Үздік бизнес-тренерлер тегін кеңес береді
Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен «Tarlan PM Group» компаниясы бірігіп, «ШОБ-ке арналған дағдарысқа қарсы апталық» жобасын іске асырды
Жағдайды қалай басқару қажет және экономикалық құлдырау кезеңінде компанияның бірінші басшылары қандай стратегияны қолданған дұрыс? Жұмысын жаңа бастаған және қызметі жөнге қойылған кәсіпкерлердің қарапайым қателіктері неде? Компания банкротқа ұшырау алдында тұрған жағдайда не істеу керек?
Осы жылдың 15 ақпанынан бастап Қазақстанның ең үздік бизнес-тренерлері Зарина Биюмбаева, Сәкен Сәдуақасов, Алуа Қоқанова, Федор Голиков және өзгелері алматылық кәсіпкерлердің өтінімдерін қабылдады. Нақты өтініштер негізінде сарапшылар негізгі мәселелерді жүйелеп, бизнесті басқарудағы қателіктерді сынға алды.
«Біздің компания – шамдар мен электр сымдарының дистрибьюторы, біз нарықта бірінші жыл жұмыс істеп отырған жоқпыз. Бүкіл тауарды өзіміздің Ұлыбританиядағы серіктесімізден әкелеміз. Девальвацияға байланысты біздің тауарлардың бағасы бірнеше есеге өсті, фунт стерлингтің қанша есе өскені баршаңызға белгілі. Негізгі клиенттеріміз – Батыс Қазақстандағы мұнай компаниялары серіктестіктен бас тартты. Басшылықтың жұмыс орындары мен жұмысшылардың жалақысын қысқартқаннан басқа шарасы қалмады. Tarlan PM Group сарапшыларының көмегіне жүгіне отырып, негізгі қателіктеріміздің неде екенін түсіндік. Біріншіден, өз сайтымызды тікелей тапсырыс беру мүмкіндігімен жаңғыртуымыз қажет, өз клиенттерімізбен жиі кездесіп, келіссөздерге жиі баруымыз керек, түрлі науқандар мен жеңілдіктер және тағы да басқа сауда тәсілдерін ұсынуымыз қажет» – деп «Аплайд Технолоджиз Инкорпорэйтед» ЖШС өкілі өз ойымен бөлісті.
Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы қаржылық емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Марьям Хасанова да кеңесшілерге өз алғысын білдірді. «Tarlan PM Group» мамандарының Алматы қаласының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жетілуіне өлшеусіз көмек көрсеткендігін көбі біле бермейді. Сарапшылар КҚКО-ның жұмысын жүйелеуге тегін көмек берді, біздің қызметкерлерді оқытты, өздерінің жетілдірілген тетіктерін енгізді. КҚКО жүйелі ретпен жұмыс жасай бастады, ең бастысы клиенттер риза» – деді ол.
«Tarlan PM Group» компаниясы нарықта бірінші жыл жұмыс жасауда, бірақ онда АҚШ, Үндістан, ҚХР, Жапония, Германия, Ресей елдеріндегі басқарушылық міндеттерді 20 жылдан бері шешіп жүрген үздік тренерлер бас қосқан. «Бір жыл ішінде 15 ірі жоба әзірледік, тағы 3 жоба дайындалу үстінде. Өз әдістемемізде тар шеңбердегі салалар сарапшыларының қорытындыларымен бірге «Табиғи Басқару Жүйесі» авторлық әзірлемесін пайдаланамыз, мұндай тәсілдің баламалы түрлері дүние жүзінде жоқ»,– дейді «Tarlan PM Group» директоры Зарина Биюмбаева.
«Аталған компания бизнес-тренерлері көрсеткен қызметтер құны миллиондаған теңгені құрайтындығын, ал «ШОБ-ке арналған дағдарысқа қарсы апталық» жобасы кезінде барлық компаниялардың тегін тестілеуден өткізіліп, зерттелгендігін атап өткіміз келеді. Сіздерге қомақты қаржыларыңызды үнемдеп, сонымен бірге өз бизнесіңізді жақсы жағына қарай түбегейлі өзгерту мүмкіндігі ұсынылды», – деп атап өтті Алматы Кәсіпкерлерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Құдайберген.
Іс-шараға шақырылған қонақтардың қатараында Алматы қ. әкімдігі, екінші деңгейлі банктердің, даму институттарының, «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның өкілдері мен алматылық бизнесмендер болды. Іс-шара қорытындылары бойынша компания сарапшылары кәсіпкерлерді серіктестікке шақырды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жобаның негізгі мақсаты – кәсіпорындарға консалтингтік көмек көрсету және Алматы қаласының іскерлік белсендігін қолдауға қол жеткізілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: