astana-view

Палата темір жол мамандарын даярлауға атсалыспақ

2016 жылғы 31 Наурыз
- Алматы қаласы
11260 просмотров

Алматыда «Теміржол кәсіпорындарына мамандар даярлауда дуальды технологияны енгізу» жобасының таныстырылымы өтті

Маман тапшылығы – Қазақстанның темір жол саласындағы ең өзекті әрі мемлекеттің араласуын талап ететін мәселе. Сарапшылардың бағалауынша, пойыздық және маневрлік жұмыстағы ақаудың 90 пайызы кәсіби білімнің төмендігінен, жұмысшылардың қажетті деңгейде машықтанбағандығынан болады екен. Осыған байланысты ҚР БҒМ Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының қатысуымен «Теміржол кәсіпорындарына мамандар даярлауда дуальды технологияны енгізу» жобасын қолға алған еді. Бағдарлама Алматы теміржол көлігі колледжінде ұйымдастырылған дөңгелек үстелде таныстырылды.

«Қазақстанның стратегиялық салаларының біріне мамандар даярлау кәсіпорын талаптарына барынша сай келетіндей болуы қажет. Дуальды білім беру жүйесін енгізу – еңбек нарығын қажетті мамандармен толықтырудың тиімді әдісі. Бұл жүйедегі оқу орны мен білім беру процессінің 60 пайызын құрайтын оқу жоспарындағы тәжірибелік бөлім өтетін кәсіпорын арасындағы тікелей байланыс басты артықшылыққа айналуда. Кәсіпорын тәжірибе жинақтаушы үшін тәлімгер (нұсқаушы бөлімдердің, бөлімшелердің бастықтары болуы мүмкін) бөлуге міндетті, оған еңбекақысына 30%-ға дейінгі сомада үстемақы төленеді. Басшылықтың шешіміне байланысты, тәлімгерге де 1 минималды еңбекақы көлемінен кем емес өтемақы төленуі мүмкін. Оқуды тәмамдаған соң тәлімгерлер Кәсіби білімі туралы куәлікке ие болады. Дуальды оқыту жүйесінің басты шарттарының бірі – оқуды бітірген түлекті міндетті түрде жұмыспен қамту. Кәсіпкерлердің дуальды білім беру бағдарламасына қатысу туралы өтінімдері барлық процесстерді үйлестіретін Алматының Өңірлік кәсіпкерлер палатасында қабылданады», – деп хабарлады таныстырылым барысында Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Вера Цзин.

«Қазіргі жоғары оқу орындарындағы маман даярлау сапасы, шынын айтқанда, бізді қанағаттандырмайды. Кешегі түлектерді, тағылымгерлерді қайта оқытуға тура келеді, оған кәсіпорынның артық уақыты мен қаражаты кетеді. Мына білім беру жүйесін нағыз дер кезіндегі әрі қажетті шара деп есептеймін. Алайда, күрделі экономикалық ахуалға байланысты, біздің компаниямызда да шығындарды, соның ішінде қызметкерлерге төлемдерді оңтайландыру жүргізілді. Бұл бағдарламаға оқушыларға өтемақы төлемей қатысу мүмкін бе?», – деп сұрақ қойды «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Алматы Электрмен жабдықтау Дистанциясы» филиалының директоры Біржан Ахметжанов.

«Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі экономикалық жағдайларды ескере отырып, бұл бөлім түзетілді. Өтемақы кәсіпорынның шешімімен төленеді. Дәл қазіргі уақытта бізге студентті оқыту мен одан әрі жұмысқа орналастыру мәселесі маңызды», – деп жауап берді Вера Цзин.

Шараға Алматы қаласы колледждер қауымдастығының президенті Жантілеу Азисханов, Алматы теміржол көлігі колледжінің директоры Алмаз Қалиевпен қоса, вагон депосы, локоматив депосы, Алматы вагон жөндеу зауыты сияқты салалық қауымдастықтар мен кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Алматы қаласында темір жол саласына маман даярлайтын 4 колледж жұмыс істейді: Алматы теміржол көлігі колледжі, Алматы мемлекеттік көлік және коммуникациялар колледжі, Алматы техника-экономикалық қатынас жолдары колледжі мен М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Алматы көлік Колледжі.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Алматы қаласы Білім басқармасымен, арнайы орта білім беретін оқу орындарымен және кәсіпкерлермен белсенді әріптестігінің арқасында, Алматы қаласында полиграфия және баспахана, жиһаз және ағаш өңдеу, тағам, жеңіл өнеркәсіп, салалық қауымдастықтардың жанынан құрылған туризм индустриясы кәсіпорындарына арналған 5 оқу-әдістемелік кластері жұмыс істеуде. Айта кетерлігі, бұл оқу-әдістемелік кластерлері тек қана Алматы қаласында ашылған. Білім берудің дуальды жүйесі жол картасын жүзеге асыру аясында 2033 маманды даярлау жөнінде 47 кәсіпорынмен және 32 колледжбен 80 шарт жасалды. Инновациялар және карьералық өсу ресурстық орталығы, Электр энергетикасы саласындағы кәсіпорындар үшін мамандар даярлау, қайта даярлау, мамандардың біліктілігін арттыру ресурстық орталығы, 38 базалық кәсіби бағдарлау кабинеттері, 8 жас кәсіпкер мектебі жұмыс істейді. 19 950 маманға сұраныс анықталып, 1742 сала мамандарының тағылымын, біліктілігін жетілдіру мен қайта даярлау ұйымдастырылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер