astana-view

Жас әрі жасампаз жастар үшін қабылданған шешім

2016 жылғы 26 Ақпан
- Маңғыстау облысы
12705 просмотров

Ақтауда алғаш рет жас кәсіпкерлер қауымдастығы құрылды

Жаңа жобаның мақсаты, қауымдастыққа 35 жасқа дейінгі жастарды өз құрамына тарту арқылы белсенді, талапкер және жігерлі жас кәсіпкерлерді біріктіру болып табылады.

Жас кәсіпкерлер қауымдастығының жетекшісі Ринат Бекмұхаметовтың айтуынша, шаһарда жүзеге асырылмай жатқан көптеген жобалар бар, сол себепті алдағы уақытта Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен жастар ресурстары орталығының қолдауымен жас кәсіпкерлерге жаңа белестерді бағындыруға ықпал ету міндеті тұр.

«Жоспарымыз көп әрине. Егер біз ойлағандай болса, жастар форумын өткізуге болар еді және келер 2017 жылды жас кәсіпкерлер жылы деп жарияласақ деген ойымыз бар. Бұл жоспарымызды біз өз күшімізбен өткізе алмайтынымыз анық. Сол себепті әкімдік, жастар ұйымдары, қалталы азаматтар мен кәсіпкерлер Палатасы көмектеседі деп үміттеніп отырмыз», – дейді ол. 

Бүгінде қоғамда қолынан іс келетін жастар көп-ақ. Алайда олардың проблемалары билікке жете бермейді және қолдау табуының өзі екіталай. Жігерленген жастар осы олқылықтарды жою мақсатында аймақта жас кәсіпкерлерді қолдайтын осындай құрылым ашқанды жөн санапты. Ринат Бекмұхаметов жастарды бизнеске тарту үшін аянып қалмайтынын айтып ағынан жарылды. 

Жаңа құрылымның жетекшісін қабылдаған ӨКП директорының міндетін атқарушы Әсет Манов, жастар қауымдастығына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Тегін оқыту, сервистік қолдау, іскер азаматтармен келіссөздер жүргізумен қатар түрлі кездесулер ұйымдастыруға Палата тікелей ықпал етпек. 

«Кәсіпкерлер палатасының өңірлік Кеңес мүшелері, іскер әйелдер кеңесінің құрамы және тағы басқа жастармен ынтымақтастық орнатуға мүдделі тараптармен кездесулер ұйымдастырылатын болады. Жалпы жастарды толғандырған барлық проблемаларды жергілікті атқарушы органдарға да жеткізіп отырамыз. Бірлескен шараларды өткізу мәселесі де күн тәртібінен түспейтін болады. Оның үстіне бұл өңірде жұмысын бастаған бірінші жастар қауымдастығы», – деді Әсет Манов.

Қазіргі уақытта жаңа қауымдастық жасы 35-ке толмаған белсенді жастарды өзінің қатарына қабылдап жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Ринат Бекмұхаметов бастаған бір топ жас кәсіпкерлер бірігу арқылы көздеген мақсатқа жетуге болады деген ұстанымда.  

Болашақта Ақтаулық жастар еліміздің өзге қалаларында болып, жас кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатуды көздейді. Мұнымен олар шектелмек емес, шет мемлекеттерге де баруды ойластырып қойған, халықаралық және аймақаралық кәсіпкерліктің дамуына үлес қоспақ. Сондай-ақ аймақтағы ірі кәсіпорындарға жаңа тәжірибелі мамандар табуға да атсалысамыз деп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер