Жекеменшік сараптамалық ұйымдар жұмысына шек қойылмауы керек
Құрылыс жобаларына сараптама жүргізуде жекеменшік сараптамалық ұйымдар қатысуы тиіс, бүгінде мұндай сараптамалық ұйымдардың жұмыс істеуіне мүмкіндік жоқ. Бұл – бүгін «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес отырысына арқау болған тақырып
Күрмеуі көп кәсіпкерлер мәселесін тыңдауға бірқатар мемлекеттік және жауапты орган өкілдерімен қатар Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Әбілқасымұлы Палымбетов арнайы келді.
Ел тарихында тұңғыш құрылған аталмыш институттың кәсіпкерлер мәселелерін шешуде үлесі зор екендігін айта келе Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Ғани Қасымов құрылыс жобаларына сараптама жүргізетін ұйымдардың жұмысына тоқталды. Ғани Қасымовтың айтуынша, бүгінгі таңда бұл салада жаңа кешенді жүйе енгізілген. Яғни сараптама жүргізетін ұйымдардың жұмысы бірыңғай мемлекеттік портал арқылы жүзеге асады. Дегенмен қазіргі таңда порталда тек төрт сараптамалық ұйым ғана тіркелген. Бұл дегеніңіз – бірыңғай мемлекеттік портал арқылы құрылыстың бүкіл жобаларын қарастырып, оған сараптама қорытындысын жасауға тек сол ұйымдар ғана ие деген сөз. Ал қалған сараптамалық ұйымдар тіркеуге қатысты мәселелерін шеше алмай әлек. Олай дейтініміз, аккредиттеуден өткен ұйымдар өздерін бірыңғай порталға қосудың ережелері туралы шынайы ақпаратты бірнеше апта бойы ала алмай келеді. «Өз кезегінде мұның соңы сараптамаға тапсырыс берушілердің порталға кіргізілмеген сараптамалық ұйымдармен бұған дейін жасасқан келісім-шарттарын бұзуына әкеп соғады. Бұл түсінікті де. Өйткені олар қағаз нұсқасында алынған сараптамалық тұжырымдар заңды негізге ие болмай және МСБҚ органдары құрылысқа рұқсат бермей ме деп алаңдайды», – деп атап өтті Ғ.Қасымов. Сайып келгенде мұның бәрі «Мемлекеттік сараптама» РМК нарықтағы бәсекені жекелеген сараптамалық ұйымдардың пайдасына қасақана шектеу арқылы монополияның дамуына әсер етіп отырғандығын айғақтайды. Сол себепті, мұны жекеменшіктің қолына беру керектігі айтылды.
Ал «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева бұл жұмыстың бүгінде жолға қойылғанын, биылғы жылдың қаңтар айында Сараптамалық ұйымдар палатасын құру туралы ұсыныстың жасалғанын және ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевпен ақылдаса отырып, ақпан айында аталған палатаның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанында құрылғанын жеткізді. Юлия Якупбаеваның айтуынша, Сараптамалық ұйымдар палатасына өңірлерден көптеген мәселелер бойынша өтініштер келіп түскен: «Солардың ішінде бірыңғай порталға енгізілмеген ұйымдарға қатысты сұрақтар да аз емес. Мұндай ұйымдар жұмысының тоқтауы олардың орасан зор зиян шегуіне себеп болған. Жұма күні өңірлерден келген сараптамалық ұйым өкілдерімен өткізген жиын қорытындысы бойынша уәкілетті органнан хабарласып, мемлекеттік орган және «Мемлекеттік сараптама» РМК-мен бірге аталған мәселелердің барлығын түгелдей қарап шығу үшін, үзіліс жасауға ұсыныс білдірді. Сондықтан біз жиын қатысушыларының рұқсатымен бүгінгі көтерілген және кәсіпкерлерді қызықтырған өзге де мәселелерге қатысты қорытындыны келесі отырыста қарастырсақ дейміз».
Осылайша мәжіліс қарары бойынша, бұл мәселеге бір айдан соң қайта оралу туралы шешім шығарылып, ал Ұлттық кәсіпкерлер палатасына оның орындалу қорытындысын қадағалауға өтініш білдірілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: