astana-view

Кеңес ал да, бизнес баста

2016 жылғы 04 Наурыз
- Қарағанды облысы
12331 просмотров

Қарағанды облысында «Бизнес-кеңесші» курстары басталды

Болашақ кәсіпкерлер осы курстарға қатысып көкейінде жүрген бизнесті неден бастау керек, бизнес-жоспарды қалай жасау керек, бастапқы капиталды қалай есептеу керек деген секілді сұрақтарына жауап ала алады.

Алғашқы екікүндік семинарға 27 адам қатысты.

Бизнес-тренер Арай Өспаева қатысушалардың белсенділігі мен даярлығы жоғары екенін айтты.

«Қатысушылардың жасы әртүрлі. Ең жас үйренуші 22 жаста, ең үлкені 59 жаста. Былтырғы жылғы қатысушылармен салыстырғанда, биылғылар дайын идеяларымен келді. Жас жігіттер Мәди Шәкеев пен Әлихан Темірханов Абай қаласында тіс протездерін жасайтын цех ашпақшы. Олар мұны жасайтын техниктердің көмекшісі қызметтерін атқарғанын және өз өнімдеріне деген сұраныстың жоғары екенін айтты. Ал 22 жасар Жанар Қанапиева етті қайта өңдеу және вакууммен қаптау сияқты аса салмақты бизнес түрін қолға алмақшы»,– дейді Арай.

Еске салсақ, «Бизнес-кеңесші» жобасын Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2015 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Жоба кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындар мен кәсіпкерлерді өз бизнесін ашу, маркетинг, адам ресурстарын басқару, бизнесті жүргізудің заңдық негіздері мен қаржылық сауаттылық бойынша қысқа мерзімді оқытуды көздейді. Бірнеше күн бойы бизнес-тренерлер кәсіпкерлік субъектілері ретінде тіркеуден өту, сауатты бизнес-жоспар жасау және мемлекеттік қолдау бағдарламаларын қалай пайдалану керектігін айтып береді. Қатысушылар сонымен бірге әлеуетті кәсіпкерлер алдынан шығатын қауіптер туралы да біле алады. Курс аяқталған соң қатысушылар курстан өткені туралы сертификатқа ие болады. «Бизнес-кеңесші» курстарынан өту «Бизнестің жол картасы – 2020» бойынша гранттар алудың міндетті шарты болып саналады. Бастаушы және жас бизнесмендерге несиелерді ішінара кепілдендіру кезінде де сертификаттар сұралады. Мұнда алған білім start-up жоба үшін екінші деңгейлі банктерден несие алмақ болған жағдайда қажет болады.

Сонымен бірге, одан кейін де бұл сертификаттардың арқасында бастаушы кәсіпкерлер «Бизнес-мектептің» «Бизнес-Өсу» және тәлімгерлік қағидаларын қолдану арқылы жобалық оқыту секілді өзге де жобаларына қатыса алады. Олар әрекеттегі кәсіпкерлерге арналған және өз алдына біліктілікті арттыру курстары болып саналады.

«Бизнес-кеңесші» жобасына қатысуға еш шектеу қойылмаған. Ол үшін Палата кеңселеріне барып, өтініш жазу керек болады.

Былтыр Қарағанды облысында шамамен 1200 адам курсты бітірген. Олардың арасында 79 қатысушы  өз бизнесін ашқан, 41 қатысушы жалпы сомасы 63 млн. теңге болатын гранттық қаржыландыруға, 46 адам қаржылық институттардан жалпы сомасы 143,4 млн.теңге болған қаржыландыруға ие болған.

Курстар өткізілу кестесі біздің сайттағы «Бизнесті қолдау» бөлімінде ұсынылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер