astana-view

Біз шынайы әрі тиімді сот төрелігін таңдаймыз

2016 жылғы 24 Наурыз
- Алматы қаласы
7544 просмотров

Алматыда «Атамекен» ҰКП ҚР Төрелік және аралық тексеру орталығының мүмкіндіктері көпшілік назарына ұсынылды

Алматының Кәсіпкерлер палатасында «Атамекен» ҚР ҰКП жанындағы Төрелік орталығының қызметі туралы айтылды. Соттар үшін балама қызметін атқаратын аталған құрылым «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан 2014 жылдың шілде айында, «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңға сәйкес құрылған. Аталған кезең ішінде Төрелік орталығында кәсіпкерлердің ондаған істері қаралып, шаруашылық жүргізуші 20 субъектінің арасындағы даулар реттелген.

«Қазіргі таңда төрелік орталығына жүгінген тиімді әрі қолайлы болып отыр. Бұл даулы мәселелерді мемлекеттік сотта қарағаннан гөрі әлдеқайда тиімдірек, оңай әрі тез»,– дейді «Атамекен» ҚР ҰКП Төрелік және аралық тексеру орталығының бас хатшысы Асқар Қалдыбаев.

Төрелік орталығының басты  артықшылықтары қысқа мерзім ішінде азаматтық-құқықтық дауларға қатысты түпкілікті және дербес шешімнің қабылдануы болып табылады (орташа есеппен 2 ай ішінде). Онда шағым түсіру үшін қосымша инстанциялар – апелляция, кассация болмайды. Төрелік құрамында бір немесе үш төреші болады, сондай-ақ төреші заңгер де емес (қарастырылатын салада білімі бар кез келген сарапшы), ҚР резиденті де емес (халықаралық тексеріс жағдайында) болуы мүмкін. Бүгінде Төрешілер тізбесіне жоғары санаттағы 76 білікті маман – заң ғылымдарының профессорлары, докторлары және кандидаттары, Корольдік төрешілер институтының магистрлері мен мүшелері кіреді.

Төрелік орталығындағы сот төрелігінің тағы бір сөзсіз басымдығы – дауды шешудің қолайды әрі икемді процедурасы. Мәселен, даулар тараптардың көзбе-көз қатысуы жағдайында, сонымен қатар сырттай да – тараптардың қатысуынсыз ұсынылған материалдар негізінде, сондай-ақ онлайн әдісімен де қарастырыла береді. Бұл әдіс талап қоюшы мен жауапкердің көлік шығындарын, ал ең бастысы екі тараптың да уақытын үнемдеуге септігін тигізеді.

«Төрелік орталығы шешімінің орындалуы-орындалмауына қатысты алаңдаудың қажеті жоқ. Әдетте, ол ерікті түрде орындалады. Алайда жекелеген жағдайларда төрелік шешім мемлекеттік соттан атқарушылық парағын алу және сот орындаушыларын тарту арқылы мәжбүрлі түрде де орындалуы мүмкін. Істі қарауға кеткен шығындарды дау-дамайдың тараптары көтереді. Ақша алымдарының мөлшерлері мемлекеттік соттардың баж салығынан төмен. Талап-арыз беру барысында талап қоюшы 60 мың теңге сомасында тіркеу алымын және төрелік алымын (шағымның көлеміне қарай 0,5 бастап 2% дейін) төлейді»,– деп толықтырды Асқар Қалдыбаев.

Орталықтың таяу уақыттағы басты жоспары төреліктің істі қарастыру саласына корпоративтік дауларды қосу болып отыр. Әзірге олар тек мемлекеттік сотта қарастырылуда. Бұл жаңалық заңнамаға өзгертулер енгізуді қажет етеді, бүгінде аталған ұсыныс сарапшылармен қаралуда. Қазақстанның 156 мемлекеттің құрамында төрелік шешімдерді мақұлдау және орындау бойынша Нью-Йорк конвенциясының құрамына кіретіндігін атап өткен жөн, сондықтан Төрелік орталығының шешімі шетелде заңды күшке ие болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер