astana-view

Қазақстандық бизнесмендер Екатеринбург қаласында бірқатар келісімдерге қол жеткізді

2016 жылғы 01 Наурыз
9834 просмотров

Аталған сапардың қорытындысы бойынша қазақстандық тауарларды РФ нарығына бір орталықтан шығаруға мүмкіндік беретін Бірыңғай Орталық құру жоспарланып отыр

Қазақстандық делегация мұндай уағдаластыққа Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен, сондай-ақ «Kaznex Invest» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырған Екатеринбург қаласындағы сауда-экономикалық миссиясы барысында қол жеткізді.

Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму жөніндегі вице-министрі Рахым Ошақбаев, Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы бас консулы Асхат Нұсқабай, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Салтанат Аханова, «Kaznex Invest» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов басқарды.

Сонымен бірге делегация құрамына ауыл шаруашылығы, кондитерлік өнімдер, ет және ет-өсімдік консервілері өндірісі, сондай-ақ мұнай өндіру мен ағаш өңдеу саласына қажетті жабдық өндірісі салаларында жұмыс істейтін қазақстандық компаниялардың өкілдері де кіріп, олар екіжақты серіктестікті нығайту мақсатында әлеуетті серіктестермен кездесу мүмкіндігіне ие болды.

Сауда-экономикалық өкілдігінің басты мақсаты қазақстандық тауарларды үлкен логистикалық хабқа ие Уральск федералды округінің нарығына бір орталықтан әрі тиімді түрде шығаруға жол ашатын Бірыңғай Орталық құру мәселелерін талқылау болды.

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаевтың РФ Свердлов облысының инвестициялар және даму вице-губернатор-министрі Алексей Орловпен кездесуі жемісті болды: өңір басшысының орынбасары қазақстандық тараптың Уральск федералды округінің нарығына қазақстандық өнімді шығаруға қатысты Бірыңғай Орталық құру идеясын қолдады. Р.Ошақбаевтың Свердлов облысы халықаралық және сыртқы экономикалық байланыс министрі Андрей Соболевпен, сонымен қатар Уральск Сауда- Өнеркәсіптік палатасының президенті Андрей Бесединмен және Қазақстан Республикасының РФ-дағы Уәкілетті сауда өкілі Александр Цыганковпен кездесулері де бірқатар нәтиже берді. Тараптар екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын дамыту мен нығайтуға қатысты көптеген мәселелерді талқылады.

Свердлов облысының вице-губернаторы хабарлағандай, екі ірі кәсіпорын – «Сима-ленд» ЖШҚ мен «Кейтеринбург» ЖШҚ қазақстандық өнімнің көтерме-үлестіру орталығының операторлары болуға дайын.

Десек те, қазақстандық кәсіпкерлер де Свердлов облысындағы әріптестерімен табысты келіссөздерге қол жеткізді. Осылайша, «КаскорМашзавод» АҚ мен «Первоуральский трубный завод» ЖШҚ арасында келісім-шартқа қол қойылды. Сонымен бірге, «КазРосСнабКомпани» ЖШС мен «Кейтеринбург» ЖШҚ Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімін өсіру және оны терең өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге келді. Сондай-ақ «Спарта и Ко» ЖШС мен Уральск орман өнеркәсіпшілерінің одағы РФ аумағында ағаш өңдеу саласы бойынша бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлауда.

«Ресей сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту жөнінен Қазақстанның стратегиялық серіктесі болып табылады. Жүргізілген интеграциялық процесстердің аясында бизнес үшін жаңа мүмкіндік пайда болды, 100 млн. астам тұтынушылар үшін қолданыстың келешегі зор нарығы ашылды. Уральск федералды округі оның құрамына РФ-ның 6 округі кіретін ірі логистикалық хаб болып саналады, бұл өз кезегінде қазақстандық өнімнің РФ аумағында таралу ауқымын кеңейтеді, осыған байланысты бизнесті ресейлік әріптестермен серіктестікті барынша серпінді түрде дамытуға белсенді түрде араластыру қажеттілігі туындайды және біз Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейту мен дамыту жолында қолдау көрсетуге дайынбыз»,– дейді Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Салтанат Аханова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер