astana-view

Трансферттік баға ортақ методология бойынша белгіленуі тиіс

2016 жылғы 10 Наурыз
3434 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес отырысында мақта өнеркәсібіндегі трансферттік баға белгілеу мәселесі қаралды

Бұл жолы шағымданушы – мақта өндіру саласының белді өкілі «Яссы–Групп» ЖШС. Оңтүстік Қазақстан облысынан келген аталмыш компания директоры Юрий Камбаровтың айтуынша, «Яссы–Групп» ЖШС-тың Ресей Федерациясына жіберген 3600 тоннаға жуық мақта талшығына белгіленген бағада бұрмалаушылықтар бар. «2011 жылы біз Ресейге 3 600 тоннаға жуық мақта талшығын жөнелттік. Халықаралық тәжірибеде географиялық орналасуына байланысты әр мемлекетке қатысты арнайы трансферттік баға анықталған. Айталық, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне – ливерпульдік, ал Ресей Федерациясына ресейлік баға бекітілген. Тиісінше біздің тиелген жүгіміздің бағасы да солтүстіктегі көршіміздің нарығына сәйкес жүргізілді. Алайда арада үш жыл өткен соң, салықтық тексерулер нәтижесінде бізге А индексіне жататын ливерпульдік бағаны белгілеуі салдарынан ҚР Қаржы министрлігі мен ОҚО Мемлекеттік кіріс комитеті жалпы сомасы 194,4 млн теңге көлемінде салық сомасын төлеу туралы негізсіз ескерту берді. Біз өз әрекетіміздің заңды екендігін дәлелдеу мақсатында ОҚО Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шағымдандық. Олар өз кезегінде аталмыш ескертуді заңсыз деп танып, күшін жойғанымен, облыстық соттың сот алқасы бірінші инстанциядағы соттың шешімін өз қаулысымен бұзды», – дейді Юрий Камбаров.

Жергілікті сот нүкте қоя алмаған мәселе енді ҚР Жоғарғы сотына жіберілген. Яғни «Яссы–Групп» ЖШС ОҚО сотының апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі Сот алқасына өтініш берген. Сондықтан компания директоры ортақ методологиялық баға құруды және оны нақтылай түсуді сұрады. «Біз бағаға қатысты шешімімізді заңнама аясында жүзеге асырсақ, салық органдары мұны өзге бір тәртіптерге сүйене отырып Ресей нарығын ливерпульдік трансферттік бағамен есептеуді жөн көріпті. Дегенмен сіздердің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының араласуымен ортақ методология жасап шығарылды. Сөйте тұра, 2014 жылдан бері біздің компания 7 рет сот отырысына қатысты. Салық комитетінің өз ескертулерін қайта алуына байланысты сот отырысы үш рет тоқтатылды. Бірақ олар іс тоқтатылған соң, ескертуді қайта жібереді. Сол себепті енді іс Жоғарғы сотқа жіберілді», – деді кәсіпкер.

Жиын қатысушылары Жоғарғы соттың қарауындағы мәселеге араласа алмайтындықтарын айтып, сондықтан еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарымен ақылдасу керек деген ұсыныс та айтты. Отырыс қорытындысында мұндай мәселелерге бейжай қарауға болмайтындығы, сол себепті «жеті рет өлшеп бір рет кескеннің» артық болмайтындығы тілге тиек етілді. Осы мәселеге қатысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үндеуі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне, ҚР Бас прокуратурасына, Мемлекеттік кірістер комитетіне жіберілетін болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер