astana-view

Мемлекеттік органдардың салғырттығынан бизнестің дамуы тоқтап тұр

2016 жылғы 01 Наурыз
- Шымкент қаласы
12830 просмотров

Әкімшілік кедергілер өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуын тежеп отыр  

Мемлекеттік органның әрекетсіздігі кәсіпкерлерге ірі проблемалар тудырып, оларды кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мүмкіндіген айырады. Бұл туралы ОҚО Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырысында мәлім болды. Кеңес мүшелері келіп түскен арыздардың бірін қарай отырып, жер телімінің мақсатын дәмхана, дүкен немесе салон салу үшін өзгертпекші болғандардың алдында мемлекет тарапынан шешіле қоймайтын, шиеленіскен әрі ұзақ мерзімге созылатын түрлі процедуралар түріндегі кедергілер кесе-көлденең тұрады деген пікірді айтты. Шағын және орта бизнес үшін нөмір бірінші проблема – жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту. Бұл жүйені түп-тамырымен жеңілдеткен жөн. Бұрынғы механизм, оған қоса шенеуніктердің бассыздығы – бизнесті өркендету жолында тұрған басты мәселе.

Бәйдібек ауданының тұрғыны Құдияр Оразалиев 2014 жылы дүкенін кеңейтпек болады. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген жер телімінің бір бөлігіне ол дүкенін үлкейтіп салмақ болды. Кәсіпкер Шаян ауылдық әкімдігіне жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы өтініш жазған. Бірнеше ай өтсе де жауап келмеген. (Түсіндірме үшін: заң бойынша әкімдік жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуге рұқсат беру немесе бермеу туралы шешімді 5 жұмыс күні ішінде шығаруы керек. Бұдан бөлек, рұқсат берілмесе, себептері көрсетілуі тиіс). Жауапты күтіп жүріп, кәсіпкер болашақ дүкен құрылысын бастап кеткен.

Мұнымен қатар, ол ОҚО Кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап жүгінеді. Палата сарапшылары аудандық прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, мемлекеттік органның «Жеке және заңды тұлғалар өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заң мен ҚР Жер кодексі талаптарын бұзу фактісін анықтаған.

Енгізілген прокурорлық ықпал ету актісі нәтижелері бойынша аудан әкімдігі бұл мәселені жер комиссиясы барысында қараған-мыс. Бірақ... Жеке кәсіпкер Құдияр Оразалиевтің жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы келісім хаттамасында ешқандай нөмір де, күні де көрсетілмеген. Ал комиссия мүшелерінің барлығының қолдары қойылған. Құқық қорғау жөніндегі кеңес мұны сауатсыздық әрі кәсіпкерді мазақ ету деп отыр. Бұған қоса, Кеңес отырысына аудандық билік жіберген Шаян ауылының әкімі Бақыт Тиындықова бұл жер комиссиясының жұмысына жауапты емес әрі бұл оның құзыретіне жатпайды. Ал аудан әкімдігі қызметкерлері кеңеске келмеді.  

Жеке кәсіпкер «тауқыметі» мұнымен біткен жоқ. 2015 жылдың тамыз айында ОҚО МСҚБ басқармасы Қ.Оразалиевке «бекітілген тәртіп бойынша пайдалануға берілмеген нысанды пайдаланғаны үшін» айыппұл тағайындағаны анықталды. Пайдалануға берілу туралы мемлекеттік қабылдау актісінсіз нысан коммерциялық деп танылмайтыны айдан анық бола тұра, кәсіпкер бұл айыппұлды төлеген.

«Былтыр біз аудандық прокуратураға жүгіне жүріп, материалдарды Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне жіберген едік. Ондағы тексерістер нәтижесі бойынша шенеуніктерге «мемлекеттік қызметтегі әрекетсіздігі үшін» қылмыстық іс қозғауға рұқсат берілмеді», – деді ОҚО  Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі директордың орынбасары Ғазизбек Натбаев. – Бірақ бүгін Кеңес қорытындылары бойынша бұл қаулы облыстық прокуратураға қайта қарау үшін жіберілетін болады».

Кеңес отырысының мүшелері бұл мәселеге адамгершілік тұрғысынан қарап, мынадай қорытындыға келді: мемлекеттік органдар кәсіпкерлер өтініштеріне тиісті жауап бермейтінін бүгінде бәрі біледі. Ал онда отырған, әсіресе аудандық деңгейдегі кадрлардың да шама-шарқыны белгілі. Олардың кейбірі өздеріне жүктелген құзыреттіліктің арқасында, кез келген ұсақ-түйекті алға тартып, өтініштерді орындаудан бас тартып жатады. Ал бұл кезде Елбасы талап етіп отырған бизнестің дамуы мемлекеттік органның рұқсатын күтіп, тежеліп отыр. Бизнестің алдына қолдан жасалған осындай кедергілер қойып отырған органдар жауапкершілікке де тартылмайды. Бұл дұрыс емес, кінәлілер жауапқа тартылуы керек деген қорытындыға келді Кеңес мүшелері.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер