astana-view

Кәсіпкерлікті игерген әйелдер қатары көбеюде

2014 жылғы 09 Наурыз
3776 просмотров

Семейде мемлекеттік бағдарламарға қатысушы нәзік жандылар қатары артып келеді.

Мұнда «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының 2-бағыты бойынша несие алып, өз ісін бастағандардың тең жартысы әйел кісілері екен. Жалпы бағдарлама іске қосылғаннан бері Семей қаласына қарасты 16 ауылдық округ бойынша 1 млрд. теңгеге жуық несие берілген.

Гүлмира Сүлейменова осыдан 4 жыл бұрын отбасымен Семейден Новобаженовка ауылдық округіне көшіп келіпті. Алайда ауылда да жұмыс бола қоймаған соң, азын-аулақ мал ұстап, ата кәсіпті игеруге ден қояды. Малдың қыр-сырына біршама қаныққан ол «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, ойсыл қара тұқымын көбейтуге бел буған. Қазір 2 ауылдасын жұмыспен қамтып отыр.

Гүлмира Сүлейменова, кәсіпкер:

- 2012 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 3 млн. теңге несие алып, 10 бас сиыр сатып алдым. Малым жылдан-жылға өсім беріп келеді. Етін, сүтін Семейге апарып сатамыз. Жұмыс істегісі келген адамдар үшін бұл бағдарлама өте тиімді. Пайыздық мөлшері төмен. Егер біз басқа несие алған болсақ, оны төлей де алмас едік.

Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты Анна Вальтерге де тиіп отыр. Ол Гүлмирада сауыншы болып жұмыс істейді. Ауылда екі қолға бір күрек табу қиын. Сондықтан осындай бағдарламалардың бар екеніне разылығын жеткізді.

Анна Вальтер, сауыншы:

- Мемлекеттің бізге осылайша жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырғаны өте жақсы болды. Мысалы Гүлмираның арқасында біз де жұмыс таптық. Мен сиырларды күніне екі рет сауамын. Жалақымды уақытылы алып тұрамын. Ауылда жұмыс жоқ. Күнкөріс үшін бұл бағдарламаның ауылдықтарға пайдасы зор болып тұр.

Жергілікті биліктің айтуынша, Гүлмира сияқты өз ісін бастап, өзіне де өзгегеге де  пайда келтіріп жүрген жандардың ішінде әйелдер қауымының саны басым. Жалпы бір ғана Новобаженовка ауылдық округінде 2011 жылдан бері 114 млн. теңгеге 47 жоба іске қосылған екен.

Нұрланбек Меңдекин, Новобаженовка ауылдық округінің әкімі:

- Осы бағдарламаның арқасында 2 жылдың ішінде 39 жұмыс орны ашылып, көптеген ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып жатыр. Жаңа жылдан бері 16 адам несие алуға өтініш білдірді. Олардың 50%-ы әйел адамдары.

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Шығыс Қазақстан облысында несиелік пайыз төмендеп отыр. Ауылды қаржылай қолдау қоры арқылы 6%-бен берілсе, несие серіктестігінің пайызы 7-ден 6,5-ке төмендетілген. Сондықтан бағдарламаға қатысушы ауылдықтар санының арта түсетініне сенімдіміз дейді мамандар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер