astana-view

Халің қалай, ауыл кәсіпкері?

2016 жылғы 01 Наурыз
- Батыс Қазақстан облысы
10797 просмотров

Облыс аудандарына жасалған жолсапар мемлекеттік қызметтерді ұсынудағы проблемаларды тағы бір мәрте көрсетіп берді

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту – халқының басым бөлігі ауылды жерде тұратын Батыс Қазақстан облысында негізгі салалардың бірі.

Ауыл бизнесі қалай күнелтуде? Қандай проблемалары бар және оларды қалай шешуде?

Бизнес-ортаның ахуалын көзбен көріп қайту мақсатында облыстың өңірлік кәсіпкерлер палатасы ауылдарға жол тартты. Кәсіпкерлермен жүзбе-жүз сұхбаттасу өңірдегі әр ауданның бизнестегі нақты проблемалары туралы толық хабардар ететіні мәлім. Осы мақсатта Ақжайық, Зеленов, Тасқала аудандарында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Онда ауыл кәсіпкерлігін дамытудың проблемалары мен басым бағыттары талқыланды.

Аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Кеңес Әбсәтіровпен болған кездесуде бизнес-тренерлер Нұрлан Әбдірахманов пен Сандуғаш Исимова ауылдағы кәсіпкерлікке қолдау көрсету шаралары туралы жан-жақты түсіндіріп берді, сондай-ақ ауылшаруашылық кооперацияларының артықшылықтары талқыланды, нарыққа өңделмеген шикізатты шығарудың орнына болашақта дайын өнімді өндіріп, тарататын дайындау орындары мен пункттер ұйымдастыру туралы ұсыныстар ортаға салынды.

Ауыл тұрғындарына маңызды шарттардың бірі кооперацияға жеке қосалқы және өзге де ұсақ тауарлы шаруашылықты тарту, солардың негізінде фермерлік шаруашылықтар, кейін кооператив негізінде тауарларды сақтау, өңдеу және тасымалдау, техниканы жөндеу, ауылшаруашылық қызметтерін көрсету және т.б. бойынша ортақ шаруашылық әлеуеттерді игеруге көмектесетін  қауымдастықтар құру туралы кеңінен түсіндіріп берді. Мұндай кооперациялау нарықтың тұрақсыз жағдайында нақты бір шамада  тәуекелдіктің алдын алуға мүмкіндік беретін әртараптандырылған тиімді агроөнеркәсіп кешендерін құруға жол ашуы тиіс. Нәтижесінде инвистициялар–өндіріс–қайта өңдеу–сақтау–өткізу тұйық циклі құрылады.

Ауыл кәсіпкерлері ауылшаруашылық кооперациялары мәселелерін талқылауға белсене қатысып, мұны жүзеге асыруда өздерінің ұсыныстары мен ескертпелерін ортаға салды. Ауыл бизнесін қаржыландыру, кооперативтерді қайта құрылымдау, қазіргі жағдайда жеке өнімдерін өткізу, тұрғындарды жұмыспен қамту бағдарламасын жүзеге асырудағы салық жүктемесін азайту және т.б. турасындағы келелі мәселелер қаралды. Кездесулерде кейбір мәселелер бойынша, мәселен, өнімді сақтау, қайта өңдеу, өткізу турасында пікірталастар орын алды. Мәселен, Ақжайық ауданының фермерлері ауданда сүт өңдейтін цехтың жоқтығын алға тартты. «Облыстағы ең дамыған, ірі ауданда сүт өңдейтін цех жоқ, – дейді жеке кәсіпкер Гүлжиян Бұрханова, – Ет-сүт және мал шаруашылығы жақсы дамыған ауданға мұндай цех қажет». Бұл сұраққа жауап берген Өңірлік кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Нұрболат Жаңатауов мұндай жобаның бар екенін, жобаға арнайы жер бөлінгенін, енді қаржыландыру ғана қалғанын айтып өтті. 

Ауыл тұрғындарына жекелеген проблемалары бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасына тиісті мекемелердің қатысуымен қажетті шаралар қабылдану үшін, нақты проблемалар көрсетілген жазбаша өтінішпен жүгіну ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер