astana-view

Бизнес жас талғамайды

2016 жылғы 14 Наурыз
- Астана қаласы
12249 просмотров

Кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге әртүрлі жастағы адамдар ұмтылуда

Астаналық Кәсіпкерлер палатасы базасындағы «Бизнес-кеңесші» курсын тағы бір топ тәмамдады. Бұл жолы бизнес-ликбезді әртүрлі жастағы 22 адам үйренді. Жергілікті колледждер мен ЖОО студенттері және бірнеше он жылдық тәжірибе арқалаған егде жастағылар бір залда бас қосты. Қатысушылардың бірі Гүлзада Бердиярова өмір бойы мұғалім болғанын, ал зейнеткерлікке шыққан соң, өз ісін ашу туралы ойлана бастағанын айтып берді. «Бизнес-кеңесші» курсы туралы жүгіртпелі жарнама арқылы хабардар болдым. Білім артықтық етпес деп шештім. Оған қоса  макарон өндіретін цех ашу бұрыннан ойымда жүрген. Астанада мұндай цех ашу орынды болар еді деп ойлаймын. Курс өте ұнады, көп пайдалы дүниеге қанық болдым. Бизнесті неден бастау керек, бүгінгі күні кәсіпкерлікті қолдаудың қандай шаралары бар, жобаны қалай қаржыландыруға болады деген сұрақтарға жауап алдым. Иә, топта түрлі жастағылар жиналдық. Дегенмен, ұстаз болғандықтан, мұндай орта мен үшін таңсық емес. Олармен бірге өмірдің қырларын тану қызықты, әрі қарым-қатынас орнату кезінде де жаңа дүниелер үйренуге болады», – деді ол. Оның айтуынша, кәсіпкерліктің өзге де қырларын үйренуді ол келесі «Бизнес-Өсу» курсында жалғастырмақ.

Ал ЖОО 3-курс студенті Айбек Рахманберді бизнес бағытын әлі таңдап үлгерген жоқ. Оның идеялары көп, мәселен Астана маңында көкөніс өсіретін жылыжай ашу. «Әзірге «Бизнес-кеңесші» курсын оқып алайын деп шештім. Оған өкінген жоқпын. Мұндай үйрету бағдарламаларының болғаны көңіл қуантады. Ал біз сияқты студенттерге оның тегін болғаны маңызды».

Жобаның бизнес-тренері Азамат Оңайбаев, өз кезегінде, түрлі жастағы қатысушылармен тіл табыса алу маңызды дейді. «Егер курста егде жастағы кісі білім алып жатса, оған көбірек көңіл бөлінуі тиіс. Адамдар көп жағдайда бұған түсіністікпен қарап жатады. Сондықтан қатысушылардың топпен жұмыс жасағанын жөн көремін. Олардың арасынан бір көшбасшы таңдап, қалғандары соған қарап әрекет ететіндей ұйымдастырамын. Осылайша олар топпен жұмыс жасауды үйреніп, өз мүмкіндіктерін бағамдай алады. Олардың ортақ тілін табу оңайға түспейді. Себебі бір аудиторияда бір уақытта ғылым кандидаты мен 2-3 курс студенті қатар отыруы мүмкін. Әркімнің түсінігі әртүрлі, бәлкім ғылым кандидаты пайдалануға болатын құралды толық білсе де, оны жүзеге асырмайды. Ал жастар, керісінше, білмесе де әрекет ете береді. Жастарда алға ұмтылыс басым, олар істі қайта бастауға ынталы. Бірақ біз «Атымтай Жомарт» емес, тек жөн сілтеуші ғанамыз. Курс педагогика емес, андрогогикаға негізделіп өтеді. Бұдан бөлек біз адам бойындағы әлеуетті дамытуға жәрдемдесеміз».

Еске салсақ, былтыр «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 17-29 жастағы қатысушылар саны 542 болса, 30-49 жастағылар – 366, 50-57 жастағылар – 84 болған. Сонымен бірге бастаушы кәсіпкер курсынан өткен 25 қатысушының жасы  57-ден асқандар.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер