Мемлекеттің қолдауымен жаңарған мекеме
Орталық Азия бойынша фотохромды линза шығаратын жалғыз кәсіпорын – «МедАспапОптика». Аталмыш компанияның директоры - Арыстанбек Жұмағұлов, «Атамекен» ҰКП - мемлекет пен кәсіпкерлердің тең дәрежедегі диалог алаңы деп санайды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жүргізілген жекешелендіру процесі көптеген кәсіпорындардың жандануына мүмкіндік берді. Олай дейтініміз, кеңес заманында құрылып, 90 жылдардағы елең-алаң шақта құлдыраған зауыт-фабрикалар жекеменшікке өткен соң, жаңа заманға икемделіп дами бастады. Бүгінде олардың бірқатары үздік деп танылып, еліміздің көшбасшы өндірушілеріне айналып отыр. Сондай кәсіпорындардың бірі – «МедАспапОптика» ЖШС.
Қазіргі таңда үш цех пен «МедОптика» дүкендер желісінен, сонымен қоса, жалпы саны 200-ге жуық жұмысшыдан тұратын еліміздің белді компаниясы «МедАспапОптика» ЖШС, бірден тұрақтылыққа қол жеткізген жоқ. Бұл туралы, компания басшысы Арыстанбек Жұмағұлов былай дейді: «Кәсіпорын 1998 жылы банкротқа ұшырап, таратылудың аз-ақ алдында тұрған болатын. Құрал-жабдықтарының бәрі сатылып кеткен, ал технологиялары ескі еді. Кейін озық технологияларды сатып алып, жаңа өнімдер шығара бастадық».
«МедАспапОптика» ЖШС медицина саласындағы өнімдерді шығару және өңдеу жұмыстарымен айныластын бірден-бір кәсіпорын. Көздің көру қабілетін жақсартатын линзалар, соның ішінде фотохромды линзалар- кәсіпорынның мақтанышы. Сонымен қоса, компания әлемдік стандартқа сай медициналық құралдар өндірісін қолға алған. Нақтырақ айтқанда, жалпыхирургиялық операция үстелдерін, оттегі станцияларын, ультрафиолетті шамдар мен «Arlan» маркалы лабораториялық шкафтарын шығарады. Кәсіпорын шығаратын өнім Қазақстан Республикасының ISO 13485-2008 – «Медициналық құралдар» медициналық техника мен құралдарды өндіру сертификатымен марапатталған.
50 жылдық тарихы бар компания 2013 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде 70 миллион теңге субсидияға қол жеткізді. Мекеме басшысы Арыстанбек Жұмағұловтың айтуынша, мемлекет тарапынан жасалған бұл қолдау зауытты модернизациялап, әлемдік стандартқа сай өнім шығаруға үлкен мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 2014 жылы өнімдердің сапасы жоғары бағаланып, кәсіпорын Мемлекет басшысының «Алтын сапа» сыйлығының «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинасиясын иеленген.
Бүгінгі таңда, кәсіпорын «Атамекен» ҰКП-ның мүшесі ретінде аталмыш ұйыммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, үлкен жетістіктерге жетуде. Атап айтқанда, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» арқасында, «Атамекен» ҰКП мен «МедАспапОптика» ЖШС бірлесіп, отандық медициналық құрылғылар өндірумен айналысатын компаниялардың басын біріктіретін «Медициналық құрылғы шығарушылар комитеті» атты шағын ұйым құрған. Сонымен қоса, кәсіпорынның бір өкілі Алматы ӨКП Кеңесінің мүшесі болып сайланды. Осы арқылы, медициналық құрылғылар өндіретін кәсіпорындардың ортақ мәселелерін Кәсіпкерлер палатасына жеткізіп, ұсыныстарды талқыға салу шарасы жеңілдеді. Жалпы алғанда, кәсіпорын «Атамекен» ҰКП-сы арқылы мемлекеттік орындармен байланысып, өз кәсіпорындары мен қазақстандық өндірісті дамыту мәселесін бірлесіп шешуге атсалысып жатыр.
Арыстанбек Жұмағұловтың айтуынша, бизнес саласындағы басты қиындықтар – сыбайлас жемқорлық және шикізаттың қымбаттығы. «Бизнестің дамуына сыбайлас жемқорлық кедергі келтіруде. Біз өз құқымызды қорғап, жемқорлыққа жол бермеуге тырысамыз. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да осы бағытта жұмыс жасап жатыр. Кәсіпкер басқа мәселелерге алаңдамай, тек өндіріс пен өнімдердің сапасы жөнінде көп ізденуі керек. Осы ретте Ұлттық палата Үкімет пен кәсіпкерлерді байланыстырып тұрған көпір екендігіне көз жеткіземіз. Екінші мәселе, біздің өндірісімізге керек шикізаттардың денін шетелден сатып аламыз. Бізге мемлекеттің жасап отырған үлкен көмегі –«Сұлутор» атты линзаға ҚҚС салынбайды. Алайда, шетелдік шикізаттар бізге жеткенге дейін кедендік салықтар есебінен шарықтап кетеді. Соңында өнімдеріміздің бағасы қымбаттап, шетелдік бәсекелестер алдында біздің мүмкіндігіміз азая түседі. Болашақта өндіріс дамып, қажетті шикізаттар елімізде өндірілсе, бізге де тиімді болар еді», – дейді кәсіпкер.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: