astana-view

Кез келген істің шебері бол

2016 жылғы 01 Сәуір
- Жетісу облысы
10717 просмотров

Колледжде оқитындар үшін сұранысы бар мамандықтар туралы мол мағлұмат

Талдықорғандағы агротехникалық колледжде техникалық мамандықтардың артықшылығын баяндау мақсатында, «Менің мамандығым – менің мақтанышым!» деген ұранмен жыл сайынғы «Болашақ маман – 2016» атты байқау өткізілді.

Байқауға «экология мен қоршаған ортаны қорғау», «есеп пен аудит», «ақпараттық жүйе», «ветеринария, радиоэлектроника мен байланыс», «сүт өнімдерін өндіру», «нан-тоқаш, макарон мен кондитерлік өнімдер» мамандықтарының студенттері атсалысты.   

Байқау төрт кезеңнен тұрды. Қатысушының кәсіби біліктілік тұрғысындағы білімі, жаңашылдығы, логикалық ойлауы сыналды. Әрбір қатысушы болашақ мамандығының моделін қолдан жасап, соны қорғады. Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ардақ Қашқарованың айтуынша, колледж ішілік мерекелерде тек осы жердің түлектері ғана емес, мектеп оқушылары және кәсіпорындардың өкілдері де қатысса байқаудың берері мол болар еді.

«Колледж оқушылары аудан мен облыс аймағындағы кәсіпорындар туралы бәрін білуі керек, сұранысқа ие мамандықтардан хабары болғаны маңызды, ондай мамандықты қай оқу орны оқытатынын, еңбек етіп жүрген адамдар  туралы ақпары болуы тиіс, олардың сол мамандықты игеруі арқылы жеткен жетістігі хақында білгені жөн. Осының бәрін білсе, жеткіншектің өз мамандығына деген көзқарасы күрт өзгереді. Сондықтан мұны үйретуді мақсат ету керек. Олардың ойын түзейтін көкжиекті көрсету қажет. Сонда түлектер мамандық таңдауға салмақты келетін болады», – дейді сарапшы.

Байқаудың нәтижесі бойынша ветеринария бөлімінің студенті техникалық мамандықтар арасында топ жарып, үздік атанды. Екінші, үшінші орынды «есеп пен аудит» және «ақпараттық жүйе» мамандықтарының студенттері  бөлісті.

Кәсіпорындарда жасалған сауалнама бойынша Алматы облысында мынадай мамандықтарға сұраныс үдеп отыр:

Тас қалаушылар, бетон құюшылар, арматурашылар, кран жүргізушілер, шатыр жабушылар, жүк ілушілер, электр-газбен дәнекерлеушілер, фрезер жасаушылар, трактор-машинистер, электр дәнекерлеушілер, темір ұсталары. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер