astana-view

Барлық мәселелердің шешімі – кооперация

2016 жылғы 05 Наурыз
- Солтүстік Қазақстан облысы
12971 просмотров

СҚО Уәлиханов ауданында алғашқы ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды

«Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда «Ауылшаруашылық кооперациясы туралы» заң күшіне енген болатын. Біздің шаруалар мен малшылар үшін кооперация таңсық болса да, үміт күттірерлік іс. Біздің аудандағы Ақтүйесай ауылында құрылған алғашқы «Қызылту-16» АӨК құрамына жеке тұлғалар кіріп отыр. КҚО кеңесшілері оның әділет органдарына тіркелуі үшін кооператив жарғысын даярлауда белсене көмек беріп отыр», – деп айтып берді СҚО КП Уәлихан аудандық филиалының директоры Батырхан Ахметов.

Айта кету керек, кооперативке бірігудің негізгі мақсаты мал өсіру және ауыл шаруашылықтарын дамыту.

«Қызылту-16» АӨК мүшелерінің алғашқы отырысында Кәсіпкерлерді қолдау орталығының қызметкерлері жиналған кәсіпкерлерге заңды тұлғаны тіркеу тәртібі бойынша кеңес беріп, салық салудағы жеңілдік, субсидиялау мен несиелеу секілді кооперативтің артықшылықтарын айтып берді. Бұдан басқа, АӨК-тің құрылтай құжаттарын даярлау мен оны тіркеу, сондай-ақ кооператив жарғысын әзірлеу кезінде көмек көрсетілді.

Сонымен, қазақстандық ауыл кооперативі дегенді қалай түсінеміз? Бұл жарнасы мен ортаға салған үлесіне қарамастан дауыс құқығына ие болатын, өндірістік белгісі бойынша бірнеше шаруа қожалықтарының ерікті түрде бірігуі. Сонымен бірге кооперативке қауымдастық мүшелері де кіре алады. Шын мәнінде, бұл тұрақты бизнес-серіктестер. Олар кооперативке бірігу арқылы қайта өңдеу үшін шикізатты басымдықпен алуға мүмкіндік алады.  «Менің ойымша, уақыт өте келе ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту мақсатында мемлекет тарапынан көптеген тетіктер мен жеңілдіктер жасалатын болады. Олар ауылда кооперативтік қозғалыстың дамуы үшін қолайлы экономикалық жағдайлар тудыруы тиіс. Кооперация, сөзсіз, ерікті іс, сондықтан да бастама төменнен жоғарыға қарай, яғни шаруа қожалықтары тарапынан көтерілуі керек. Ал біздің міндет – ел заңнамасы мен мемлекет ұсынып отырған бағдарламалар аясында оларға қолдау мен көмек көрсету», – деді өз мәлімдемесінде СҚО КП филиалының директоры Батырхан Ахметов.

Айта кетерлік жайт, бүгінгі күні мұндай кооператив ашу үшін құжаттар жинау кезеңінен 4 фермерлік қожалық өтуде. Олар Ахметов Бахтияр Нұрланович,  «Байбатыр» ФҚ, «Дружба»  ФҚ және «Ақтай» ФҚ. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер