astana-view

Тимур Құлыбаев: «Отандық тасымалдаушылар ЕАЭО-ның транзиттік әлеуетін пайдалану жөніндегі жұмыстарды жалғастыруы қажет»

2016 жылғы 29 Ақпан
10582 просмотров

Қазақстанға жүк жеткізудің негізгі маршруттары қайта бағдарланатын болады

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Төрағасы Тимур Құлыбаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті, ҰКП Логистика және тасымалдау комитетінің төрағасы Асқар Маминнің есебін тыңдады.

Санкцияларды айналып өту

«Түркия мен Украинадан келетін тауарларға ресейлік «санкциялардың» ықпалына байланысты қалыптасқан жағдаятты назарға ала отырып, тауарларды темір жол, автокөлік сияқты тарихи қалыптасқан маршруттар бойынша тасымалдау бүгінгі күні әкелімнің жаңа тәртібімен реттелуде»,– деп мәлімдеді А.Мамин.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ҰКП-да Грузия, Әзербайжан, Ақтау порты арқылы – темір жол және автокөлік, сондай-ақ, Түркия – Иран – Түркменстан мен Өзбекстан арқылы – автокөлік арқылы жеткізудің балама жолдары қарастырылуда. Алайда, бұл жағдайда жүктерді жеткізудің мерзімдері мен тасымалдау құны екі есеге ұлғаяды.

ҰКП бұл жағдайдан түрік тауарларын Қазақстанға тасымалдауды транспорттық қайта бағдарлау арқылы шықпақ. «Ресейлік тараптың санкциялар енгізуіне орай, 2015 жылдың желтоқсан айында отандық тасымалдаушылардың басым бөлігі Баку және Ақтау порттары арқылы транскаспийлік маршрутқа қайта бағдарланды», – деді Асқар Мамин. Мұның жақсы жағы да бар: паромдық тасымалдар көлемі едәуір ұлғайды. «Айталық, биылғы жылдың қаңтар айының өзінде Ақтау порты арқылы 569 автокөлік құралы өтті, бұл өткен жылғы тасымал көлемінен 10 еседен астам көп (2015 жылдың қаңтар-қараша айларында Баку-Ақтау маршруты бойынша 868 АКҚ өткен)», – деп атап өтті А.Мамин.

Оған қоса, кәсіпкерлер үшін тасымалдау шарттары едәуір жеңілдеді: құжаттарды тексеруден өткізу, бастапқы мәліметтерді беру ресімдері оңайлатылды, Ақтау портындағы бақылау «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев басшылық еткен делегацияның ҰКП өкілдерімен бірге Ақтауға сапары барысында нақты нәтижелерге қол жеткізілді: бір көлік құралының құжаттарын тексеру екі минуттан аспауы тиіс, ал жүктер туралы ақпарат алдын ала берілетін болады.

«Ақтау портынан өту ресімдерін жеделдету және оңайлату мақсатымен Қаржы, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Инвестициялар және даму министрліктерінің, ҰҚК-нің бірлескен бұйрығымен арнайы тәртіп бекітілді,  соған сәйкес, бақылау «бір терезе» қағидатымен жүргізілуі тиіс және бір көлік құралының құжаттарын тексеру екі минуттан аспауы қажет. Сондай-ақ, ҰКП Ақтау портымен бірлесіп, алдағы уақытта жүктер туралы алдын ала ақпарат беру ресімін енгізу жөнінде жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыс Түркия ТОBB, Түркия UND, ҚР ҚМ МКД, Ақтау және Баку порттарымен бірге жүргізіледі», – деп баяндады Асқар Мамин.

4 жылдан кейін Қазақстанға транзиттік тасымалдау көрсеткіші екі есеге өсетін болады

Асқар Маминнің айтуынша, мұндай нәтижелерге көлік-логистика инфрақұрылымы жобаларын іске асыру барысында қол жеткізетін боламыз, оның ішінде «Қорғас-Шығыс қақпалары» арнайы экономикалық аймағын құру және кешенді дамыту, Астана қаласының әуежайын қайта жөндеу, Маңғыстау облысындағы Құрық кентінде паромдық кешен салу, Астана мен Шымкент қалаларында көлік-логистикалық орталықтар салу және т.б. бар.

«Негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру нәтижесінде транзиттік тасымалдар көлемін ұлғайту 2020 жылға қарай 18 млрд теңгеден 36 млрд теңгеге өсуі күтілуде, сондай-ақ, бұл 109 мың жаңа жұмыс орнын құруға алып келеді», – деп хабарлады ҰКП басшысына Ұлттық палатаның Логистика және тасымалдар комитетінің төрағасы.

Сонымен бірге, ол көлік-логистика саласының ел экономикасына қосатын үлесі 2015 жылы 3 млрд теңгені құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға артық деп атап өтті.

Қазақстанның транзиттік әлеуетін іске асырудың жоғары қарқынына баса назар аудара отырып, А.Мамин, бүгіннің өзіне «ҚТЖ» ҰК» АҚ жүктерді Қытайдың 11 провинциясынан тасымалдайтынын хабарлады, бұл Қытай-Еуропа-Қытай контейнерлік ағынын 2015 жылы (47,4 мың) 2013 жылмен (6,6 мың) салыстырғанда, 7 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді. Комитет сарапшыларының бағалауы бойынша, 2016 жылы контейнерлік тасымалдау көлемін 94,6 мыңға, яғни 14 еседен астамға (2013 жылмен салыстырғанда) ұлғайту болжанып отыр.  

Мәжіліс барысында автожол саласын дамытуға ерекше назар аударылды. Транзиттік әлеуетті барынша тиімді пайдалану мақсатымен мынадай мәселелер қарастырылуда: ақылы жолдарды енгізу, автокөлік жолдарын ұстау және жөндеу, жол бойында қызмет көрсетуді дамыту.

Оған қоса, автокөлік, темір жол, су және теңіз тасымалы салаларындағы жүк автокөліктерінің паркін жаңарту, контейнерлік және мультимодальдық тасымалдар көлемін ұлғайту және дамыту үшін институционалдық жағдайлар жасау, өңірлік әуежайлардың инфрақұрылымына арналған салықтық жүктемені төмендету тәрізді жүйелік мәселелерді шешу туралы сөз қозғалды.

Сондай-ақ, қазақстандық тасымалдаушылардың халықаралық жол тасымалына қол жеткізуін қамтамасыз ету, Қазақстан территориясы арқылы өтетін автокөлік және темір жол транспортының транзиттік мүмкіндігін кеңейтуге қатысты 2016 жылға арналған көлік-логистика кешенін дамытудың негізгі міндеттері талқыланды.

Сонымен бірге, Комитет қызметінің негізгі бағыттарының бірі жолаушылар тасымалы және шағын авиацияны дамыту болып қала береді.

Мәжілісті қорытындылай келе, Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Комитеттің жұмысын оңтайландыру жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді, сондай-ақ, отандық тасымалдаушылардың ЕАЭО-ның транзиттік әлеуетін пайдалануы жөніндегі жұмыстарды одан әрі жүргізу қажеттігін атап өтті.

Төралқа Төрағасының айтуынша, тұтастай алғанда, транспорт және логистика саласында оң серпін байқалады.

«Барлық инфрақұрылымдық жобаларға аз қаражат салынып жатқан жоқ, жұмыс та толық қарқынмен жүріп жатыр және бұл инвестициялардың далаға кетпейтіні анық», – деп түйіндеді Тимур Құлыбаев.    


Еншілес ұйымдар

Серіктестер