astana-view

«Қара» тізімге ілінбес үшін, заңнаманы парақтаңыз

2016 жылғы 01 Сәуір
- Жетісу облысы
11467 просмотров

Заңды білмегендіктен, кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу порталының жауапсыз қатысушылар тізіліміне бірден ілігіп кетуде

Палатаның құқық бөлімінің сарапшылары мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушылары тізіміне кәсіпкерлердің заңсыз енгізілгендігі туралы шағымдардың жиілеп кеткендігін алға тартады.

Бұған басты себеп – қаржы министрлігінің жаңа бұйрығымен таныспаулары. Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың басынан «Мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастырудың және оны жүргізудің ережесін бекіту туралы» құжат қолданысқа енген еді. Осыған сәйкес, 3 жұмыс күнінің ішінде шартты ұсынбаған жеткізуші қара тізімге енгізіледі. Анықталғандай, кәсіпкерлер шартты қандай электронды поштаға жіберу керектігін білмейтін болып шықты.

«Анықтап айтар болсақ, шартқа отыру барысында бір дереккөз немесе конкурстың бағалық ұсыныстарға сұрау салу әдісі бойынша жеңіске жеткен нақты жеңімпазы шартты мемлекеттік сатып алу порталының поштасына жібереді. Яғни, mail.ru поштасына емес, жеке кабинетке жіберіледі», – деп анықтап берді Айдар Қажымұқан

Мәселен, жақында Палатаға компаниясы жауапсыз жеткізушілер тізіміне ілігіп кеткенін көріп, аң-таң қалған ЖК директоры келді. Одан бұрынырақта ол өткізілген конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз атанған еді. Бұл туралы ескертпе алған ол, тапсырыс берушіге бірнеше рет телефон шалып, қол қою үшін шартты әкелуін сұраған. Алайда, тапсырыс беруші шартты ЖК-ның поштасына жібергендін айтқан.

«Жеңімпаз шарт mail.ru поштасына жіберілген екен деп ойлап, күтіп жүрген. Алайда, тапсырыс беруші қаржы министрінің бұйрығына сәйкес, шартты ЖК-ның поштасына мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жіберген. Шарт ЖК поштасына келіп түскеннен кейін 3 жұмыс күні өткен соң, шартқа қол қойылмағандығына байланысты, уәкілетті органның шешімімен оны бірден мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы тізіліміне енгізіп жіберген», – дейді маман.

Сарапшылардың мәліметі бойынша, 2016 жылдың бірінші тоқсанында заңнаманы білмегендіктен, Алматы облысы кәсіпкерлерінің 7-9%-ы  мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы тізіліміне енгізілген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер