astana-view

Әлеуметтік кәсіпкерлер күш біріктірді

2016 жылғы 25 Наурыз
- Астана қаласы
10785 просмотров

Ел астанасы Астана қаласында әлеуметтік кәсіпкерлер бұдан ары бірлесе қызмет жасау жөніндегі консорциум құрды

Осыған байланысты ұйымдастырылған арнайы кездесуге әлеуметтік жобаларды дамытуға атсалысып жүрген Алматы, Астана және Орал қалаларынан жиналған кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Кездесу барысында олар Қазақстандағы әлеуметтік делінетін кәсіпкерлік түрін қалыптастыру мен дамыту үшін шешілуі қажет бірқатар мәселелерді талқыға салды.

Кездесу мен консорциум құруды «Аспан Арыстаны» қайырымдылық қоры» мен «BestforKids» қоғамдық қорларының белсенділері ұйымдастырған.

«Бүгінгі күні Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымының өзектілігі күн өткен сайын артуда. Консорциумның құрылуы Астана қаласында, сондай-ақ бүкіл Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған тиімді ізденіс пен бірлескен серіктестік шешімдер шығаруға септігін тигізеді деп сенеміз», – деді «BestforKids» қорының вице-президенті Эмин Әскеров.

Айта кету керек, әлеуметтік кәсіпкерлердің қызмет түрлері алуан түрлі. Мәселен, алматылық Дамира Бекмұхамедова екі жобаны қолға алған. Олар – «Шебере» қолөнер шеберханасы мен «From Kazakhstan with love» (Қазақстанда махаббатпен жасалған) бренді.

«Біз өзімізді әлеуметтік кәсіпкерлер қатарына жатқызамыз. Себебі, табыс табудан бөлек, кез келген адамдарға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға тері, ағаш, киізден кәдесый бұйымдарын жасауды үйретеміз. Яғни, адамдарды мамандыққа баулимыз. Екіншіден, колөнер шеберлерінің өнімдерін өткізу мәселесін шешіп береміз. Біз «Қазақстанда махаббатпен жасалған» деген атпен сайт аштық, онда барлық өнімдер сатылымға қойылған. Бүгінгі таңда бұл ресми тіркелген Қазақстан бренді. Бұдан басқа, біздің жобаларымыз қазақтың ұлттық қолөнер түрлерін қайта жаңғырту секілді аса маңызды міндетті атқарып отыр», – деді Дамира Бекмұхамедова.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау жөніндегі «Үнсіз әлем» қайырымдылық қорының белсенділері құрған шығармашылық жұмыстар көрмесі де оқыту және өнімдерді өткізу секілді міндеттерді атқарып келеді. «Көрме 2011 жылы әкімдік қолдауымен құрылған. Бүгінгі күні біз шеберлеріміз жасаған өнімдерді сату арқылы, көрме мен оған арналған ғимаратты жалға алу шығындарын толықтай жабуға мүмкіндік алдық. Осы жылдар аралығында біз көптеген мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытып, оларға мамандық бердік. Полимерлік сазбалшықпен жұмыс жасау және компьютермен кестелеу бізден басқа еш жерде оқытылмайды. Қазіргі таңда алдымызда тұрған басты міндет – олардың біліктілігін арттыру», – деп айтып берді қордың сурдоаудармашысы Ләззат Құдайбергенова.

Консалтингтік фирма басшысы Жанна Дүйсенова Павлодардағы өзі бизнес-кеңесші ретінде қолдау көрсетіп тұратын қор туралы әңгімеледі.

«Павлодарда церебральді сал ауруына шалдыққан балаларға массаж жасау орталығы ашылып, онда массаж жасауға, оның ішінде зағип жандарды да осы мамандыққа оқытады. Бұл өте жақсы жоба! Үш айлық жұмыс өз нәтижесін берді – бұған дейін жүре алмаған бірнеше бала аяқтан тұрды. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру аясын кеңейтуге көрсетілген көмек. Мәселен, церебральды сал аурына шалдыққан баласына массаж жасауды үйренген ана оны өз баласына ғана емес, өзге де балаларға жасайтын болады. Жоба авторлары осыған ұқсас массаж орталығын Астана қаласында да ашуды көздеп отыр. Бұл біздегі бизнес үшін әлі қолға алына қоймаған жақсы ниша. Мен қолдап отырған тағы бір жоба – бұл ТМД-дағы бірегей тренинг-кафе. Онда ментальды ауытқулары бар белгілі бір бейімделуден өткен жандар жұмыс жасайды. Аталған жоба ментальды ауытқулары бар жандарды әлеуметтендіру бойынша үлкен миссияны арқалап келеді», – деді Жанна Дүйсенова.

Тәжірибесі мол бизнесмен әлеуметтік кәсіпкерліктің болашағы зор және оған халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобын қатыстыру қажет деп санайды. Осылайша, мемлекет олардың материалды қамсыздандыруы жайлы бас қатырмайтын болады.

«Бірақ мұны мемлекет пен тәжірибелі бизнесмендердің күш біріктіру арқылы іске асыруға болады. Олар бизнестің бұл түрінің әлеуетті әрі перспективті екеніне көз жеткізуі керек, сонда ғана оны қолға алатын болады. Сол себептен бұл жаңа бағытты барынша танытуымыз керек», – деп сенім білдіріп отыр Жанна Дүйсенова.

Бизнестің дәстүрлі түрімен айналысатын Ырзабек Өтебаев та әріптесінің сөзін құптап отыр. Ол әлеуметтік кәсіпкерлерді қарапайым бизнесте қолданылатын ілгерілету құралдарын белсендірек пайдалануға шақырды. «Даму үшін алдымен нарықты зерттеп алу керек. Қазіргі күні не сұранысқа ие, бұл секторда бәсекелестер бар ма деген сияқты. Сұраныс болуы үшін өзекті өнім өндіруге талпыну керек, сонда ол өтпей қалмайды. Әлеуметтік кәсіпкерлердің көптеген проблемалары білімнің және бизнесті жүргізу қабілетінің жоқтығынан туындайды деп есептеймін. Бұл тұста тәжірибелі кәсіпкерлер көмегі қажет. Консорциум құру – жақсы идея, айтылған пролемаларды шешу үшін ауқымды талқылау алаңы қажет», – деп пікір қосты Ырзабек Өтебаев.

Проблемалар тұтастай алғанда бірнешеу – әлеуметтік кәсіпкерліктің құқықтық алаңының жоқтығы және соның салдарынан туындаған жеңілдіктер мен артықшылықтардың болмауы, ғимаратты сатып алу мен жалға алу қиындығы, қолөнер бұйымдарын сату проблемалары.

«Консорциум аясында алдағы міндеттерді орындау жеңілдейді деп сенеміз. Кездесу қатысушылары әлеуметтік кәсіпкерлер өндіретін өнімге пайдалануға болатын логотип жасау туралы ортақ бастама көтеріп отыр. Ел астанасы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуда өзгелерге үлгі болатынына сенімдіміз, себебі мұнда Үкімет те, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да жанында. Бұл тұрғыдан алғанда Астана өңірлер үшін локомотивке айналуы тиіс», – деп қорытындылады «Аспан Арыстаны» қайырымдылық қорының» ҚҰ атынан келген Жания Шаукенова. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер