astana-view

Алматы облысында сомасы 1,6 млрд-тан астам теңгеге тең нысандар заңдастырылды

2016 жылғы 18 Наурыз
- Жетісу облысы
7758 просмотров

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Алматы облысындағы мүлікті заңдастыру барысы» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті

Пікір-сайыс модераторы Палатаның құқықтық бөлім сарапшысы Рақым Жанысов болды. Оның айтуынша, Кәсіпкерлер палатасы өз капиталын заңдастыру ниетін білдірген бизнесмендерге арналған толыққанды құқықтық  көмек көрсетіп отыр.

Бұл ел тарихындағы үшінші заңдастыру екенін еске салайық. Қазіргі таңда республика бойынша 79 мың өтініштер қабылданып, 893 млрд.теңге заңдастырылған. Жылжымайтын мүлікті, ақшалай қаражат пен өзге де мүліктің ауқымды түрде заңдастырылуы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғаспақ.

Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысы Нағипа Абдуллинаның айтуынша, облыс бойынша нысандар 1,6 млрд.-тан астам теңгеге заңдастырылған. «28 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Ол ел бойынша келіп түскен өтініштердің 35%-ы. 160 969 млн. теңге немесе Қазақстанда заңдастырылған нысандар құнының 25%-ы заңдастырылды. Заңдастырылған ғимараттардың көбі тұрғын жайлар. Бұл көрсеткіштер өңір тұрғындарының өз мүлкінің заңды дәрежесін орнату процесіндегі белсенділігін көрсетіп отыр», – деді Басқарма басшысы.

Дөңгелек үстел барысында заңдастыруға жататын құжаттар тізімі мен оларды қабылдау ережелері туралы «Stynergy» ЖШС директорының орынбасары Серік Әбдрахмановтың сауалы қаралды. Алматылық бизнесмен ғимаратын заңдастырмақ ниетте. «Нысан 2014 жылдың 1 қыркүйегінен кейін салынған, ал заңдастыру осыған дейін салынған мүліктерді заңдастыруды қарастырады. Сондықтан сіз өз өтінішіңізді бұдан ары қаралуы үшін жергілікті атқарушы органға баруыңыз керек», – деп түйіндеді Рақым Жанысов.

Сондай-ақ ол заңдастыруға құжаттар пакеті қажет екенін, ал өтініштер болса бес жұмыс күні ішінде қаралатынын жеткізді. Дөңгелек үстел соңында мамандар азаматтарды мүлікті заңдастыруға белсенді қатысуға шақырды. Қазақстандықтар өз мүлкін осы жылдың аяғына дейін заңдастыра алатынын еске саламыз. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер