astana-view

Астанада қонақ үй бизнесі жақсы дамып келеді

2016 жылғы 02 Наурыз
4587 просмотров

Елордада 180 қонақ үй мен 700 қоғамдық тамақтандыру нысандарына бағалау жүргізіледі

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың және Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтың қатысуымен өткен Астана қаласының кәсіпкерлерінің ІІІ жыл сайынғы конференциясында кәсіпкерлердің негізгі мәселелері талқыланды

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Астанада сәтті бизнес жүргізуге кедергі болып отырған жүйелі мәселелерді тілге тиек ете отырып, баяндама кезегін ӨКП директоры Ғани Тасмағанбетовке берді.

Кәсіпкерлер палатасының жұмысы туралы сөз қозғаған ӨКП директоры Ғани Тасмағанбетов өткен жылғы шағымдардың статистикасына қысқаша тоқталды.

Ол түскен шағымдардың 30%-дан астамы – сәулет, құрылыс және жер қатынастары саласына, 16%-ы – сатып алулар саласына, 10%-ы – кәсіпкерлер субъектілері арасындағы дауларға,  8%-ы – салық қатынастарына қатысты екендігін айтты.

Сондай-ақ ӨКП директоры қонақ үй бизнесі мен қоғамдық тамақтандыру салалары жақсы дамып келе жатқанын да атап өтті.

«Қазірдің өзінде қонақ үй бизнесі мен қоғамдық тамақтандырудың 40-қа жуық нысаны тексеруден өткізіліп, оның 9-ы Recommended by Expo» қала серіктесінің мәртебесін иеленді»,–дейді Ғ.Тасмағанбетов.

Сонымен бірге, Ғани Тасмағанбетов өз баяндамасында шешімін таппаған мәселелерге де тоқталып өтуді жөн санады.

«Қазіргі уақытта отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға, ұлттық компаниялардың және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларға қатысуына қолдау көрсететін тетіктері жеткіліксіз»,– деді ол.

ӨКП директоры үстіміздегі жылға арналған жоспарларымен бөлісе отырып, былай деп мәлімдеді:

«2016 жылы хостелдер, гид-экскурсоводтар, апартаменттер, туристік фирмалар және т.б. арналған талаптарды әзірлеу жоспарлануда. Сондай-ақ бағдарламаға жаңа қатысушылар – қызмет көрсету саласының кәсіпорындары мен «коворкинг» форматында кеңселік тұрғын-жайлар тартылады деп күтілуде. Оған қоса, 180 қонақ үй мен 700 қоғамдық тамақтандыру нысандарына бағалау жүргізіледі».

Астана қаласының кәсіпкерлеріне арналған жыл сайынғы конференция соңын Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков түйіндеп, Астана қаласының экономикалық көрсеткішіне тоқталып, қаланың өркендеуі үшін шағын және орта бизнестің дамуының үлесі жоғары екенін айтты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер