astana-view

Германияның бірқатар ірі өнеркәсіптік компаниялары Қазақстан экономикасына инвестиция құюға әзір - ИЖТМ

2014 жылғы 07 Наурыз
5114 просмотров

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Берлинге жұмыс сапары шеңберінде герман өнеркәсібі компания-флагмандарының жетекшілерімен келіссөздер жүргізді, деп хабарлады  primeminister.kz  ИЖТМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚР Президенті Н. Назарбаевтың тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмысты белсендіру туралы тапсырмасы аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев басқарған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен ГФР-ға келді. Берлиндегі экономикалық форумда Қазақстандағы германдық бизнесті әрі қарай дамыту бойынша жоспарлар талқыланды», - делінген хабарламада.

ИЖТМ мәліметі бойынша, өз кезегінде «Siemens», «Lanxess», «CLAAS Global Sales GmbH», «METRO AG», «Bosch GmbH», «Knauf», «HeidelbergCement» өкілдері ҚР-да жұмыс жасап жатқан және жоспарланған жобаларды көрсетті.

Қазақстанда жаңа жобаларды жүзеге асыруға өзінің қызығушылығы туралы «MAGNA EUROPA» (автоөнеркәсіп үшін қосалқы бөлшектерді өндіру), «EVONIC» (химия өнеркәсібі), «REM», «ROGESSA», «SGL Group», «ARUBIS», «QUAESTA CAPITAL», (барлығы - ТКМК-де), «SALZGITTER» (металл өңдеу) компаниялары мәлім етті.

«Қазақстан және Германия арасындағы бірлескен жобалардың жалпы қоржыны 92 жобаны қамтиды. Осы уақытта жалпы сомасы 700 млн. еуро құрайтын 12 жоба жүзеге асырылды», -делінген ресми хабарламада.

Әсет Исекешев кәсіпкерлермен кездесу кезінде хабарлағандай, Қазақстан индустрияландырудың 2020 жылға дейінгі екінші бесжылдығының бағдарламасын әзірледі, оның аясында ел үшін бұрынғыдай машина жасау, химия, металлургия салалары басым болып табылады. Яғни, Германияның артықшылықтары бар салалар. 

«Екі күндік бағдарлама бойынша экономикалық форум, Іскерлік кеңес және «ITB Berlin-2014» халықаралық туристік көрмесі секілді 3 ірі шараға қатысу, сондай-ақ Германия Үкіметінің мүшелерімен және Қазақстанда жұмыс істейтін ең ірі неміс концерндерінің, инжинирингтік компаниялар мен институттарының және әлеуетті инвесторлардың басшыларымен 15 екі жақты кездесуді өткізу жоспарланған», - деп түсіндірілген баспасөз қызметі хабарламасында. 

Германияның Вице-канцлері - Экономика және энергетика федералдық министрі Зигмар Габриельмен кездесу барысында тараптар өнеркәсіп, энергетика, геология және жер қойнауын пайдалану, ғылым және инновациялар салаларындағы, сондай-ақ «Индустрия 4.0» Германияны өнеркәсіптік дамытудың жаңа стратегиясы төңірегінде әріптестікті белсендіру мәселелерін талқылады.

Әсет Исекешевтің айтуынша, екі елдің ынтымақтастығын дамытуға мемлекет басшыларының келісімдері елеулі күш берді.

«Өткен жылы екі жақты сауданың көлемі дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерден асып, 6,5 млрд. еуроға жетті. ГФР-дің Орталық Азия мен Кавказдың 8 елімен бүкіл тауар айналымының 60% Қазақстанға тиесілі. Бізді жыл сайын кеңейіп жатқан сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң динамикасы қуантады. Сонымен қатар, менің ойымша, германдық компаниялар өз үшін Республикамыздың әлеуетін толық аша алмады», - деп белгіледі вице-премьер экономикалық форумда сөз сөйлеген кезде және анағұрлым белсенді жұмысқа шақырды.

Сапардың екінші күні қазақстандық делегация «ITB Berlin-2014» халықаралық туристік көрмесіне барып, ҚР ИЖТМ және ЮНВТО (БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының қысқартылған атауы) арасында «ЭКСПО-2017» аясында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер