземіз деп сенеміз», – деп сендірді Қазақстан Туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаева.

Елдегі туризм кірісінің 60%-ы Алматы тау-шаңғы курорттарынан түсетіні белгілі. Алматы Кәсіпкерлер палатасы директоры Юрий Тілеумұратовтың мәлімдеуінше, ел экономикасының тұтастай өсімін қамтамасыз ететін басты фактор ретінде қаланың туристік әлеуетін пайдалану қажет. Бұл үшін Алматы туризм басқармасының, бизнес-қоғамдастықтардың, туристік сала кәсіпкерлері мен өзге де қызығушылық танытқан тұлғалардың қатысуымен Палата жанында жұмыс тобы құрылған. «Биылғы жылдың ақпан айында «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қатысуымен өткен Алматы кәсіпкерлерінің жыл сайынғы конференциясында Алматы туризмін дамытудың жол картасын жасау туралы шешім қабылданды. Біз жұмысқа кірісіп кеттік және жобаны 15 наурызға дейін дайындаймыз деп жоспарлап отырмыз. Мәселен Алматы қаласы «Алматы-для всех!»/«Almaty for everyone!» деген брэндпен халықаралық туризм орталығына айналуы мүмкін. Бұл үшін BRAKE туризм, MICE-туризм секілді жобаларды дамыту, Алматыны «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойындағы Жібек жолының бір бөлігі ретінде насихаттау, шетел студенттерін тарту арқылы білім беру туризмін, тау, экология, спорт, балалалар мен жасөспірімдер туризмін дамытып, халықаралық лагерьлерді қолға алу қажет. Қыста Алматы тауларында демалып, жазда қала маңындағы Медеу, Шымбұлақ, Шарын шатқалы, Түрген сарқырамалары мен Көлсай көлдері секілді отбасына арналған демалыс орындарына баруға болады. Алматы туризмді дамытудың жол картасы өміршең әрі өзекті болу үшін біздің жұмыс тобына қосылуға шақырамын, құрметті әріптестер», – деді Өңірлік палата басшысы.

Расымен де ресейлік әріптестер баулы қала, әйгілі апорттың отаны Алматы туралы анағұрлым көбірек хабардар болып шықты. Соңында қазақстандық тарап қонақтарды «Алма қала» жыл сайынғы алма ағаштарын егу экологиялық акциясы мен сан түрлі әрі бай дастарқан мейрамы «Той Қазан» фестиваліне қатысып, Қазақстанда тұратын халықтардың түрлі тағамдарынан дәм татуға шақырды. Ел астанасы да қалыс қалған жоқ, Астанадағы Туризм қауымдастығы мен РФ Свердлов облысы Туризм басқармасы орталығы жемісті ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер