astana-view

Инвесторларды дипломаттар арқылы тартамыз

2016 жылғы 28 Наурыз
9973 просмотров

Астанада ҚР СІМ және «Атамекен» ҰКП қолдауымен құрылған Дипломатиялық бизнес-клубтың мәжілісі өтті

Бұл жолы Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссия басшыларына Ақтөбе облысының инвестициялық жобалары таныстырылды.

Іс-шараны ұйымдастырушылар атап өткендей, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Сыртқы істер министрлігінің қамқорлығымен құрылған Дипломатиялық бизнес-клуб танымал алаңға айналып үлгерді, соның негізінде қазақстандық тарап барынша тартымды жобалар туралы ақпаратты дипломатиялық корпусқа жеткізу мүмкіндігіне ие болды, өз кезегінде, олар тұрақты түрде өз астаналарын хабарландырып отырады.

Мәжіліс барысында өңірдің тағам, тау-кен өндіру, химия өнеркәсібі, металлургия және қонақүй бизнесі саласындағы жалпы құны 1,2 млрд АҚШ доллары тұратын 11 инвестициялық жобасы таныстырылды. Сондай-ақ, құны 104,7 млрд теңге тағы 6 жоба 2016 жылы іске асырылады деп жоспарлануда, оның ішінде шетелдік инвестициялардың қатысуымен, – цемент, никель зауыттары және қатты тұрмыс қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын бар.

Ақтөбе облысының әкімі инвестициялық тұрғыдан барынша тартымды бағыттардың бірі ретінде ауыл шаруашылығын, атап айтқанда, Ресейге экспорттау мақсатымен ет-сүт өнімдері өндірісін атап өтті.

«Бүгінгі күні біз етті Ресейден сатып алмайтын болдық, керісінше, өзіміз экспорттаймыз, қазірдің өзінде 5 мың тонна жөнелттік. Бірақ, әрине, ет-сүт өнімдерінің өндірілетін көлемі эскпорттау үшін әлі де жеткіліксіз және де біз қазір экспорт көлемін 20 мың тоннаға жеткізу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Мәжіліске қатысқан «Алтын дала» асыл тұқымды мал шаруашылығының басшысы Сандыбай Әлитұрлиев өз қожалығын кеңейту мақсатында инвесторлар табатынына сенімді екенін айтты.

«Біздің 8 мың гектар жеріміз бар. Өзіміздің мал шаруашылығы базамыз, 1200 бастан аса ұсақ қара малымыз және 100-ден аса мүйізді ірі қарамыз бар. Бизнесті бордақылау кешенін салу және етті Қытайға экспорттау есебінен  кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Сол себепті бізді осы елдің инвесторлары қызықтырады. Қазіргі күні өз өнімдерімізді Ресейге экспорттаудамыз»,– дейді Сандыбай Әлитұрлиев.

Астана қ. Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі, Инвесторлар альянсының президенті Азаматхан Әміртаев бүгінгі мәжіліске Альянстың әлеуетті инвесторлары арасынан екі серіктес – швейцариялық және ресейлік компаниялар қатысып отырғанын атап айтты.

«Бұл инвесторларды қаржы құралдарын басқару саласындағы салымдар, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешені қызықтырады. Сондықтан да бүгінгі күні мемлекет шағын және орта бизнесті дамыту үшін үлкен көмек көрсетіп отыр», – деді Азаматхан Әміртаев.

Өз кезегінде швейцариялық инвесторлар тобының өкілі Дмитрий Ивенко өз компаниясында бұған дейін де қазақстандық жобаларға салым салудың сәтті тәжірибесі бар екенін атап өтті.

«Кезінде бізде ТМД елдеріне, оның ішінде Қазақстандағы жобаларға 150 миллион доллар инвестициялаған қорымыз болды.  Бүгінгі таңда біз 500 млн долларға жуық қаржыға сүйеніп әрекет етеміз, олардың 50 миллионға жуығын 150 миллион долларға дейін өсу мүмкіндігімен ТМД елдеріне, Қазақстанға салатын боламыз. Сонымен қатар, бізді халықаралық қаржы орталығы қызықтырады. Сол арқылы инвесторлар ағынын тарту мүмкіндігі Қазақстанда капитал нарығын дамытуға және жанама түрде – сіздердің елдеріңізге капитал ағыны құйылуына орасан зор түрткі болады деп есептеймін», – деді  Дмитрий Ивенко.

Дипломатиялық бизнес-клуб өткен жылы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың дипломатиялық корпуспен кездесуінің нәтижесінде құрылғанын еске сала кетейік.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер