astana-view

Әйелдер кәсіпкерлігі мәселесі талқыланды

2016 жылғы 04 Наурыз
- Алматы қаласы
5982 просмотров

Бүгін «Атамекен» ҰКП-ның Алматы қалалық филиалы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселесі жөнінде брифинг өткізді

Еліміздегі шағын және орта кәсіп нысандарының 41%-ын әйел адамдар басқарады. Олардың біразы алып зауыттар мен банктердің басшылығында жүрсе, енді бірқатары әйел затының табиғатына жақын кәсіп көздерін ашып,  жетістіктерге жетіп отыр. Сондықтан, нәзік жандардың кәсіп ашып, тек өзіме ғана емес, қоғамға да пайда келтірсем деген талпыныстары нәтижесін  беріп жатыр десек те болады. Осы орайда, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен брифингте әйелдер кәсіпкерлігінің бүгінін сарапқа салып, болашағы үшін тағы не істеуге болады деген мәселелер қарастырылды. Шараға Алматы қаласы кәсіпкерлер Палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің Төрағасы Ақеркін Ералиева, “Еуразия Банкі” АҚ басқарушы директоры Жанар Жұбаниязова, «Халық-Life» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Майра Кичигина қатысып, әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты өз ой-тұжырымдарымен бөлісті.

Алматы қаласының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақеркін Ералиева кеңестік қазіргі күнге дейін атқарған жұмысын қорытындылап, Алматы қаласы бойынша өткен іс-шараларға тоқталып өтті. «Қаламыздағы әйел кәсіпкерлерді қолдау үшін Іскер әйелдер кеңесінің жасап жатқан жұмыстары аз емес. Мәселен, Алматы қаласын 27 ақпан мен 2 наурыз аралығында  өткен 13-ші CentralAsia Hometextile көрмесі соны бір дәлелі. Бұл халықаралық көрмеде тұрмыстық заттар және тоқыма өндірісімен айналысатын кәсіпкерлер үшін тауарларын нарыққа шығаруға мүмкіндіктер жасалды. Сонымен бірге, осы уақытқа дейін 70-ке жуық бизнес саласы туралы білім беретін тренингтер, 20-ға тарта орта және шағын бизнесті дамытуға арналған өзге шаралар өткіздік», – дей келе, кеңестің алдағы уақыттағы жоспарына тоқталып өтті. «Мамыр айында іскер әйелдер конгресін өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, әйел кәсіпкерлер тарапынан түсетін ұсыныстар мен өтініштерді ескере отырып, қосымша шаралар жасайтын боламыз».

Іскер әйелдер кеңесі тарапынан әйелдер кәсіпкерлігін  дамыту үшін жасап жатқан келесі бір жоба «Мықты. Табысты. Сүйікті» болып отыр. Бұл жайына кеңірек тоқталып өткен  «Қазақстан Халық Банкінің өмірді сақтандыру бойынша «Халық-life» еншілес компаниясы» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Кичигина Майра аталмыш жоба аясында әйелдер арасынан   сақтандыру агенттерін дайындайтын әлеуметтік шаралар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша бұл жоба балалы әйелдердің бизнеске араласуына көмектеседі. «Бала тәрбиесімен үйде отырған әйелдер таңнан кешке дейін міндетті режимде жұмыс істей алмауы мүмкін. Сондықтан, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметованың бастамасымен  олардың бизнеске тарту  мақсатында «Мықты.Табысты.Сүйікті» жобасы ұйымдастырылды. Әйелдердің бірден бизнесті бастап кетуі оңай емес, сондықтан олардың ең алдымен сақтандыру агенті ретінде дайындап, кейін  бизнесті іліп алып кетуіне мүмкіндік жасау көзделуде.  Психологиялық дайындық жұмыстарын жүргізіп, бизнестің қыр-сырын тренингтер арқылы үйрететін боламыз», –деді.

Сонымен бірге, қазір   мемлекеттік және екінші дәрежелі банкі тарапынан әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін несиелеу бағдарламалары сәтті жүргізілуде.  Іскер әйелдер  кеңесінің мүшесі, «Еуразия Банкінің» атқарушы директоры Жұбаниязов Жанардың айтуынша, несиені қайтаруды ерлерге қарағанда әйелдердің жауапкершілігі жоғары. Ал мемлекет тарапынан әйелдер кәсіпкерлігін несиелеу 2018 жылға дейін жалғасататын болады.   

«Мемлекет әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін несие алу талаптарын жеңілдетуде. 2010 жылы басталған «Әйелдер кәсіпкерлігін  дамыту» бағдарламасы шеңберінде 854 әйел 2 жылға жеңілдетілген несие алған. Әйелдердің бизнесі аса ауқымды болмағандықтан,  олар орта есеппен 15-17 млн теңге көлемінде несие алады. Бұл әйелдердің бастамасымен құрылған  шағын кәсіпорындарды дамытып, жаңа құрылғылар алуына жеткілікті. Несиелендірудің басты  талабы бизнес кем дегенде соңғы алты айда белсенді жұмыс істеп тұруы керек және салық бойынша ешқандай  проблемасы болмауы тиіс», –деді ол. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер